Қоғам • Бүгін, 08:38

Алғыс арқалаған әкім

10 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Өзбекстанмен шекаралас Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауыл округінде орталықтандырылған ауызсу жүйесінің болмауы тұрғындарға қиындық тудырып келген-ді. Ауыл тұрғындары ұзақ уақыт бойы ашық су көздері мен жеке құдықтарды пайдаланып, тасымалдау арқылы ауызсумен қамтылған еді. Мемлекетке қайтарылған активтер есебінен Жібек жолы, Зортөбе, Сарқырама, Жаңақұрылыс және Қарабау елді мекендерінде ауызсу жүйелерінің құрылысы жүргізіліп, нәтижесінде аталған ауылдар сапалы ауыз­сумен қамтамасыз етілді. Ауызсу ғана емес, ауылдар бүгінде тұрғындардың жайлы тұрмысына қажетті сапалы инфрақұрылыммен қамтылған.

Алғыс арқалаған әкім

«Тұрмысымыз көршілерімізден де, қалалықтардан да жақсы. Ауызсу, жарық, жол, газ сынды инфрақұрылымдық мәселелер толық шешімін тапқан. Жал­пы, кейінгі жылдары көптеген мәселе шешімін тауып, ауыл тұрғындарының тұрмысы жақсара түсті. Тұтынатын ет-сүт те, көкөніс те, жалпы азық-түліктің барлығы өзімізде өндіріледі. Яғни табиғи өнімді тұтынамыз, қалалықтардан жақсы тұрамыз дейтінім де сондықтан. Бұл игіліктің барлығы, әрине, еңбектің, мемлекет қолдауының, іскер аудан әкімінің, жергілікті биліктің жүйелі жұмысының нәтижесі», дейді Жібек жолы елді меке­нінің тұрғыны Қыдырбаев Нұрмат.

Бүгінде Қазақстан-Өзбекстан ше­ка­­расындағы «Жібек жолы» өткізу бекетінде реконструкция жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жергілікті тұрғын­дарды жұмыспен қамтуда бұл нысанның алар орны да ерекше. Сондай-ақ 2026 жылға арналған жоспарға сәйкес, тұр­ғындар тарапынан көтерілген ұсыныстар негізінде елді мекендегі кіші футбол алаңын ағымдағы жөндеуден өткізуге жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. Көше бойына воркаут және балалар ойын алаңқайы салынады. Ауылдар абаттандырылып, жөндеуден өткен көшелер жарықтандырылған.

«Әкім бол, халқыңа жақын бол», деген ескіден қалған есті сөз бар. Бұл ұлағатты сөз басшылардың бұқарамен санасып, әлеуметтің мұң-зарыңа құлақ салуы керектігін ұғындырады. Осы орайда жұмыс істесем, халықтың көңі­лін тапсам дейтін әкімнің арамызда жүр­гені қуантады. Иә, мен аудан әкімі Арман Абдуллаевты айтып отырмын. Осындай іскер әкімнің еңбегін орынды бағалап, қолдап отыруымыз қажет. Әдетте мемлекеттік қызметші көптің көңілінен сәл шықпай қалса, жабылып жамандайтынымыз белгілі. Ал іскер шенеуніктердің нәтижелі жұмысын айтуда сараңдық танытамыз. Аудан әкімінің халықшыл істеріне, байыпты бастамаларына талай рет куә болдық. Бүгіндері де сондай үдеден шығып, халықтың алғысын алып жүр. Әкім болу – әр адамның ісі, ал халқына жақын болу – нар адамның ісі. Сондай нар тұлғалы азамат, ел қамын ойлаған адал жан Арман Абдуллаевқа айтар алғысымыз шексіз», дейді Жібек жолы ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Н.Қыдырбаев.

