Байланыс – адамзаттың бүгінгі өмірінің ажырамас бөлшегіне айналған сала. Баспасөз өкілдерімен қатар келетін байланыс күнінде Шығыс Қазақстан облыстық телекоммуникация дирекциясының бас директоры Ермек ҚУАНЫШБЕКОВПЕН әңгімелескен едік. Кәсіпорын басшысы өңірде байланыс саласының өркендеп келе жатқанын, «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» жаңа технологиямен қамту жөнінде жүйелі жұмыстар жасалып жатқанын жеткізді.
– Ермек Болатұлы, еліміздің ірі экономикалық аймақтарының бірі – Шығыс Қазақстан өңіріндегі байланыс саласына басшылық қызметке тағайындалғаныңызға көп уақыт өте қойған жоқ. Жеделдікті ұнататын сала аймақта қаншалықты жолға қойылып отыр?
– Елімізде «Ақпараттық Қазақстан – 2020» мемлекеттік бағдарламасы қабылданғанын білесіздер. Аталған бағдарламаны жүзеге асыру шеңберінде «Қазақтелеком» АҚ Шығыс Қазақстан өңірінде көпқабатты үйлерде оптикалық кабель талшықтары желісін орнату жобасын жүзеге асырып жатыр. Айталық, 2014 жылы өңіріміздегі облыстық дәрежесі бар екі қалада, атап айтқанда, Өскемен мен Семей қалаларындағы көпқабатты үйлерде оптикалық кабель талшықтары желісінің құрылысы аяқталды. Бұл қалаларда әр бесінші отбасы жедел интернет құрылғыларына ие деуімізге болады. Бұл көрсеткіш ай сайын артпаса, кеміген жоқ.
Келесі кезеңде, яғни ағымдағы жылы Риддер мен Зырян қалаларында GPON технологиясы бойынша кеңжолақты интернетті дамыту үшін желі құрылысы жүргізіліп, жыл соңына дейін алғашқы абоненттерге қосылатын болады.
– Өңірімізде интернет қызметі солғын аудандардың бірі Абай ауданы екенін білеміз. Абайлықтар сапалы интернет қызметіне қашан қол жеткізеді?
– «Қазақтелеком» АҚ Шығыс Қазақстан облысы филиалының тағы бір маңызды жетістігі ретінде оптикалық кабель талшықтары желісі құрылысының барлық жерде жаппай жүргізіліп жатқанын айтар едім. Бұл стратегиялық бағдарлама өңірдің әрбір аудан орталықтарына жеткізілді. 2007 жылы басталған бағдарлама биыл толығымен аяқталады. Сіз айтқан Абай ауданының орталығы – Қарауыл ауылы жақында, жаз маусымының соңында аталған желінің негізгі магистраліне қосылады. Осылайша, аудан орталықтарын сандық жүйеге көшіру 100 пайызға толығымен орындалады. Бұл жоба кең жолақты интернет қызметін ұсынып қана қоймайды. Сонымен бірге, аудан орталықтарының тұрғындары интерактивті сандық теледидар көруге мүмкіндік алады және аудан халқының компьютерлік сауатын көтеруге айтарлықтай үлес қосады деген ойдамыз.
– Бүгінде ұялы байланыс операторлары уақытпен, нарықпен бірге жетіліп келе жатқаны айқын. Қалалық, ауылдық телефондар қажет болмауға айналды...
– Жыл сайын халыққа ғана емес, сонымен бірге заңды тұлғаларға арналған жаңа технология мен қызмет түрлері енгізілуде. Оларға көрсетілетін қызмет сапасы да жақсарып келеді. FMS шешім базасында «Әмбебап номер» атты жаңа қызмет түрін ұсыну басталғанын айтқым келеді. Бұл – қалалық және мобильді номерлерді біріктірумен бірге еліміз бойынша шектеусіз қоңырау шалуға мүмкіндік береді. Аталған қызмет түрі Өскемен мен Семей қалаларынан өзге Риддер, Серебрянск қалалары мен Глубокое кентін қамтып отыр. Жыл соңына дейін осы қызмет түрін облыстың барлық аудан орталықтарының тұрғындары пайдаланып, өздерінің бағасын беретін болады.
Дерек ретінде айтар болсақ, 2015 жылдың 1 маусымындағы мәлімет бойынша, Шығыс Қазақстан өңірінде 749 елді мекен телефонмен қамтылып, 467 ауыл кең жолақты интернетке қол жеткізді. Тіркелген телефон қызметіне 385 мың абонент қосылса, 123 мыңнан астам абонент (2013 жылдан бері 17 пайызға өскен) кең жолақты интернет желісін пайдаланады. Оның ішінде 44 мың абонент (2013 жылдан бері 64 пайызға өскен) «ID Net» қызметін пайдаланса, 20 мыңнан астам абонент (2013 жылдан бері 56 пайызға өскен) «ID TV» қызметіне қосылған және 12 мыңнан аса абонент (2013 жылдан бері 104 пайызға өскен) «ID Phone» қызметінің тұтынушысы атанды. Бүгінде 3 мыңнан астам абонент «Әмбебап номер» қызметінің артықшылықтарына көз жеткізіп үлгерді.
Мұның барлығы байланыс мамандарының тиімді технологияға иек арта отырып, тынымсыз жұмыс істеуінің нәтижесі деп ойлаймын. Соның нәтижесінде, Шығыс Қазақстан облыстық телекоммуникация дирекциясы 2014 жылы «Қазақтелеком» АҚ-тың үздік филиалы деп танылды. Сондай-ақ, былтыр филиалымыздың 2 қызметкері Қазақстан Республикасы Ақпарат және байланыс агенттігінің құрмет грамоталарымен марапатталып, 1 қызметкеріміз «Жылдың үздік қызметкері» атты ұжымдық марапатқа ие болды. Үш бірдей қызметкеріміз Қазақстан Республикасының Инвестиция және даму министрлігінің «Үздік байланысшы» атағымен, кәсіпорында 20 жылдан артық жұмыс істеген 37 қызметкеріміз «Қазақтелеком» АҚ 20 жылдық мерейтойлық белгісімен марапатталды.
Әңгімелескен
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы.