Еліміздің сот жүйесінде үлкен реформалар жүріп жатыр. Жауырды жаба тоқымай айтсақ, бұрындары сот саласына халықтың көзқарасы әртүрлі болатын. Көпшілік арасында судьялар бұра тартады деген пікір де қалыптасты. «Сотқа бара бергенше, пара бер» деген уытты сөзді де сол уақыт тудырған.
Енді байқасақ, сот жүйесіндегі реформалар жемісін беруде. Сот процестерін таза әрі ашық өткізуге үлкен бетбұрыс жасалғаны көрінеді. Кейіннен дау-дамай тумас үшін сот залынан отырыстар ашық көрсетіліп, онда электрондық ақпараттың, бүгінгі озық технологияның жетістіктері пайдаланылып келеді.
Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы, заң ғылымдарының кандидаты Мадияр БАЛКЕН сот саласындағы тәжірибесі мол азамат. Алматы экономикалық соты төрағасы сияқты лауазымды қызмет атқарған Мадияр Балкен Оңтүстік Корей мемлекетінің Жоғарғы сотында қызметтік тәжірибеден өткен. Енді жоғарыда айтылған мәселелерге сай АҚШ, Тайланд, Үндістан, Біріккен Араб Әмірліктері, Түркия, Франция, Болгария, Голландия, Сингапур сияқты мемлекеттерде болып, тәжірибе алмасқан маманның қазақстандық сот жүйесін жетілдіру жолында өз айтары бар екен.
– Қазақстан Республикасының халықаралық экономикалық және саяси қарым-қатынастардың белсенді мүшесі атанып, демократиялық мемлекет ретінде қалыптасуы және одан әрі нығаюы елімізде тиімді реформалардың жүргізілуімен байланысты, – дейді Мадияр Балкен. Биыл Қазақстан елдің Негізгі Заңы – Конституцияның 20 жылдығын атап өтеді. Ата Заң елдің және қоғамдық-саяси өмірдің түрлі салаларын реформалаудың жемісті де сенімді серігі болып, экономиканы жаңғыртуға, мемлекеттік басқарудың жаңа жолдарын енгізуге жағдайлар жасады. Соның ішінде дауларды шешудің баламалы әдістерін дамыту Қазақстандағы құқықтық реформаның өзекті, заманауи міндеттерінің бірі болып табылады.
«Баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет: бес институттық реформа» бағдарламасында ел Президенті Н. Назарбаев барынша тартымды инвестициялық ахуал қалыптастыру үшін Қазақстанға шетелдік судьяларды тарта отырып, инвестициялық дауларды шешудің шетелдік озық стандарттарын енгізу міндетін қойды. Бұл реформаларды жүзеге асыру үшін оған «100 нақты қадам» жоспары негіз болды, онда Дубай тәжірибесі үлгісінде «Астана» Халықаралық қаржы орталығын (AIFC) және Халықаралық арбитраж орталығын (AIFC) құру көзделген.
Бұл жерде екінші мәселеге нақтырақ тоқталсам деймін. Бүгінгі күнге әлемде оннан астам ірі және белгілі арбитраждық орталықтар бар. Олардың қатарында: Вашингтондағы инвестициялық дауларды шешу бойынша халықаралық орталық (ICSID), Лондон, Париж, Вена, Стокгольмдегі коммерциялық арбитраж орталықтары. Бұлармен қатар, Токио, Гонконг, Сингапур, Дубай, Куала-Лумпурдың арбитраж орталықтары жоғары беделге ие. Аталған орталықтардың географиялық жағынан бұлайша орналасуы кездейсоқтық емес және ол, сауда-өндірістік және қаржылық нарықтарды дамытудың және қолдаудың кешенді инфрақұрылымының құрамдас бөлігі болып табылатын, коммерциялық дауларды соттан тыс реттеу алаңдарының орналасуын білдіреді. Халықаралық арбитраждық орталықтарды құрудың жемісті тәжірибесінің, бір мезгілде заң қызметін көрсету және сот қорғауына жүгінудің халықаралық хабын құруға мүмкіндік беретінін, сондай-ақ, аймақтағы іскерлік белсенділікке серпін әкелетінін атап өткен жөн.
– Халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша, Лондонның үздік адвокаттық кеңселерінің жүздігі тек 2012 жылы ғана сот дауларынан, оның ішінде ресейлік кәсіпкерлердің қатысуымен болған даулардан 5,4 миллиард фунт стерлингке жуық табыс тапқан делінеді. Бұл жөнінде не айтасыз?
