«Көптеген сын-қатерге жауап ретінде бірінші кезекте мемлекетіміздің ұзақмерзімді орнықтылығын нығайтуды мақсат еткен ауқымды реформалар жүзеге асырылды. Президент Тоқаев жалаң ұран мен популизмге жол берген жоқ, уақытша нәтижелерге де ешқашан иек артқан емес. Мемлекет басшысы халықтың әл-ауқатын жақсартуға, экономикалық және саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған елдіктің мызғымас берік тұғырын қалыптастыру жолында еңбек етіп келеді», деді Үкімет басшысы.
2025 жылы әлемдік экономиканың өсімі 3,3%-ды құраса, Қазақстанда ішкі жалпы өнім 6,5%-ға артқан. Жеті жыл ішінде номиналды ІЖӨ 1,7 есеге ұлғайып, 2019 жылғы 181,7 млрд доллардан 2025 жылы 305,9 млрд долларға жетті. Жан басына шаққандағы ІЖӨ 9,8 мың доллардан 15 мың долларға дейін өсті.
Президент реформалары: Білім мен ғылымды қаржыландыру бес еседен астам өсті
Экономика құрылымында да өзгеріс бар. Бұрын өсім көбіне сыртқы шикізаттық конъюнктураға тәуелді болса, қазір шикізаттық емес секторлар мен ішкі сұраныс негізгі қозғаушы күшке айналған. Өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, сауда, көлік және қызмет көрсету салалары өсімге елеулі үлес қосып отыр.
Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 2019 жылғы 11,5 трлн теңгеден 2025 жылы 30,63 трлн теңгеге дейін өсіп, 2,5 еседен астам ұлғайды. ІЖӨ құрылымындағы үлесі 11,4%-дан 12,7%-ға артса, кен өндіруші сектордың үлесі 14,5%-дан 12%-ға дейін қысқарған.
Өңірлерде жаңа өндірістер іске қосылды. Қостанай облысында KIA автокөліктерін шығаратын және шойын құю зауыттары жұмысын бастады. Қарағанды облысында тұрмыстық техника мен автомобиль шиналары өндіріледі. Атырау облысында полипропилен өндірісі жолға қойылды. Алматы облысында вольфрам концентраты шығарыла бастады. Павлодар облысында теміржол техникасына арналған қосалқы бөлшектер өндірісі іске қосылса, Шымкентте алюминий қаптама өндірісі мен бағалы металдарды қайта өңдеу кәсіпорындары ашылды. Бұл жобалар ондаған ірі зауыт пен мыңдаған жұмыс орнын қамтиды.
Бектенов: «Таза Қазақстан» бастамасы қазақстандықтар тарапынан қолдау тапты
Құрылыс саласы да тұрақты өсім көрсетіп келеді. Тек өткен жылдың өзінде 20 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш Павлодар мен Қостанай қалаларының жалпы тұрғын үй қорынан асып түседі.
Халықаралық валюта қоры деректеріне сәйкес, Қазақстан әлемдегі ірі 50 экономиканың қатарына енді және орташа жылдық өсім қарқыны бойынша алғашқы бестіктің ішінде тұр. Ал World Competitiveness Center жариялаған World Competitiveness Ranking рейтингінде еліміз жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі бойынша 34-орынға ие болды.
Мақалада экономиканың «бір салаға байланып қалған» моделінен арылғаны айтылған. Кен өндіру секторындағы уақытша құбылулар макроэкономикалық тұрақтылыққа айтарлықтай әсер етпейді. Бұл дамудың теңгерімді әрі орнықты үлгісіне бет бұрғанды көрсетеді.
Олжас Бектенов: Жаңа Конституция – болашақтың стратегиялық таңдауы
Премьер-министрдің айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған инвестициялық саясат экономиканы жаңғыртудың негізгі құралдарының біріне айналған. Жеті жыл ішінде негізгі капиталға салынған инвестициялар 12,6 трлн теңгеден 22,7 трлн теңгеге дейін өсті. Қаржының басым бөлігі өңдеу өнеркәсібіне, инфрақұрылымға, энергетикаға, логистика мен агроөнеркәсіп кешеніне бағытталған.
Осылайша, соңғы жеті жылда жүзеге асқан реформалар экономиканың сапалы өзгеруіне және ұзақмерзімді орнықтылықтың нығаюына негіз қалап отыр.