Сарыағаш ауданының әкімі Арман Айдарұлы 2023 жылдың қаңтар айы­нан бастап аудан халқына қызмет етіп келеді. Жергілікті жұрт әкімнің қызметке тағайындалғаннан бастап, ауданға қарасты барлық 62 елді мекенді аралап шыққанын, әрбір елді мекендегі өзекті деген, бірінші кезекте шешуді қажет ететін мәселелерді айқындағанын айтады. Сол бойынша арнайы жоспар жасалып, бүгінде кезегімен орындалу үстінде. Көп мәселе шешімін тапқан. Мысалы, Дербісек ауылдық округі аума­ғында бірнеше жылдан бері ауыз­су мәселесі көтеріліп келген еді. Аудан әкімінің облыс, республика көлемінде тиісті органдарға мәселені дұрыс жет­кізе білуінің нәтижесінде 2024 жылы толық ауызсумен қамтылды. Қапланбек ауылындағы Мәдениет үйі 2007 жылы жекеменшікке беріліп кетуіне байланысты туындаған мәселе заңнама талаптарына сәйкес қаралып, мемлекет меншігіне қайтарылды. Жылға елді мекеніндегі ауызсу мәселесі де шешімін тауып, ауыл тұрғындары аудан әкіміне алғысын білдірді. Аудан орта­лығы Сарыағаш қаласында бірқа­тар маңызды әлеуметтік және инфрақұ­ры­лымдық жоба жүзеге асырылды. Қала аумағында көгалдандыру жұмыс­тары жүргізіліп, гүлдер мен аршалар егілді, жасыл қоршаулар жаңар­тылды. Республикалық маңызы бар А-15 автожолы бойына екпе шарбақтар отырғызылды. Шипа­жайы көп аудан­ға еліміздің өзге өңірлері­нен, шетелден демалуға, емделуге келе­тін­дер көп. Олар­дың арасында жол бойын­да­ғы тазалыққа мән беріп, риза­шы­лық­тарын білдіріп жататындары аз емес. Сарыағаштағы Шәмші гүлза­ры маңындағы жатақхана ауласына ба­лалар ойын алаңқайын салуға бюд­жеттен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыс­тары толық аяқталды. Сонымен қатар аталған жатақхананың кәріз жүйе­сі мен санитарлық тораптары жаңар­тылды. Қала аумағындағы 28 көшеге түнгі жарықшамдар орнатылды. 14 балалар ойын және спорт алаңқайы салынды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында Сарыағаш қаласы маңындағы көлік қозғалысының тығыздығын атап өтіп, «Сарыағаш айналма жолы» жобасын жүзеге асыруды тапсырған болатын. Биыл құрылысы басталатын айналма жолдың жалпы ұзындығы – 102 шақырым. Жобалау-сметалық құжаттаманың құны – 238,1 млрд теңге. Сондай-ақ Президенттің тапсырмасына сәйкес көпбейінді аурухана мен перзентхана салынып жатыр. «Самал-3» шағын ауданында жаңадан қосылған тұрғын үйлерді ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында республикалық бюджет пен Ұлттық қор есебінен 800 млн теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Кезекте тұрған азаматтарды кезең-кезеңімен баспанамен қамту мақсатында өткен жылы 48 кредиттік пәтер сатып алынып, оларды биыл табыс ету жоспарланып отыр. 2026 жылға жоспарланған жұмыстар қатарында Шымкент-Шыназ А-15 автожолы бойын абаттандыру және көгалдандыру, қала аумағында 8 балалар ойын алаңқайын, 1 воркаут және 2 спорт алаңшасын орналастыру көзделген. Аудан тұрғындары осындай игілікті де нәтижелі істерді Арман Абдуллаевтың іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен байланыстырады.

Бүгінде халқының саны 223 мыңға жуықтаған ауданда этнос өкілдерінің мүддесін қорғайтын, мәдениетін насихаттау мақсатындағы 6 этномәдени орталық (өзбек, тәжік, әзербайжан, ұйғыр, түрік, неміc) жұмыс істейді. Этнос өкілдері шоғырланған 7 ауылдық округте жеке іс-шаралар жоспары жасалып, жүзеге асырылуда.

«Аудандағы этномәдени орталықтары қоғамдық жұмыстарға, іс-шараларға белсене қатысып, ел бірлігі мен татулығын нығайтуға үлестерін қосып келеді. Аудан әкімі Арман Абдуллаевтың шынайы қамқорлығының, қолдауының нәтижесінде орталық жетекшілерінің алаңсыз жұмыс істеуіне барлық жағ­дай жасалған. Этно-мәдени орталық мүшелері бас қосып, алдағы атқаратын міндеттеріміз бен жоспарланған шаруаларымызды кеңінен талқылап отырамыз. Осы орталық жетекшілері атынан аудан басшысына алғысымызды айта отырып, ортақ Отанымыз болған қазақ жеріндегі достық пен бірліктің нығаюына, қоғамдық келісімнің салтанат құруына атсалыса береміз», дейді түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Алипаша Хинизов.

Ал Құркелес ауылдық округі тұрғыны Балтабай Төлегенов елді мекендерде ФАП салынып, жол жөнделіп, электр бағаналары ауыстырылғанына тоқтала келе, Арман Абдуллаевтың халықтың алдын­да өзін-өзі ұстау мәдениеті жоғары еке­нін, қордаланған мәселелердің себеп­терін жан-жақты жеткізе алатынын айтты.

«Өз ісін кәсібилік, біліктілік және зор жауапкершілікпен атқарып жүрген, «бәрі де елге болсын» деген ниетпен күн кешіп, қашанда халық арасынан табылатын аудан әкімінің тұрғындар алдында абыройы асқақ. Осындай басшылардың қатары көбейе түссе, мемлекеттік қызметшілерге деген халықтың сенімі де күшейеді», дейді Тегісшіл ауылдық округінің тұрғыны Ануар Қосназаров.

Арман Абдуллаевтың ауылдардағы мәселелермен танысу, оны шешудің жолын қарастыруда қарапайым халықтың пікірін әрдайым ескеретінін айтушылар да көп. Жергілікті жұрт жақсы пікір айтып, жұмысын бағалаған әкімнің өзі басқаратын ауданның түкпір-түкпірін аралап, тұрғындармен жиі жүздесуі көп шаруаның нәтижелі атқарылуына септігін тигізгені анық.

 

Түркістан облысы 

Соңғы жаңалықтар

Табиғат сынағына тосқауыл

Аймақтар • Бүгін, 09:00

Келелі кеңес келешегі

Пікір • Бүгін, 08:58

Сот төрелігіне сенім артып келеді

Заң мен Тәртіп • Бүгін, 08:55