Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде кезекті брифинг болды. Оны өткізуге өтініш білдірген «Закон.кз» ақпараттық агенттігі мен Әлеуметтік-саяси зерттеулер институты екен.
Брифингке осы екі ұйымның басшылары, атап айтқанда, «Закон.кз» агенттігінің бас редакторы Инна Рудакова мен Әлеуметтік-саяси зерттеулер институтының директоры Айгүл Сәдуақасова келді.
Жүргізуші «брифингте сұрақ қоюға болмайды» деп журналистердің құлшынысын бірден тыйып тастады. Сонымен, алғашқы сөз И.Рудакова ханымға берілді. Ол 26 сәуірде болатын президенттік сайлауға үгіт науқаны басталғанын айтты. Сосын өздерінің «Закон.кз» ақпараттық порталы алдағы сайлау процесін көрсетуге белсенді түрде араласу туралы шешім қабылдағанын жеткізді. Осыған орай біз Әлеуметтік-зерттеулер институтымен ынтымақтасатын боламыз, деді ол. Одан әрі экзит-пулдар, телефондық сауалдамалар арқылы сайлау науқанының барысы, халықтың көңіл-күйі туралы ақпараттар берілетінін айтты. Сонымен бірге, ол «экзит-пулды» алғаш рет 1967 жылы журналистердің ойлап шығарғанын жеткізді.
Айгүл Сәдуақасова өзі басқаратын институт сайлау барысындағы ахуалдан әлеуметтік зерттеулерді жүйелі түрде жүргізетінін айтты. Апта сайын қазақстандықтардың сайлауға деген көзқарасы, көңіл-күйі, ой-пікірлерін білу мақсатымен телефон арқылы экспресс-сауалдама жүргіземіз. Алайда, бұл әдістің бірінші кезеңі наурыздың 20-сынан басталған, бірақ алғашқы нәтижелері әлі жоқ, ол жақын күндерде ғана белгілі болады. Келесі үш кезеңі сәуірдің 1-6, екіншісі 8-14 және үшіншісі 15-19 аралығында жүргізіледі. Біздің негізгі мақсатымыз – халықтың сайлау туралы ақпараттандырылу деңгейін анықтау, сайлауға көзқарасын білу, дауыс беруге қатысу деңгейін анықтау және соңғы күні сайлаудан шыққаннан кейін экзит-пул әдісімен арнайы сауалдама жүргізу. Бұл әдіс әлемдік тәжірибеде бар. Бізде де, Қазақстан тәуелсіздігін алып, демократиялық ел болғаннан бері осындай зерттеулер өткізіліп келеді, деді ол.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».