Қаржы • Бүгін, 17:49

Қор нарығын дамытудың жаңа кезеңі басталады

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қаласында CFO SUMMIT XIII саммиті өтіп, онда қаржы нарығын дамыту, корпоративтік басқаруды жетілдіру және инвестициялық экожүйені нығайту мәселелері кеңінен талқыланды. Іс-шараға Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Нұржан Тұрсынханов қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қор нарығын дамытудың жаңа кезеңі басталады

Өз сөзінде ол банк секторын жүйелі түрде жаңғырту аяқталғаннан кейін мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы экономикаға ұзақ мерзімді инвестициялар тартудың басты көзі ретінде қор нарығын дамытуға ауысатынын атап өтті.

Нұржан Тұрсынхановтың айтуынша, Мемлекет басшысы бағалы қағаздар нарығы туралы заңнаманы халықаралық озық тәжірибелер мен қазіргі экономиканың сұранысына сай кешенді түрде қайта қарау міндетін жүктеген. Осыған байланысты Агенттік Ұлттық банкпен бірлесіп қор нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын және «Бағалы қағаздар нарығы туралы» жаңа заң жобасын әзірлеуді бастамақ.

Сақтандыру және қор нарығын дамытудың бағдарламасы әзірленеді

Жаңа заңның басты мақсаты – капиталды экономиканың нақты секторына тиімді бағыттай алатын икемді әрі тұрақты нарықтық экожүйе қалыптастыру. Бұл жұмыс жеті стратегиялық бағыт бойынша жүзеге асырылады. Атап айтқанда:

  • Институционалдық, бөлшек және шетелдік инвесторлар есебінен инвесторлық базаны кеңейту;

  • Жеке сектор компанияларын қор нарығына шығуға ынталандыру;

  • Нарық инфрақұрылымын жетілдіру;

  • Жаһандық капитал нарықтарымен ықпалдастықты арттыру;

  • Жаңа қаржы құралдары мен инновацияларды енгізу;

  • корпоративтік басқаруды дамыту;

  • Реттеу моделін кешенді жаңарту.

Сондай-ақ халықаралық капитал нарықтарына интеграцияны тереңдету, қадағалаудың тәуекелге бағдарланған әрі икемді моделіне көшу жоспарланып отыр. Бұл шаралар қор нарығын реттеудің тиімділігін арттырып, инновациялық бастамаларға қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, жетекші халықаралық және отандық сарапшылардың қатысуымен қолданыстағы заңнамаға талдау жасалып, бағалы қағаздар нарығын реттеудің бірыңғай әрі жүйелі тәсілі қалыптастырылады. Ішкі қор нарығы мен Астана халықаралық қаржы орталығы арасындағы өзара ықпалдастықты күшейту, сондай-ақ Қазақстан қор биржасы (KASE) өкілеттіктерін кеңейту және жүйелік тәуекелдерді бағалау тетіктерін жетілдіру де негізгі басымдықтардың қатарында.

Ұлттық банк: Бизнес рубль мен доллардың ауытқуына тәуелділікті төмендетеді

Қор нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын 2026 жылдың қыркүйегіне дейін әзірлеу көзделсе, «Бағалы қағаздар нарығы туралы» жаңа заң жобасы биылғы жылдың соңына дейін дайын болады.

Соңғы жаңалықтар