Фото: Ерлан Омар
Сауда – ішкі нарықты қалыптастырып қана қоймай, халықты жұмыспен қамтып, шағын және орта бизнестің дамуына серпін беретін стратегиялық маңызды сала. 2025 жылғы жедел деректерге сәйкес, сауданың ІЖӨ-дегі үлесі 19,2% болды. Бұл көрсеткіш үш жыл бұрын 16,4% деңгейінде еді. Осылайша, саланың экономикалық ықпалы айтарлықтай күшейгені байқалады. Ал 2025 жылы сауда саласының өсімі 8,9%-ға жетіп, экономиканың қарқынды дамып келе жатқан бағыттарының біріне айналды.
Саланың маңызы тек экономикалық белсенділікпен шектелмейді. Сауда компаниялары мемлекеттік бюджетке ірі көлемде салық төлейтін негізгі донорлардың бірі саналады. Осы тұрғыда 2025 жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі сауда секторындағы ең ірі 20 салық төлеуші анықталды. Зерттеу объективті болуы үшін мұнай-газ саласына жататын компаниялар есепке алынбаған.
Рейтингте бірінші орынды Kaspi.kz маркетплейсі иеленді. Компанияның 2025 жылы төлеген салығы 138,4 млрд теңгені құрады. Соңғы үш жылда бұл көрсеткіш 2 еседен астам өскен. Оның құрамындағы «Kaspi Магазин», «Kaspi Travel», «Колёса», «Magnum E-commerce Kazakhstan» секілді алаңдар да салық түсіміне елеулі үлес қосып отыр.
Екінші орында – «Тойота Мотор Қазақстан» ЖШС, оның салық көлемі 125,3 млрд теңге болды. Компания Toyota көліктерін, қосалқы бөлшектер мен аксессуарларды жеткізіп, кепілдік қызмет көрсетумен қатар, Қазақстан мен Қырғызстандағы брендтің маркетингін жүзеге асырады.
Үшінші орынды «Кока-Кола Алматы Боттлерс» бірлескен кәсіпорны иеленді. Компанияның бюджетке аударған салығы 61,6 млрд теңгені құрады. Ол Coca-Cola, Sprite, Fanta, BonAqua, Fuse Tea, Piko секілді өнімдерді шығарып, халықаралық франчайзинг негізінде жұмыс істейді.
Топ-10 тізіміндегі өзге компаниялар да ірі салық төлеушілер қатарынан көрінді:
- Төртінші орын – «Бритиш Американ Тобакко Қазақстан Трейдинг» ЖШС: 42,5 млрд теңге;
- Бесінші орын – «АСБИС Қазақстан» ЖШС: 31 млрд теңге;
- Алтыншы орын – «Борусан Макина Қазақстан» ЖШС: 27,2 млрд теңге;
- Жетінші орын – «Samsung Electronics Central Eurasia» ЖШС: 26,6 млрд теңге;
- Сегізінші орын – «KDV Қазақстан» ЖШС: 23,1 млрд теңге;
- Тоғызыншы орын – «Eurasian Machinery» ЖШС: 23 млрд теңге;
- Оныншы орын – «Magnum Cash&Carry» ЖШС: 20,7 млрд теңге.
Жалпы, аталған 20 ірі компания 2025 жылы мемлекет қазынасына 690 млрд теңгеден астам салық аударған.
Бұл рейтинг сауда саласының Қазақстан экономикасындағы шешуші рөлін айқын көрсетеді. Ірі компаниялардың қомақты салық төлемдері олардың ауқымды қызметін, жоғары айналымын және ішкі нарықтағы тұрақты сұранысты аңғартады.
Алдағы уақытта тұтыну нарығының кеңеюі, цифрландыру үдерісі мен электронды сауданың дамуы бұл саланың маңызын одан әрі арттыра түспек. Сауда секторы экономиканың ғана емес, мемлекеттік бюджетті толықтырудың да негізгі тіректерінің бірі болып қала береді.