Заң мен Тәртіп • Бүгін, 08:55

Зорлық-зомбылыққа қарсы күрес күшейеді

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес тоқтамайтынын атап өткені мәлім. Соның арқасында елімізде нәзік жандар мен жасөспірімдердің құқығын қорғаудың озық жүйесі заңнамалық тұрғыда жетілдірілді. Өңірлерде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жұмысы айтарлықтай күшейді.

Зорлық-зомбылыққа қарсы күрес күшейеді

Тараз төрінде өткен «Зорлық-зомбы­лықсыз отбасы» атты республикалық форумда отбасылық жанжалдың алдын алу мәселесі жан-жақты айтылды. «Заң мен тәртіп» қағидаты шеңберінде өткен іс-ша­раға өңір басшысы Ербол Қарашөкеев, халық қалаулылары, білім алушылар, құқық қорғау органдарының өкілдері мен қоғамдық бірлестік мүшелері қатысып, ой-пікірін ортаға салды. Басқосу барысында сөз алған спикерлер өн бойына ізгілік нәрін жиған адамдардан тұратын қоғам құру арқылы ғана отбасылық әлімжеттіктің, зорлық-зомбылықтың алдын алуға болатынын тілге тиек етіп, сол бағытта жұмылған жұдырықтай бірлесе еңбектену қажеттігін атап өтті.

Ал өңір басшысы Ербол Қарашөкеев отбасы институтын нығайту, тұрмыс­тық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында облыс аумағында атқарылып жатқан жұмыс туралы сөз қозғады. Сондай-ақ ол Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демо­г­рафиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаева­ның республикалық форумға арнайы жол­даған құттықтау хатын оқып берді.

«Бұл кездесу – қатардағы көп іс-шараның бірі емес. Бүгінгі басқосу –қоғамымыздың іргетасына тікелей әсер ететін, мемлекетіміздің тұрақты дамуы мен балаларымыздың болашағына аса маңызды мәселе талқыланатын пікір алаңы. Өйткені отбасы – еліміздің ең басты әлеуметтік институты. Мемлекет басшысы айтқандай, нәзік жандар мен балалардың құқығын қорғау – мемлекеттік саясаттың басты бағыты. Зорлық-зомбылыққа қарсы «нөлдік төзімділік» ұстанымы сөз жүзінде қал­мауы керек. Нақты іс-қимыл арқылы көрі­ніс табуға тиіс. Бұл ұстаным – барлық мемлекеттік органның, құқық қорғау органдары мен азаматтық қоғамның бағдары. Осы бағытта Жамбыл өңірінде айтарлықтай жұмыс атқарылып жатыр. Былтыр облыстық полиция депар­таментінде отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес жөніндегі мамандандырылған бөлімше құрылды. Облыс аумағында отбасыларды қолдау орталықтары мен арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары жұмыс істеп тұр. Мұнда зәбір көрген әйелдер мен балаларға кешенді жағдай жасалып, құқықтық, психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Мемлекет басшысының пәрменімен тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминизациялайтын заң қабылданып, зорлық көрсеткендер үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілгені мәлім. Қазіргі кезде өңірде 338 900 отбасы бар. Оның ішінде көпбалалы, төрт және одан да көп баласы бар отбасы саны – 48 мың. Оларға мемлекеттік қолдау заң аясында көрсетіліп жатыр», дейді Е.Қарашөкеев.

Облыс басшысы келтірген дерекке жүгінсек, өңірде «дағдарыстағы» және «аса күрделі» санатқа енген отбасылардың саны 92 мыңға жеткен. Осы цифрға қарап-ақ аймақта әлеуметтік саясатты одан әрі жетілдірудің маңызы зор екенін бағамдау қиын емес.

Республикалық форумға арнайы келген Мәжіліс депутаттары да ой-пікірле­рін ортаға салып, қазақ қоғамының бас ауруына айналған тұрмыстық зорлық- зомбылықпен күресте әрбір отбасы жауапкершілік танытуы керек екенін атап өтті.

