Сурет: mezgil.kz
«Еліміздегі жаңа Негізгі заң жобасы аясында қарастырылып отырған ең маңызды мәселенің бірі – гендерлік және отбасылық-демографиялық саясат. Кейінгі жылдары елімізде гендерлік теңдікті нығайту мен әйелдерге қатысты кемсітушілікті жоюға бағытталған бірқатар нақты әрі жүйелі шара қабылданды. Десек те, біз гендерлік және отбасылық-демографиялық саясатты жетілдіру бағытында одан әрі нақты қадамдар жасауымыз қажет», деді Президенттік орталық директоры Бақытжан Темірболат.
БҰҰ Әйелдер құрылымының Орталық Азия бойынша үйлестіру кеңсесінің басшысы, Қазақстандағы БҰҰ Әйелдер құрылымының елдік өкілдігінің өкілі Гюрэс Джерен Гювеннің айтуынша, гендерлік теңдік инклюзивті және орнықты дамудың негізгі элементі болып қала береді. Саяси контекстің өзгеруі, демографиялық үдерістер мен климаттың өзгеруі бір жағынан жаңа мүмкіндіктер ашса, екінші жағынан сақталып отырған теңсіздіктерді айқындай түседі.
«Конституциялық жаңғырту негізгі құқықтарды растауға, институционалдық кепілдіктерді нығайтуға және гендерлік теңдіктің ұлттық даму басымдықтарының ажырамас бөлігі болып қалуын қамтамасыз етуге маңызды серпін береді. Конституциялық реформа мемлекеттік басқару мен құқықтық жүйелерде кепілдіктерді күшейтудің құқықтық негізін қалыптастырады», деді БҰҰ өкілі.
Сонымен қатар сарапшылар тең құқықтар мен мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге, отбасы, ана мен баланы қорғауға бағытталған жаңартылған конституциялық тәсілдерге талдау жасады.
Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі, «Цифрлық трансформация» қоғамдық қорының негізін қалаушы Азиза Шужeеваның пікірінше, Конституцияның жаңа редакциясында азаматтардың дербес деректерін қорғау, цифрлық ортадағы жеке өмірге қол сұқпау, хат-хабар алмасу және банк құпиясын сақтау құқығы тікелей бекітілген. Осылайша, аталған кепілдіктер заң нормасы ғана емес, конституциялық мәртебеге ие болды.
Конференция қорытындысында сарапшылар гендерлік саясатты дамытудың басым бағыттарын айқындап, заманауи әлеуметтік-экономикалық, мәдени өзгерістер жағдайында отбасылық құндылықтарды нығайтудың маңызы зор деп атап өтті. Бұл бағыттар инклюзивті және орнықты қоғам қалыптастыруға негізделген.