Сурет: facebook.com/railways.kz
Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан мен депутат Олжас Құспеков елордада «Қазақстан темір жолы» АҚ филиалы – Теміржол көлігі персоналын бағалау және дамыту орталығына барды. Кәсіпорын ұжымымен кездесуде конституциялық өзгерістер аясындағы еңбек қауіпсіздігі және қызметкерлердің құқығын қорғау мәселелері талқыланды.
Депутат Дүйсенбай Тұрғанов Атырау жұртшылығымен кездесті. Атырау мұнай өңдеу зауытының ұжымымен болған кездесуде ол 15 наурызға белгіленген референдум баршаға өз ұстанымын білдіруге және елдің болашағына ықпал етуге мүмкіндік беретінін айтты. Депутаттың айтуынша, жаңа Конституцияны әзірлеу кең қоғамдық талқылаумен қатар жүрді. Азаматтардың ұсыныстары eGov және eOtinish цифрлық платформалары арқылы келіп түсіп, ондағы бастамаларды Конституциялық комиссия ашық форматта қарады.
«Мемлекет басшысы атап өткендей, еліміздегі реформалар ешқашан мұндай кең әрі жалпыхалықтық деңгейде талқыланған емес. Бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының айқын көрінісі. Ұсынылған өзгерістер – кейінгі жылдардағы саяси жаңғырулардың қисынды жалғасы», деді Д.Тұрғанов.
Кездесу барысында кәсіпорын қызметкерлері экологиялық күн тәртібі бойынша сұрақтар қойды. Депутат құжатта алғаш рет мемлекеттік саясат қағидаттарының бірі ретінде экологиялық мәдениетті қалыптастыру бекітіліп, қоршаған ортаны қорғау басымдықтар қатарына енгізілгенін айтты.
Осындай кездесу 10 мыңнан аса студент білім алатын Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде де өтті. Басқосуда жаңа жалпыұлттық диалог алаңы – Халық кеңесін құру, сондай-ақ Вице-президент институтын енгізу мәселелері қызығушылық тудырды.
Студенттер мен оқытушылар адам капиталын қалыптастыру мен дамытуға қатысты нормаларға ерекше назар аударды. Жобада мемлекеттік мекемелердегі орта білімнің міндеттілігі мен кепілдігі, ғылым мен инновацияны дамыту стратегиялық басым бағыттар ретінде бекітіледі. Кездесуге қатысушылардың пікірінше, бұл педагог мамандығының әлеуметтік маңызын күшейтіп, жастардың тұрақты дамуына жағдай жасайды.
Д.Тұрғановтың «Атырау облысы су арнасы» ұжымымен кездесуде экологиялық бастамалар мен табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мәселелері сөз болды.
«ҚазТрансОйл» компаниясының ұжымымен өткен жиында сенатор Геннадий Шиповских пен Мәжіліс депутаты Марат Бәшімов реформалардың келешегін талқылады. Кездесуге еліміздің 12 өңірінен және шетелдік филиалдардан келген бөлімшелердің қызметкерлері қатысты.
Депутаттар жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері туралы баяндап, қызметкерлердің сұрақтарына жауап берді. Олар ұсынылған өзгерістер еңбек кепілдігіне, кәсіби тұрғыда өсуге, заманауи технологияларды енгізуге және инфрақұрылымды дамытуға қалай әсер ететінін айтты.
Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары Марат Бәшімов, Нұргүл Тау, Павел Казанцев Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұжымымен кездесті. Диалог барысында жаңа Конституцияның басты нормалары, адам құқығы мен еркіндігіне басымдық берілуі, құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайту, билік тармақтарының аражігін ажырату және мемлекеттің зайырлы сипатын сақтау мәселелері қарастырылды.
Ал Астанада депутаттар Нұрлан Әуесбаев пен Ажар Сағындықова өңірлердің белсенді жастарымен кездесті. Жиынға қатысушылар ұсынылған конституциялық өзгерістерге, олардың мемлекеттік басқару жүйесіне әсеріне және азаматтардың құқығын қорғау тетіктеріне қызығушылық танытты. Жастар реформалар аясындағы өзгерістерге де назар аударды.