«Қоғамда өзгеріс болып жатқанын көріп отырмыз. Зәбір көргендер үнсіз қалудан жалыққаны анық. Олар мемлекет тарапынан лайықты қолдау бар екенін сезініп, өз құқығын қорғаудың нақты тетігін қолдана бастады. Мұның бәрі заңнамаға енгізілген тиісті өзгерістердің арқасында мүмкін болып отыр», дейді Мәжіліс депутаты Мүтәлі Әбутәліп.

Ішкі істер министрлігіне қарасты әкім­шілік полиция комитетінің төрағасы, полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов тұрмыстық зор­лық-зомбылыққа қарсы күрестегі ішкі істер органдарының рөлі мен қабыл­данып жатқан нақты шаралар туралы айтып берді. Оның айтуынша, профи­лактикалық есепке алу және дағдарыс орталықтарымен бірлескен жұмысты күшейтудің маңызы зор.

«Отбасы – кез келген қоғамның тірегі. Әр шаңырақта тыныштық орнамаса, қоғамнан маза кетеді. Әлбетте, бала тәрбиесіне, жалпы адам тәрбиесіне айрықша назар аудару керек. Қатаң талап орнаған кезде ғана нәтиже болады. 2019-2025 жылдар аралығында Мемлекет басшысының тапсырмасымен тұрмыстық салада құқық бұзушыларға қатысты жаза­ны бірнеше рет қатаңдаттық. Ал 2023 жылдың 1 шілдесінен бері полиция жәбірленушінің арызынсыз құқық ­бұзушылық дерегі бойынша іс қозғайды, қазір сотта татуласуға бір ғана мүмкіндік бар. Бұған қоса сот шешімімен берілетін жазаның санкциясы 5 тәуліктен 25 тәулікке дейін ұзартылды. 2024 жылы ұрып-соғу мен денсаулыққа жеңіл зиян келтіру дерегін қылмыс санатына жатқыздық. Жазаны қатаңдатып қана қоймай, қысым көрсетушіні қайта тәрбиелеу, яғни олардың мінез-құлқын мәжбүрлі түрде түзеу нормаларын да заңнамалық түрде реттедік. Осы іс-шаралардың нәтижесін көріп отырмыз. Мәселен, өткен жылдың қорытындысында полицияға келіп түсетін ша­ғым­дар мен қоңыраулардың саны 17 пайыз­ға азайды, ауыр қылмыс саны 11 пайызға төмендеді», дейді М.Қабденов.

Облыстық полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу тек құқық қорғау органдарының емес, қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті. Сондай-ақ ол басты назар алдын алу шараларына бағытталғанын, жүйелі түрде жүргізілген профилактикалық жұмыстың нәтижесінде 2026 жылдың алғашқы айында облыс аумағында отбасылық тұрмыстық қатынаста жасалған қылмыстардың саны 50 пайызға төмендегенін мәлімдеді.

Бұған қоса форумда «Intellect7G – эксперттер мен кеңесшілер қоғамы» республикалық қоғам бірлестігінің президенті Маржан Еліқұлова «Шайқал­маған шаңырақ» бағдарламасын таныс­тырды. Бағдарлама заман үрдісіне сай ұлттық құндылықтар аясында тұрақты, инсти­туционалды жетік отбасының моде­лін қалыптастыруға бағытталған.

 

Жамбыл облысы 

Соңғы жаңалықтар

Зорлық-зомбылыққа қарсы күрес күшейеді

Заң мен Тәртіп • Бүгін, 08:55

Автолизинг неге аяқсыз қалды?

Экономика • Бүгін, 08:40

Сталкингке жол жоқ

Құқық • Бүгін, 08:37

Қоймаларда картоп жеткілікті

Шаруашылық • Бүгін, 08:35

Жымпитыдағы тағылымды жиын

Қоғам • Бүгін, 08:32