Қоғам • Бүгін, 15:24

112 мың теңге: Ел азаматтарының орташа айлық шығыны есептелді

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

2025 жылдың төртінші тоқсанында ел тұрғындарының шығын табыс өсімінен асып түсті. Халықтың тұтыну құрылымында азық-түлік негізгі орынды сақтап отыр, ал бірқатар өңірде несие төлемдері отбасы бюджетінің салмақты бөлігіне айналған, деп жазады Egemen.kz.

112 мың теңге: Ел азаматтарының орташа айлық шығыны есептелді

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, өткен жылдың қазан-желтоқсан айларында жан басына шаққандағы орташа атаулы табыс 374,3 мың теңгені құраған. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9% жоғары. Табыс құрылымында ең үлкен үлес еңбек қызметіне тиесілі – 280,2 мың теңге (+8,7%).

Алайда шығын көлемі бұдан да жылдам өскен. Орта есеппен бір отандасымыз тоқсанына 338,4 мың теңге жұмсаған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,4% көп. Осылайша ай сайынғы шығыс шамамен 112,8 мың теңгеге жеткен.

Дәстүрлі түрде табыс деңгейі бойынша ірі қалалар алда. Ең жоғары көрсеткіштер Астанада – 528,4 мың теңге (+5%), Қарағандыда – 521,8 мың теңге (+13,9%) және Алматыда – 483,5 мың теңге (+3,4%).

Ал ең төмен табыс Түркістан (235 мың теңге) және Жамбыл (275,4 мың теңге) облыстарында тіркелген. Дегенмен бұл өңірлерде өсім қарқыны республикалық деңгейден жоғары – тиісінше 13,6% және 14,6%.

Ел тұрғындары табысының көп бөлігін азық-түлікке жұмсайды

Шығын құрылымы: Азық-түлік пен несие

Отбасы бюджетінің жартысынан астамы, нақтырақ айтқанда, азық-түлікке 177,2 мың теңге жұмсалған. Бұл шығын бір жылда 14,3%-ға өскен. Бағаның айтарлықтай қымбаттауы мына тауарларға тиесілі:

  • Ет – 58,9 мың теңге (+23,6%);
  • Көкөніс пен жеміс-жидек – 25,2 мың теңге (+12%);
  • Нан және жарма өнімдері – 23,6 мың теңге (+9,7%).

Азық-түлікке жатпайтын тауарларға жұмсалған қаражат 72 мың теңгені құраған. Бұл көрсеткіш айтарлықтай өзгермегенімен, автокөлік пен жанармай сатып алу 8,7%-ға азайып, керісінше киім-кешекке сұраныс 5,4%-ға артқан.

Ақылы қызметтерге кететін шығын 8,3%-ға өсіп, 61,8 мың теңгеге жеткен. Негізгі өсім коммуналдық қызметтер мен байланыс тарифтерінің қымбаттауымен байланысты (+14,6%).

Тұтынушылық несие нарығындағы қауіп: Берешек көлемі неге өсуі мүмкін?

Несие жүктемесі өңірлерде әркелкі

Сарапшылар несие мен қарызды өтеуге ерекше назар аударды. Орта есеппен қазақстандықтар тоқсанына 20,6 мың теңгені осы мақсатқа жұмсаған, өткен жылмен салыстырған 8,4%-ға көп.

Өңірлер арасындағы айырмашылық айқын:

  • Ұлытау облысында көрсеткіш ең жоғары – 65,6 мың теңге (+17,3%);
  • Қарағанды облысында – 43,4 мың теңге;
  • Ақмола облысында – 39,1 мың теңге.

Астанада бұл шығын 38 мың теңге болса, Алматыда небәрі 11 мың теңгені құраған (–21,7%). Ең төмен көрсеткіш Шымкентте тіркелген – 3,2 мың теңге, мұнда шығын көлемі 1,6 есеге азайған.

Ал Маңғыстау облысында керісінше, рекордтық өсім байқалды: бір жыл ішінде несие өтеуге жұмсалатын қаражат 20 есе артып, 394 теңгеден шамамен 8 мың теңгеге дейін жеткен.

Сарапшылардың пікірінше, табыс пен шығыс арасындағы бұл алшақтық халықтың жинақ ақша жинау мүмкіндігін шектеп, тұтынушылық несиеге тәуелділікті арттыруы мүмкін. 
Соңғы жаңалықтар