Іріктеме жиынтық көлемі – 1200 респондентті құрады. Байланыс стационарлық және мобильді телефон нөмірлері арқылы жүзеге асқан. Сауалнама ОСК-ның ресми хабарламасына сәйкес жүргізілген.
Алдағы референдум туралы халықтың хабардарлығы мен Ата заңның жобасын қолдау деңгейін зерделеу жөніндегі әлеуметтанулық сауалнама нәтижесінде отандастарымыздың 81,8 пайызы елімізде референдум өткізу жоспарланып отырғанын білетінін көрсеткен. Олардың 33,7%-ы референдум туралы анық хабардар болса, ал 48,1%-ы бұл туралы естіген, бірақ егжей-тегжей білмейтін көрінеді. Жаңа Конституция жобасы бойынша референдум туралы ештеңе естімегендер үлесі – 17,1%-ды құрап отыр.
Сауалнамаға қатысқандар арасында жалпы хабардарлықтың жоғары көрсеткіші, оның ішінде референдум туралы естігендер үлесі Жамбыл (89,7%), Шығыс Қазақстан (87,8%), Қызылорда (89,1%), Батыс Қазақстан (88,1%) облысы мен Алматы қаласында (87,6%) жоғары.
Есесіне, жастар (44,8%) алдағы референдум туралы ақпаратқа қанық. Ал аға буын егжей-тегжейін білмесе де (51,7%) жалпы жоғары хабардар екенін көрсетті.
Сондай-ақ жаңа Конституция жобасы бойынша референдум өткізу туралы хабардарлық деңгейі респонденттердің білім деңгейімен де байланысты. Азаматтардың білім деңгейі жоғары болған сайын, хабардар болудың жалпы көрсеткіші де артады. Мәселен, жоғары білімі бар сауалнамаға қатысқандардың 86,7%-ы қандай да бір дәрежеде референдум өткізу туралы естіген болса, орта арнайы, кәсіптік білімі бар сауалнамаға қатысқандардың 74,3%-ы референдум туралы хабардар.
Телефон сауалнамасына қатысқандардың басым көпшілігі (76,9%) елдегі саяси реформалар мен саяси өзгерістер туралы ақпаратты әлеуметтік желілерден (Tik-tok, Telegram, Instagram, Facebook, В Контакте және т.б.) алатынын көрсетті. Ал үштен бірі (33,3%) мұндай жаңалықтарды интернет-сайттардан біледі. Сауалнама қатысушыларының 20,5 пайызы теледидарды ақпарат көзі ретінде атап өтті.
«Сіз Жаңа Конституция жобасы бойынша референдумға қатысуды жоспарлап отырсыз ба?» деген сұраққа респонденттердің басым бөлігі яғни 72,8 пайызы – оң жауап беріп, бұл олардың азаматтық парызы екенін атап өтті. Азаматтардың 17,9%-ы әлі референдумға қатысып-қатыспайтыны туралы нақты шешім қабылдамағанын жеткізді. Респонденттердің ішінде референдумға қатысуды мүлдем жоспарламағандар – 9,3 пайыз.
Жоғары әлеуетті электоралдық белсенділік Түркістан (82,7%), Батыс Қазақстан (78,6%), Қарағанды (78,1%), Қызылорда (76,1%), Жамбыл (75,0%) және Солтүстік Қазақстан облысында (75,0%) байқалды.
Референдумға қатысуға ең жоғары дайындықты жастар (82,2%) мен 29-45 жас аралығындағы азаматтар (76,3%), сондай-ақ жоғары білімді (74,4%), жалпы орта білімді (75,0%) респонденттер көрсетті.
Алынған деректерге сәйкес, сауалнама қатысушыларының 52,8%-ы жобаны толықтай қолдайтынын, ал 36,4%-ы жобаны қолдауға бейім екенін айтты. Ал түрлі себеппен жаңа Ата заң жобасын қолдамайтын немесе әлі таңдауын жасамағандар үлесі бар-жоғы – 10,8%.