27 Наурыз, 2015

Наурыз – нұрлы жол

322 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
21-03-01 Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елордадағы «Сарыарқа» велотрегінде Наурыз мейрамына орай өткен мерекелік шараға қатысты. Мерекелік театрландырылған қойылым «Жаңғырған табиғат, бақ қонған ел», «Қазақстан – нұрлы жол!», «Астана – Мәңгілік Елдің ортасы», «Наурыз – нұрлы жол» атты төрт бөлімнен құралды. Ша­рада белгілі қазақстандық  өнер­паздар ән шырқап, би биледі. Елорда тұрғындары мен қо­нақ­тары алдында сөз сөйлеген Нұр­сұлтан Назарбаев барша Қазақстан халқын Наурыз мейрамымен құттықтады. – Құрметті қауым, қазақ­стан­дықтар, отандастар, баршаңызды әз Наурыз мейрамымен шын жү­ректен құттықтаймын. Біздің бұл мерекеміз – ата-бабамыздан келе жатқан үлкен мереке. Көп мемлекеттер бұл күнді жаңа жыл деп санайды. Біздің тарихымызда бірнеше жүз жылдан бұрын атап, көктемнің алғашқы күнінде ағайындар бір-бірімен қауышып, туысқандар бірін бірі қыстан шығып көріп, барлық орын алған жаманшылықтарды кешіріп, бір-біріне көмектесіп, наурыз көже үлестіріп жататын. Біз еліміздің ақ тілекпен, бірлікпен тәуелсіздігін орнаттық. Қазақстанды дү­ние­жүзіне белгілі мемлекет еттік. Қандай қиын-қыстау заман болса да бірге болып, бірлігімізден ажырамай, алға басып келе жатырмыз. Еліміз көркейді, ел ордасы – ха­лық­тың, мемлекеттің жүрегі бүкіл дүние­жүзіне белгілі болды, – деді Елбасы. Мемлекет басшысы еліміздің болашақтағы бағдарының да бел­гілі екендігін атап өтті. «Қиын­дық­тарға қарамастан, біздің хал­қымыз әрдайым тұтастығын сақтады және алға қарай сеніммен жүріп отырды. Әлемде дағдарыс көріністері байқалып отырған қазіргі кезде де Қазақстанның олар­ды еңсеруге қажетті ресурстары жеткілікті. Біздің еліміз өзінің бұдан әрі дамуының жоспарларын, соның ішінде «Қазақстан-2050» Стра­тегиясын, «Нұрлы Жол» бағдар­ламасын, жаңа әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың жобаларын әзірлеп, жүзеге асыруда.  Осының бәріне халықтың бірлігі, бір-біріне деген құрметі мен сенімі, елдің тұрақтылығы қажет. Егер біз таңдаған жолымыздан ауытқымай жүретін болсақ, Қазақстанның болашағы бұдан да жарқын болады. Табысты болайық, аман болайық. Наурыз қуаныш, бақыт, береке алып келсін!» – деді Нұрсұлтан Назарбаев. 21-03-02 Мерекелік концерттен кейін Мемлекет басшысы «Астана-Арена» стадионының жанынан Наурыз мейрамына арнайы құ­рыл­ған этноауылды аралап, қала тұр­ғындарымен жүздесті. Еліміздегі түрлі этностың өнерін тамашалады. «Бүгін – тамаша мереке. Көктемнің жарқырап тұрған күні. Қыс бітіп, жылу келіп, табиғаттың барлығы тіріліп, барлығы қуанатын кез. Осы кезбен біздің Наурыз деген дәстүрлі, ұлы мерекеміз, Ұлыстың ұлы күні тура келеді. Ата-бабамыздан қалған дәстүр бойынша бұл күні ағайындар бір-бірін кешіріп, бір-бірімен қауышып, жақсылық, береке, бақыт тілейді. Келесі жылға дейін ел аман, жұрт тыныш болсын дейді. Сондықтан, біз де бүгін Қазақстанның барлық түкпірінде Наурыз мерекесін тойлап жатырмыз. Барша Қазақстан халқына сәлемімді жолдап, амандық пен жақсылық тілеймін! Баршамыз болып еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын деп тілейтін болсақ, алдымызға қойған мақсаттар мен халықтың болашағына жұм­салатын күш-қуат жүзеге асып, еліміз берекелі болады. Наурыз құтты болсын!» – деді Елбасы этноауылда сөйлеген сөзінде. Алаңда тігілген отауларда әр этнос өкілдері ұлттық киімдерін киіп, ән шырқап, жұртшылыққа нау­рыз көже таратты. Сонымен қатар, этноауылға келген қала тұрғын­дары мен қонақтары ұлттық спорт сайыстары мен ойындары­на қатысып, мейрамға орай ұйым­дас­тырылған шараларды тамашалады. Мемлекет басшысы осы этноауылда наурыз көжеден дәм татты. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.