фото: Ақорда
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда жүзеге асқан конституциялық реформаның тарихи маңызын атап өтіп, жалпыхалықтық референдум нәтижесінде ел қолдауына ие болған Халық Конституциясы қабылданғанын айтты.
«Қазір Қазақстанда түбегейлі өзгерістер кезеңі басталды. Оны баршаңыз жақсы білесіздер. Бәріміз бір ел болып Конституциялық реформаны табысты жүзеге асырдық. Бұл реформаның тарихи мән-мағынасы ерекше. Оның ел дамуына тигізетін ықпалы аса күшті боларына күмән жоқ. Соған байланысты шет елдердің басшылары, саясаткерлер және сарапшылар біздің Конституциялық реформаға аса зор ықыласпен қарап отырды. Олар Қазақстан конституциялық реформаға жаңаша көзқараспен қарап, кең ауқымды өзгерістер жасағанын, еліміз Конституцияның мән-мазмұнын өзгертіп, мүлде жаңа тұрпатты ел болғанын айтып жатыр», деді Президент.
Ел Президентінің айтуынша, жалпыхалықтық референдумда азаматтарымыз еліміздің жарқын болашағы үшін, яғни, жас ұрпақтарымыз үшін тарихи таңдауын жасады. Ел қолдауына ие болған нағыз Халық Конституциясы тұғырына қонды.
Мемлекет басшысы ел азаматтарын Наурыз мейрамымен құттықтады
«Конституция – мемлекетіміздің болашағына бағдар болатын, ұлттық мақсат-мұратымызды айқындайтын аса маңызды құжат, темірқазық. Мұны да ақиқат ретінде бүкіл дүние жүзіндегі қауымдастық мойындап жатыр», деді Қ.Тоқаев.