Алматыны жақсы білетін жан баласы: «Жаңбыр жауғаны несі, Алматы үшін сол да жаңалық боп па?» дер таңданып! Дегенмен де, дәл мұндай нөсерлі жаңбырдың биылғы мамыр айының 9-нан кейін Алматыда жаумағанын қала халқы ұмытпағанын еске сала кетейік. Арғы күні кешкілік басталған нөсерлі жаңбыр кеше кешке дейін тоқтамай жауды. Сондықтан да алматылықтар үшін ол күннің басты да ең маңызды оқиғасы осы жауын болды. Ала жаздай Алатау мұнартып, күн шыжып, термометрдегі сынап бағанасы + 40 градустың төңірегінде тұрып алған. 27 шілде күні соңғы рет жауған жаңбыр бір сәтке ғана шаң басып, себелеп өткен де кеткен...
Осы екі арада, шаң басар жаңбырдан төрт-ақ күн бұрын, қуықтай ғана елеусіз ағып жатқан Қарғалы өзенінен ешкім күтпеген сел жүрді. Сел деген аты, болмаса тау бөктерінен бастау алатын қаланың екі шағын ауданының көшелерінен қой тастар араласқан лай көшкіні тасыр-тұсыр ақты. Елде зәре қалмады. Әйтеуір, адамдар аман. Ол аумақта табиғат апатының зардабын жою ісі әлі де қарқынын бәсеңдетпей жүріп жатыр. Ғалымдар мен мамандар, көнекөз қала тұрғындары айналып келгенде бұл апат Алматыда бұрын-соңды болмаған сол ыстықтың салдарынан келді дегенді айтады.
Жаңбыр басылса, кәдімгі жұрттың көзіне жылы көрінетін ақ бас Алатаудың ұшар басы да көрініп қалар. «Енді Алатаудың басына қар түседі. Тау сәніне келіп, мұздақтар қайтадан құрсауланып, қатаяды» деп қуанып жүргендер де бар. Өйткені, мұздақ мығым болса – етектегі елге қауіпсіз, жөнімен ғана ерісе – Алматы халқының шөлін басатын ауызсу!
Алматы аспанының түнеріп тұрып алғанына қарағанда тау етегінде жаңбыр жуық арада басылмайтын да сияқты...
Халық бірден жылы киініп, қолшатыр ұстады.
Екі көздері бұлт шарпыған Алатауда!..
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.