Ғылым • Бүгін, 08:28

Әлеуметтік ғылымның әлеуеті

0 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Әлеуметтік ғылымның зерттеу «кеңістігі» өте кең. Бұл – саясаттану, әлеуметтану, тарих, психология ғана емес, қоғам мен адам, жұртшылықтың мінез-құлқы, үрдістер мен заңдылықтар, саяси реформалар, көбіміз жиі қолданатын әлеуметтік ауқымды ұғымдар... Дәл сол ғылым саласы мықты қалыптасқан әрі нақты жұмыс істейтін мемлекеттерде елдің тұтастығына сына қағатын қауіпті кезең, келеңсіз жағдай алдын ала зерделенеді.

Әлеуметтік ғылымның әлеуеті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылордада өткен Ұлт­­тық құрылтайда философия, әлеу­­меттану, саясаттану ғылымдарын да­мы­тудың маңызын атап өткен еді. Әдет­те зерттеу ісінен алыс кей­бір қоғам өкіл­дері ғы­лымды, соның ішін­де әлеу­­мет­тік ғылымдарды да зертха­на­ның айна­ласынан шықпай­тын дүние кө­реді. Шын мәнін­де, әлеуметтік ғылым – ел­дің ішкі көңіл күйі, тарихи сабақ­тастығы, тұ­тастығы мен тұрақ­ты­лы­ғының кепілі.

Абай атындағы Қазақ ұлт­тық педа­гогика уни­верситетінің профес­сор зерттеушісі, сая­саттану ғы­­лым­­­­­­дарының док­­торы Гүлмира Сұлтан­ба­ева осы ойды толықтыра келе, әлеу­­мет­тік ғылым жай ғана тео­рия емес, қоғамның «диагнозы» екенін айта­ды. Оның пікі­рін­ше, экономика – елдің қаң­қа­сы болса, әлеуметтік ғы­лым – жан дүниесі. Халықтың мұң-мұқ­тажын, әлеу­меттік кер­неу нүк­те­ле­рін дөп басып анық­тай­тын ғылым. Дамыған ел­дер­де (ЭЫДҰ елдері), мем­ле­­кет­тік шешімдердің 80%-ы алдын ала жүргізілген әлеуметтік зерттеулерге негізделеді. Сон­дай-ақ тәуекелдерді бас­қаруда әлеуметтік ғылымдар алғаш көмекке келеді.

«Елімізде әлеуметтік дамуды тежеп тұрған кедергілер барын, мәселен, әдіс­темелік жағынан артта қалу үрдісін ай­рық­ша атағанымыз жөн. Қазір әлемдік әлеу­меттану деректерінің басым бөлігі «Big Data» арқылы өңделеді. Бізде әлі де дәстүрлі сауалнамаларға басымдық беріледі. Тағы бір фактор – институционалдық әлсіздік, тәуелсіз зерттеу орталықтарының аздығы, қар­жы­­ландырудың техни­калық ғылым­дарға қарағанда әлде­қайда төмендігі. Кейінгі үш жылда демократияның сипаты мен са­пасын зерттейтін жаһандық «V-Dem» тобында зерттеу­лер­ге қа­тысып келемін. Жоба 1789 жылдан бергі әлем елдеріндегі саяси даму ди­намикасын көрсетуді мақсат тұтқан. Алайда Орталық Азия елдері үшін хронология тарихи себеп­терге бай­ланысты көбіне үзік-үзік беріледі. Сонда мені деректердегі «ақтаңдақтар» мәселесі алаңдатты. Еліміздің осы әлемдік зерттеу картасында әлеуметтік жады 1991 жылдан басталады», дейді спикер.

Зерттеуші Г.Сұлтанбаеваның айтуынша, қазақ қоғамының 1917 жылға дейінгі дала демокра­тиясы мен 1917–1991 жылдар аралығындағы күрделі әлеуметтік үдерістері әлемдік ірі деректер қорында (Data set) көбіне «Ресей империясы» немесе «КСРО» деген ортақ атаудың астында «жұтылып» кеткен көрінеді. 1917 жылға дейінгі қа­зақ қоға­мының саяси ахуалы мен бір­е­гей әлеуметтік құрылымы халық­ара­лық индикаторларға енбей қалды. Бұған отарлық саясат салдарынан архивтердің жүйеленбеуі, тарихи дерек­терге жасалған қиянат пен көп­теген құжаттың әлі де жабық сөре­лер­де «шаң басып» жатуы себеп. Бұл – отандық әлеуметтік ғылымның жаһан­дық деңгейдегі бәсекеге қабілет­ті­лігін тежейтін бас­ты фактор. Осы олқылықтың орнын тол­тырсақ, әлеуметтік ғылым қо­ғам дамуы­ның шынайы айнасы бола алады.

«Әлеуметтік ғылымның әлеуетін арттыру үшін дәйекке негізделген саясатты ұстанған жөн. Бұған заңнамалық деңгейде кез келген мемлекеттік бағ­дарламаға міндетті түрде «Әлеуметтік әсерді бағалау» сараптамасын енгізу деген талап қосу арқылы қол жеткіземіз. Цифрлық трансформация кезінде әлеуметтік желілердегі пікірлерді, халықтың мінез-құлқын жасанды интеллект және нейрожелілер арқылы талдайтын «Digital Sociology» бағытын дамыту да кезек күттірмейді. Отандық ғалымдардың «Scopus», «Web of Science» базаларындағы белсенділігін арттыру, халықаралық гранттарға қол­жетім­ділікті қамта­масыз ету мәселесі де өзекті. Әлеу­меттік ғылымға инвестиция тарту, әлеуметтік зерттеулерге бөлінетін мемлекеттік гранттар көлемін кемі 2-3 есеге ұлғайту, тапсырыс берушілер (министрліктер, әкім­дік­тер) мен орындаушы ғалым­дар арасындағы байланысты нығайту ілгерілеуге бастайды. Еліміздегі әлеуметтік ғылымның әлеуетін арттыру – тек ғалымдардың емес, мемлекет дамуының басты шарты. Біз қоғамды тану арқылы ғана болашақты сенімді болжай аламыз», дейді зерттеуші.

