ВИКТОРИЯ – АБАЙ ОҚУЛАРЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ
Ақындар Меккесі атанған Жидебайда Абай оқуларының өткізіліп келе жатқанына он жылдан асып барады. Жуырда осындай дәстүрлі оқу өзге ұлт өкілдері арасында өткізілді. Облыстық дәрежедегі бұл сайыста бас жүлдені Семейдегі Әуезов атындағы педколледждің оқушысы Виктория Парасюкова жеңіп алды.
Виктория аталған оқу орнын бітірген соң жас ұрпаққа мамандығы бойынша қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін болады.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей.
НЕМІС ЕЛШІСІНІҢ ҚЫЗЫЛЖАРҒА САПАРЫ
Германияның Қазақстандағы елшісі Райнер Шлегетер мен елшіліктің экономика және баспасөз мәселелері жөніндегі атташесі Ян-Дитер Госинк жұмыс сапарымен Қызылжар өңірінде болды. Оларды облыс әкімі Серік Біләлов қабылдап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму бағдарымен таныстырып өтті. Биылғы Германияның Қазақстандағы жылы аясында атқарылып жатқан шараларға тоқталып, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты жалғастыру басты бағыт болып қала беретінін жеткізді. Өзара келісілген уағдаластық бойынша, Петропавл мен Германияның бір қаласымен бауырластық қарым-қатынас орнатылатын болды. Елші өз сөзінде Қызылжар өңіріне бірінші келіп тұрғанына қарамастан, үлкен әсер алғанын, Қазақстандағы жетістіктерге көңілі толатынын айрықша атап көрсетті.
Райнер Шлегетер облыс орталығының көрнекті жерлерімен танысып, Германияның Қазақстандағы жылына орай ұйымдастырылған “Қазіргі замандағы Германия” атты көрменің ашылу салтанатына қатысты.
Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы
ЖҰРТҚА ЖАҚЫНДАТУ ШАРАСЫ
Қарағанды қаласында “Танысуға рұхсат етіңіз” атты акция өтті. Ол учаскелік полиция инспекторларының тұрғындар арасында қызметі мәртебесін көтеруге, сондай-ақ тәртіп бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын жетілдіруге арналды.
Алдымен оперативтік жағдайға жан-жақты талдау жасалып кейін учаскелік тәртіп сақшылары үй-үйлерді, аулаларды аралап, азаматтармен кездесулер өткізді. Бұған қалалық ішкі істер департаментінің басшылары, жауапты қызметкерлері қатысты.
Қала бойынша 34 учаскелік полиция бекеті бар. Онда 147 инспектор қызмет етуге қамтылған. Аталған акция кезінде олар жұртқа танылып, оларға жақындай түсті.
Айқын НЕСІПБАЙ,ҚАРАҒАНДЫ.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ КОНФЕРЕНЦИЯ
Қай салада болса да ғылым жетістіктерін жете пайдалану мәселесі күн тәртібіне өткір қойылып келеді. Осы мақсатты көздеген халықаралық ғылыми конференция Қарасай ауданындағы Казақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында “Егіншіліктің, ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясы мен биологиясының жетістіктері және болашағы” деген тақырыпта өрбіп, оның жұмысына Ресей, Беларусь, Украина, Моңғолия, Тәжікстан және басқа елдерден ғалымдар қатысты.
Жиналғандар ғылыми-зерттеу институтының далалық негіздегі аудандастырылуға ыңғайластырылған арпа мен сұлының –30, бидайдың 25 сортты түрлерінің тәжірибеден өткеніне жоғары бағаларын берді. Бірнеше күнге созылған жиында шет елдерден келген ғалымдар халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту мен экологиялық жағынан таза өнім өсіру жөнінде ортақ пікірге келіп, ғылым сапасын көтеру қажеттігімен келісті.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.
АННА КЕЛІН ӘН САЛДЫ ҚАЛЫҚТАТЫП
Қазақтың жігіттерімен отау құрып, бақытын тапқан өзге ұлт өкілдері көп. Соның бірі –Таразда тұратын неміс қызы, Мәдениет қайраткері Анна Вундер. Қазақша, немісше және орысша ән салатын қазақтың келіні Анна өткен аптада Индер ауданының жұртшылығын өнерімен тәнті етті.
Әншінің күйеуі Қаржаубай Тілеуқабылұлы да қоңыр домбырамен ән салатын әнші, әрі композитор. Өнерді серік еткен бұл отбасының ұлы Тимур да халықаралық сайыстарға қатысып, талай жүлдеге ие болған екен. Олармен бірге жас әнші Анар Әбсадықова да бірнеше ән орындап, өнерсүйер қауымның ықыласына бөленді.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,Атырау облысы.
БАЛА БАҚЫТЫ – ҮЛКЕНДЕРДІҢ ҚУАНЫШЫ
Қазақтың жігіттерімен отау құрып, бақытын тапқан өзге ұлт өкілдері көп. Соның бірі –Таразда тұратын неміс қызы, Мәдениет қайраткері Анна Вундер. Қазақша, немісше және орысша ән салатын қазақтың келіні Анна өткен аптада Индер ауданының жұртшылығын өнерімен тәнті етті.
Әншінің күйеуі Қаржаубай Тілеуқабылұлы да қоңыр домбырамен ән салатын әнші, әрі композитор. Өнерді серік еткен бұл отбасының ұлы Тимур да халықаралық сайыстарға қатысып, талай жүлдеге ие болған екен. Олармен бірге жас әнші Анар Әбсадықова да бірнеше ән орындап, өнерсүйер қауымның ықыласына бөленді.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.
ЖАҢА ЖИНАҚТЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ
“Таза бұлақ” қоғамдық қоры биыл “Елім менің” атты патриоттық әндер байқауын өткізген болатын. Өткен аптада осы байқау жеңімпаздары орындаған әндер жинағының тұсаукесері өтті. Оған басқалармен бірге қостанайлық ең жас композитор, Астанадағы музыка академиясының студенті Жансая Рысмағанбетованың әндері де кірді. Ол қазірдің өзінде 20-дан аса патриоттық әндердің авторы.
Тұсаукесер кешінде қостанайлық жас талап әншілер, ақындар, журналистер өнер мен әдебиет саласындағы аға буын өкілдерімен кездесті, олардың ақыл-кеңесін тыңдады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, ҚОСТАНАЙ.