Заң мен Тәртіп • Бүгін, 16:26

Шетелдегі соғысқа азаматтарды тарту: Депутат заңнаманы қайта қарауды ұсынды

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әлемдегі геосаяси шиеленіс күшейген сайын шетелдегі қарулы қақтығыстарға азаматтарды тарту әрекеттері де жиілеп барады. Мәжіліс депутаты Жанарбек Амантайұлы бұл мәселе бойынша Бас прокурор Берік Асылов пен Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің атына депутаттық сауал жолдап, Қазақстан заңнамасын қайта қарауды ұсынды, деп жазады Egemen.kz.

Шетелдегі соғысқа азаматтарды тарту: Депутат заңнаманы қайта қарауды ұсынды

Сурет ЖИ көмегімен жасалды

Қазір халықаралық қатынастар жүйесінде соңғы жылдары геосаяси және геоэкономикалық текетірес күшейіп отыр. Санкциялық шектеулердің артуы, әскери-саяси қақтығыстардың жиілеуі әлемдік қауіпсіздік жүйесіне елеулі әсер етуде. Осындай жағдайда түрлі тараптар адамдарды қарулы қақтығыстарға тарту үшін жалдау, алдау, үгіттеу сияқты тәсілдерді белсенді қолдана бастаған.

Өкінішке қарай, мұндай ықпалға түскен отандастардың саны да артып барады. Қылмыстық кодекстің 172-бабына сәйкес, шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысу дерегімен тіркелген қылмыстық істер саны жыл сайын өсіп отыр. Мәселен, 2023 жылы 23 іс тіркелсе, 2024 жылы 36 іс болған. Ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 141 іске жеткен. Сол жылы тіркелген істер бойынша 26 азамат сотталған.

Трамп: Иранға қарсы соққылардың «үлкен толқыны» әлі алда

Бұл деректер әлемдегі қарулы қақтығыстардың ушығуы адамдарды соғыс аймақтарына тарту әрекеттерінің де күшейгенін аңғартады.

Депутат халықаралық тәжірибеге де назар аударған. Кейбір мемлекеттер өз азаматтарының шетелдің ресми қарулы күштері құрамында ұрыс қимылына қатысуын автоматты түрде қылмыс деп қарастырмайды. Негізінен жауапкершілік террористік ұйымдарға қосылғандарға, әскери қылмыс жасағандарға немесе өз мемлекетінің ұлттық мүддесіне қарсы әрекет еткендерге жүктеледі.

Жанарбек Амантайұлының айтуынша, қарулы қақтығыс аймағына ешкім себепсіз бармайды. Бірі әлеуметтік қиындықтың салдарынан, бірі алдану немесе адасу арқылы, енді бірі мәжбүрлі жағдайда баруы мүмкін. Көп жағдайда азаматтар шетелге табысты жұмыс табамыз деген үмітпен барып, қақтығыс аймақтарына тап болатынын айтып жатады. Қауіпті жағдайға түскенін түсінген кезде кері шегінер жол қалмай, жат елдегі соғыстың қатысушысына айналады. Ал олардың артында ата-анасы, отбасы мен жақындары қалады.

Сонымен қатар депутат қазіргі заңнамада елге оралуға ниет білдірген азаматтарға қатысты санкциялар тым қатаң екенін атап өтті. Оның пікірінше, өз ісіне өкініп, Отанға қайтқан адамның ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылуы оның қоғамға қайта бейімделуіне кедергі келтіруі мүмкін.

Ирандағы жағдай сауда қатынастарына қалай әсер етеді?

Сауалда сотталғандардың арасында басқа елдің азаматтығын алған адамдар да кездесетіні айтылған.

«Мысалы, жуырда 6 жылға бас бостандығынан айырылған Евгений Люфт Ресей азаматтығын алған деген әңгіме бар», делінген депутаттық сауалда.

Осыған байланысты депутат халықаралық тәжірибені және ұлттық қауіпсіздік мүдделерін ескере отырып, қылмыстық саясатты ізгілендіру мәселесін қарастыруды ұсынды. Оның айтуынша, террористік ұйымдарға қатыспаған және әскери қылмыс жасамаған азаматтарға қатысты құқықтық бағалаудың сараланған тетігін енгізу қажет.

Депутаттық сауалда бірнеше ұсыныс айтылды.

Біріншіден, әлем елдерінің құқықтық тәжірибесін жан-жақты зерделеп, Қылмыстық кодекстің 170-172 баптарын жетілдіру және саралау бөлігін нақтылау бойынша заңнамалық өзгерістер пакетін әзірлеп, Парламент қарауына енгізу ұсынылды.

Екіншіден, террористік ұйымдарға қатыспаған, әскери қылмыс жасамаған және өз еркімен елге оралған азаматтарға қатысты құқықтық бағалаудың сараланған тетігін енгізу қажет екені айтылды. Атап айтқанда, олардың қоғамға қауіптілік деңгейін ескере отырып, шартты жаза, бас бостандығын шектеу, пробациялық бақылау немесе басқа да баламалы жазаларды қолдану мүмкіндігін заңнамалық тұрғыдан бекіту ұсынылған.

Үшіншіден, шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысып, кейін елге оралған азаматтарды құқықтық, психологиялық және әлеуметтік тұрғыдан оңалтуға бағытталған кешенді мемлекеттік бағдарлама әзірлеу қажет екені атап өтілді.

Депутаттың пікірінше, білместікпен бір сүрінген азаматтарды тым қатаң жазаға тарту мәселесі жан-жақты ойластырылып, құқықтық әрі гуманистік тұрғыдан бағалануға тиіс.

Соғыста да адамзаттық қағидаттар сақталуы шарт

Соңғы жаңалықтар