Президент Ұлттық құрылтайда әлеу­меттік ғылымдағы зерттеулердің нәтижелерін ашық ету, көпшілікке қолжетімді қылудың маңызын да атап өткен еді. Әлеуметтану ғылым бойынша PhD Эльмира Отар отандық әлеуметтік ғылымдарда ауыз толтырып айтарлық әлеует те, беделді журналдардағы салмақты жарияланымдар да жетерлік екенін, бірақ соған қарамастан, түйінді түйт­кілдердің сала дамуын тежеп тұр­ғанын тілге тиек етті.

«Бізде әлеуметтану деректерінің бәрі мемлекеттік қаржыландыруға, тендерлер мен тапсырыстарға тәуелді. Мұндайда кейбір тақы­рып­тар бір жыл зерттеліп, тоқтап қалуы мүмкін. Ал әлеумет­тану ғылымында зерттеудің ұзақмерзімді болуы өте маңызды, сонда ғана кей мәселелердің себебін, шешімін көруге болады. Дамыған елдерде тәуелсіз, зерттеулерге бизнес тарапы тапсырыс береді. Бұл өз кезегінде тәуелсіз зерттеу­лер жүр­гізуге жол ашады. Осыдан тағы бір мәселе туады, мемлекеттік тапсырыспен жасалғандықтан, зерттеуді бір институт жүргізеді, нәтижесін тапсырыс берген құрылымға ұсынады. Одан кейін материалдар, қорытындылар сонда қалады, ешкім қолданбайды. Өйткені жа­бық, мәлі­мет­терге қол жеткізуге жағдай жасал­маған. Ал сол зерттеу­ге көп уақыт, күш-жігер жұмсалды ғой, соны неге кейін де қажетімізге қолданбаймыз? Деректер архив күйінде қалып қоймай, ашық болса, зерттеу жүргізген институттарға, ғылыми топтарға нәтижелерді ортақ бір экожүйеге жүктеуді міндеттесе, көп ғылыми жұмыс өнімді болар еді», дейді әлеуметтанушы ғалым.

Оның ойынша, тағы бір түйткіл – ғылым мен саясаттың арасындағы байланыстың толыққанды дамымауы. Кез келген сая­си шешім зерттеулердің нәтижесіне негізделуі керек. Біз бұл тұрғыдан біршама алға жылжыдық. Дегенмен сарап­та­малық әлеу­меттану жүйе­лі түрде мемлекеттік шешім қабыл­дау үдерісіне ене қойған жоқ. Әлеуметтанушы сауалнама жүр­гізуші ретінде ғана қабылданады, ақиқатында әлеуметтік болжау, тәуекелдерді модельдеу, әлеуметтік капиталды өлшеу деген функция­лар бар. Мұның бәрі абстрактілі нәрселер болғанымен, әлеуметтану ғылы­мында бұл нақты өлшемдерден тұрады. Әлеуметтанудың әлеуетін мемлекет барынша пайдаланғаны жөн, сонда ғылым мен саясаттың арасындағы байланыс бекиді.

«Әлеуметтану – негізінен қоғам­ды, адамдардың көңіл-күйін, сенімін, ренішін, үмітін зерттейтін ғылым. Мысалы, бір институт елімізде біраз бұрын болған қайғылы оқиғаны аз пайыздық өлшеммен алдын ала болжаған, бірақ бұл ескерту ескерілмеген. Мемлекеттік құры­лымдар әдетте көп пайыздық өлшемдерге ғана мән береді, кіш­кентай үлестегі тәуекел мен қауіп-қатердің өзі назар аудартуды қажет етеді. Сол себепті әлеуметтік ғылымдардың зерттеу нәтижелеріне немқұрайлы қарауға болмайды. Статистика көрсете алмайтын дүниені әлеуметтану көрсете алады. Бізде қоғамдық жағдайларды алдын ала реттеу жүйелі іске қосылмаған. Көбіне бір оқиға болғаннан кейін ғана зерттеледі, алдын ала болжау өте аз. Сондықтан ғылыми сараптаманы мелекеттік саясаттың тұрақты элементіне айналдыру керек. Отандық әлеуметтану ғылымы әлі де «Қоғам не ойлайды?» деген сұраққа жауап берумен жүр. Біз «Қоғам неге олай ойлайды, бұл қайда апарады?» деген деңгейге өтуіміз қажет. Бұл ғылым әлі де өтпелі кезеңде тұр, дамуы баяу, академиялық пәннен стратегиялық құралға айналғаны абзал», дейді Э.Отар.

Түйін: Сарапшылардың салмақты сөзінен, пайымды пікірінен ұққанымыз, қоғам дамуы мен асқынған «ауруының рентгені» сана­латын әлеуметтік ғылымдар кешенді қолдауды қажет етеді. Әйт­песе адамның ішкі жай-күйі қалыпты, рухы биік болғанда ғана оның болашағынан үміт күтуге болатыны заңды. Ал қоғам дегенің сол адамдардан құралмай ма? 

Соңғы жаңалықтар