Референдум • Бүгін, 08:58

Жалпыұлттық коалиция – Абай өңірінде

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин «Әділетті және прогрес­сивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелерімен бірге Абай облысына барып, өңір жұртшылығымен бірқатар кездесу өткізді.

Жалпыұлттық коалиция – Абай өңірінде

Мемлекеттік кеңесшімен бірге өңірге Жалпыұлттық коалиция мүшелері – Мәжіліс депутаттары Нұртай Сабильянов, Ерлан Саиров, Нартай Сәрсенғалиев, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, ақын Мұхтар Ниязов, Прези­дент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі Олжас Сүлеймен және өзге де азаматтар барды.

Сапар аясындағы негізгі іс-шара – Абай атындағы облыстық кітап­ханада өткен өңір активімен кездесу. Талқылау жұмысына 500-ге жуық адам – мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, саяси партиялардың, Қазақстан халқы Ассамблеясының, ардагер­лер ұйымдарының, бизнес, білім, денсаулық сақтау, спорт салала­рының, ғылыми және жастар қауы­мы­ның өкілдері қатысты.

Диалогтің өзегі – жаңа Консти­туция жобасының ережелері мен алдағы 15 наурызда өтетін республикалық референдумның маңызы.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жобаны әзірлеу жұмысы ашықтық және кең қоғамдық қатысу қағидатына негізделгенін, e-Otinish және eGov цифрлық платформалары арқылы азаматтардан келіп түскен ұсыныстар ескерілгенін атап өтті. Оның айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесінің тұрақтылығын нығайтуға, билік институттарының өкілеттігі мен жауапкершілігі арасындағы теңгерімді күшейтуге, сондай-ақ адам капиталын, білім мен ғылымды және инновацияны мемлекеттің стратегиялық басымдықтары ретінде дамытуға бағытталды.

«Жаңа Конституциядағы негізгі тұжырымдамалық ережелердің басым бөлігі тікелей Қасым-Жомарт
Кемел­ұлының бастамасы­мен ұсы­нылды. Мәселен, жаңа преамбула Президенттің тұжырымдамалық тезистері негізінде әзірленді. Мемле­кет басшысы – азаматтарымыздың мүддесін қорғауға бағытталған бірқа­тар норма мен жаңашыл бастаманың авторы», деді Ерлан Қарин.

Мәжіліс депутаты Нұртай Са­бильянов меншік нысандарының барлық түрін қорғау, ұлттық заң­на­маның басымдығы мен ұлт­тық валютаның рөлін бекіту сынды экономикалық кепілдіктер күшей­тілгенін атап өтті. Бұл бизнес пен инвестициялар үшін тұрақты жағдай қалыптастырады.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова білім, ғылым және инновацияны дамыту мәселесі стратегиялық басымдық деңгейін­де бекітілгенін, бұл адам капиталын қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік қолдауды күшейтетінін мәлімдеді.

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Құрылтайдың бақылау функция­лары күшейгеніне назар аударса, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұратқазы Алин жаңа Конституцияның ұлттық мәде­ниет пен дәстүрлі отбасы­лық құнды­лықтарды нығайтудағы маңызын атап өтті. Сонымен қатар сапар аясында өңірдегі шығармашылық зия­лы қауым өкілдерімен кездесу өтті.

Талқылау тақырыптары – мә­дениеттің, тарихи жадының және ұлттық бірегейліктің рөлі. Ерлан Қарин жаңа Конституция құ­қық­тық құжат қана емес, қоғамның құндылық бағдарын айқындайтын заманауи қоғамдық келісім ретінде қарастырылатынын атап өтті. Оның айтуынша, жоба негізінде адамға бағдарланған тәсіл жатыр. Онда мемлекеттік саясаттың басты бағдары – азаматтардың құқығы, бостандығы мен мүмкіндіктері.

Қатысушылар мемлекеттік қыз­мет қағидаттарының тізбесінде тарихи-мәдени мұраны сақтау мен ұлттық мәдениетке қолдау көр­сету нормаларын бекітуге қолдау білдірді.

Сапар барысында Жалпыұлт­тық коалиция мүшелері кәсіподақ ұйымдарымен, педагогтер қауымы­мен, мәдениет саласының өкіл­дері­мен, «СемАЗ» ЖШС еңбек ұжы­мы­мен және өңір жастарымен де кездесті. Диалог аясында ең­бек ада­мының құқығын қорғау, әлеу­мет­­тік кепілдікті қамтамасыз ету, білім мен ғылымды дамыту, өңір­лер­дің экономикалық тұрғыда да­муы­на тұрақты жағдай жасау және жас­тардың өзін таныту мүмкін­дік­терін кеңейту мәселелері талқыланды.

Жалпы, Абай облысындағы кездесулер жергілікті жұртшылықтың алдағы референдумға ерекше назар аударып отырғанын көрсетті. 

Соңғы жаңалықтар