Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен өткен экспедиция Шымкент қаласынан бастау алып, алдымен Ибрагим ата, Қарашаш ана, Бибіғияс ана кесенелеріне зиярат етуден басталды. Сайрам ауданында жалғасқан іс-шара барысында Нанжеместің көтерген символдық Балуан тасы зерттеліп, оның тарихи-мәдени мәні зерделенді.
Сапар аясында экспедиция мүшелері өңірдегі өндіріс орындарын да аралады. Соның ішінде «GenGroup Qazaqstan» ЖШС-ның банан плантациясына барып, кәсіпорын жұмысымен танысты.
Одан әрі жол Ордабасы ауданында жалғасын тауып, Қажымұқан Мұңайтпасұлы кесенесіне зиярат жасалды. Палуан бабаның ұрпақтарының қолында сақталған жәдігерлер зерттеу нысанына айналды. Атап айтқанда, Қажымұқанның арбасының бел темірі, ожауы, су құятын ыдысы, сырнайы мен шабаданы көпшілік назарын аударды. Экспедиция мүшелері палуан әулетінің өкілдерінен бұрын беймәлім болған деректерді жазып алды.
Сондай-ақ қатысушылар жаңғыртылған Қажымұқан атындағы облыстық спорт музейіне барып, онда сақталған сегіз Балуан тастың тарихымен танысты. Музейде жергілікті зиялы қауым мен спортшылардың қатысуымен «Күш лекциясы» ұйымдастырылып, Ұлы даланың күш мәдениеті мен батыр-балуандардың тарихи сабақтастығы сөз болды.
Осы жиында өңірдің белгілі қаламгерлері Асан Тұрабаев пен Ілесхан Байжановқа ұлт руханиятына қосқан үлесі үшін «Балуан тас» төсбелгілері табысталып, «Рухани палуан» атағы берілді. Жоба жетекшісі Абылайхан Қалназаров балуандық ұғымының мәніне тоқталып: «Балуандық тек қана қара күшпен өлшенбейді. Оның рухани және қайраткерлік қабаттары бар. Балуан тас та тек қана физикалық түрде көтерілмейді. Ол да тұтас бір философия болғандықтан, басқа да салаларда символдық тұрғыда көтеріле береді. Екі ағамыздың атқарған ісі жүздеген адам жұмыс істейтін үлкен зерттеу институттарына бергісіз.
«Ұлылардың бағасын халық бергенімен, сыйын жеке ерлер береді» деген бар. Біздікі соған ишара», деді.
Бірінші күннің қорытындысы бойынша «Қазақ күшінің картасына» бір символдық және сегіз заттық Балуан тас жеке нысан ретінде енгізіліп, олардың толық сипаттамасы ақпараттық базаға тіркелді.
Айта кетейік, экспедиция 21 наурызға дейін жалғасады. Алдағы күндері Бәйдібек, Созақ, Отырар, Сауран аудандары мен Түркістан қаласында зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Жобаны «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясы ұйымдастырып отыр.
Сапар құрамына арнайы жасақталған журналистер мен блогерлер тобы, ғалымдар мен спортшылар енген. Олардың қатарында Зейін Әліпбек бастаған медиа өкілдері, Серік Ерғали жетекшілік ететін ғалымдар шоғыры және әйгілі балуан Арман Сүлеймен бар.
Еске сала кетейік, «Қазақ күшінің картасы» жобасының тұсауы өткен жылы Наурыз мерекесінде елордада кесілген еді. Бұған дейін Ақтөбе және Павлодар облыстарында ұйымдастырылған экспедициялар нәтижесінде алғашқы ғылыми-мәдени деректер жинақталған. Түркістан бағытындағы бұл сапар жобаның рухани-тарихи тұрғыдан маңызды кезеңдерінің бірі саналады. Сонымен қатар іс-шара Наурыз мейрамы мен Түркістанда өтетін көкпардан әлем чемпионатына орайластырылған.
Жобаның басты мақсаты – қазақтың дәстүрлі күш мәдениетін кешенді зерттеу, балуан тастарды ұлттық мұра ретінде жүйелеу және оларды заманауи мәдени айналымға енгізу арқылы ұлттық бірегейлікті нығайту.