Алматыда аудандық онкологтар мен маммологтардың ІІ республикалық семинар-кеңесі өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен 330 делегат қатысқан алқалы жиында 14 облыс пен Алматы, Астана қалаларының денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері, онкологиялық диспансер дәрігерлері бас қосып, онкоқызметті жетілдіру жолдарын қарастырып, отандық денсаулық саласының маңызды мәселелерін талқылады.
Алдымен жиынға келген мамандарды Парламент Мәжілісінің депутаты Айткүл Самақова құттықтап, басқосудың маңыздылығын атап өтті. «Отандық онкология жыл сайын дамып келеді. Қатерлі ісікпен күресте онкологтар мен маммологтардың қызметі аса маңызды. Сондықтан жұмыстарыңызға табыс тілеймін», – деді ол.
Бұл жолғы семинарда негізінен бес мәселе күн тәртібіне қойылды. Олар – онкологиялық қызмет пен амбулаторлық-емханалық ұйымдар қызметін біріктіру, онкологиялық, маммологиялық, ерлер және әйелдерді қарау бөлімдерінің жұмысын жандандыру, 65 және одан жоғары жастағылар арасында қатерлі ісікті ерте сатысында анықтау үшін скринингтік және обырдың алдын алу бағдарламаларын жүзеге асыру, онкологиялық қызмет саласына мониторинг және бағалау жүйесін енгізу, қатерлі дертке шалдыққан науқастарға медициналық-әлеуметтік қызмет көрсету. Жалпы бүгінгі таңда 2012-2016 жылдарға арналған ҚР онкологиялық көмекті жетілдіру бағдарламасы аясында 101 онкологиялық, 273 маммологиялық, 18 проктологиялық бөлім ашылып, жұмыс жасауда. Сонымен қатар, күн тәртібінде бұл бөлімдердің жұмысын жандандырып, қатерлі ісіктің алдын алу мен оны ерте сатысында анықтау да маңызды орынға ие. Елімізде аудандық онкологтар саны 350-ге (2011ж. – 263), ал маммологтар 207-ге (2013 ж. – 166) дейін артты. Ресми мәліметке сүйенсек, 2015 жылдың 6 айында 17 130 қатерлі ісікке шалдыққан науқас тіркелсе, оның 55,4 пайызы I-II сатысындағылар. Обыр дертінің көрсеткіші Солтүстік, Шығыс Қазақстан мен Павлодар облысында басқаларға қарағанда жоғары. – Бүгінгі семинарда аудандық онкологтар мен маммологтарға 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламаның бағыттарын түсіндіріп, өзара пікір алмасуды негізгі орынға қойдық, – деді журналистерге берген сұхбатында Қазақ онкология және радиология ҒЗИ директоры Қуаныш Нұрғазиев. – Ал олар әр ауданда халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізетін болады. Оған қоса, әр адамның денсаулығына деген жауапкершілігін көтеру шараларын дамытады. Сонымен қатар, жаңа технологиялар енгізу үрдісін дамыту үшін қызметкерлерге шеберлік сыныптарын ұйымдастыру да басты назарымызда. Сондай-ақ, форумда Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директоры Гүлнәр Құлқаева аудандық мамандарды жинап отырғандағы мақсаттары онкоаурулар бойынша өлім-жітім көрсеткішін азайту екендігін, тілге тиек ете келіп, бізге дәл осы жолда аудандық мамандардың көмегі аса қажеттігін, әсіресе, алғашқы көмек көрсету қызметінде де олардың еңбегі орасан зор екендігін атап өтті. Семинар соңында еліміздегі онкоқызметті арттыруға үлес қосқан аудандық онкологтар мен маммологтар марапатталды.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».