– Бұл рас. Лондондағы «Березовский Абрамовичке қарсы» атты іс бойынша гонорар 100 млн. фунттан астам соманы құраған. Мұның барлығы экономиканың түрлі салаларына, көліктен бастап, қонақүй және аудармашылық қызмет көрсету салаларына дейін оң әсерін тигізеді. Дәл осы көрсеткіштер Лондон мэрі Борис Джонсонның кәсіпкерлер қауымдастығын, өз дауларын Ұлыбританияның астанасында шешуге шақырып, тікелей үндеу жасауына түрткі болған болса керек. Қазақстанға алыс және жақын шетелдерден инвестициялық ағынды арттыру мақсатында, Елбасының тапсырмасымен «Астана» халықаралық қаржы орталығын (AIFC) құру туралы шешім қабылданды. «Астана» халықаралық қаржы орталығын құруда бағыт-бағдар ретінде Дубай тәжірибесі кездейсоқ таңдалған жоқ. Азия, Еуропа, Американың қаржылық орталықтарының әлемдік желісіне жемісті түрде интеграцияланған Дубай халықаралық қаржы орталығы (DIFC) БАӘ-де 2004 жылы құрылған. Қысқа мерзім ішінде ол толыққанды түрде әлемдік қаржы нарығының серпінді дамушы алаңдарының қатарына еніп, өз қызметімен Парсы шығанағы және Африка елдерін қамтып отыр. Дубайда DIFC қаржылық орталығының жемісті даму жағдайларының бірі ретінде әкімшілік-қаржылық реттеудің тиімді жүйесін (орталықтың қатысушыларына үлкен жеңілдіктер және түрлі қаржылық құралдар беру), көлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарды, сондай-ақ, сот пен арбитражда инвесторлардың құқықтарын қорғаудың тәуелсіз институттарымен қатар, озық құқықтық жүйені құруды атайды. Жалпы, Дубай халықаралық қаржы орталығының (DIFC) құқықтық жүйесінің ерекшелігі, оның әлемдік қаржы нарығы субъектілеріне кеңінен таныс ағылшын-саксон құқық жүйесі (common law) негізінде қалыптастырылғаны болып табылады. Ал Дубай әмірлігінің және БАӘ-нің қалған бөлігінде континентальды құқық жүйесі және шариғат жемісті түрде қолданылуда. DIFC/LCIA арбитраж орталығы Дубай арбитражы және негізі 1891 жылы қаланған Лондон коммерциялық халықаралық арбитражының (LCIA) бірлескен платформасы негізінде құрылған болатын. Бұл Дубайда DIFC қаржы орталығы қатысушыларының және аймақтың басқа да инвесторлары дауларын әлемде ең жоғары деңгейде танылған арбитраждық институттардың бірінің халықаралық арбитрін тарту арқылы ағылшын процессуалдық регламенті негізінде жемісті түрде шешуге мүмкіндік берді.
DIFC/LCIA арбитраж орталығы өз қызметін арбитраж, медиация және дауларды шешудің басқа да баламалы нысандарында жүзеге асырады. Бұл жерде, арбитраж институтының инвесторларға дауды шешудің, тараптардың ерікті түрдегі қарау рәсімін, арбитрлерді, дауды шешу жолдарын іздеуге қолдау көрсетуші, бір мезгілде рәсімдердің қорытындысына шағымдану мүмкіндігін шектей алатын құқықтық сарапшыларды таңдауына негізделген соттан тыс нұсқасын пайдалану мүмкіндігін беретінін атап кету өте маңызды.
Дубай халықаралық қаржы орталығында (DIFC) арбитраждық орталық DIFC/LCIA және DIFC соттары (DIFC Courts) арасындағы өзара тиімді іс-әрекеттерді жемісті түрде жүзеге асыру мүмкін болғанын ерекше атап өту қажет. Бұл бірін-бірі өзара толықтырушы екі институттар, түбінде Дубай халықаралық қаржылық орталығының (DIFC) дауларды шешу бойынша жалпы құрылымын – Dispute Resolution Authority (DRA)-ны құрайды.
DIFC соттары және арбитраждық орталықтың DIFC/LCIA өзара жемісті іс-әрекеттерінің дәлелі, Дубайда «DIFC соттарының No.2 of 2015 тәжірибелік басшылығы» құжатын қолдану тәжірибесі бола алады, бұл құжат өндіріп алушыға, егер борышқормен DIFC соттарының шешімі орындалмаса, DIFC/LCIA арбитраждық орталығына жүгінуге және орындауға қатысты дау бойынша арбитраждың қосымша шешімін алуға, ол өз кезегінде «Шетел арбитраждық шешімдерін тану және орындау туралы» БҰҰ Конвенциясы негізінде әлемнің 150 елінде орындату мүмкіндігіне құқық береді. DIFC соттары және арбитраждық орталықтың DIFC/LCIA өзара ынтымақтастығы негізінде жасалған бұл құқықтық құрал, қазіргі таңда көптеген елдерде шетел соттарының шешімдерін тану және орындауға кедергі болып отырған, халықаралық құқықтық көмек көрсету туралы екіжақты мемлекетаралық келісімдердің болмауы жайттарының орнын толтыруға мүмкіндік береді.
DIFC/LCIA арбитраждық орталығының мәртебесі DIFC-ның 2008 жылғы «DIFC арбитражы туралы» заңымен айқындалатынын атап кету керек, ол арбитраждық істерді қарауға бұрынғыға қарағанда икемді жолдарды қарастыруымен ерекшеленеді және бірқатар мәселелер бойынша арбитраждың DIFC соттарымен өзара тығыз іс-әрекеттерін қамтамасыз ететін нормалардан тұрады.
Коммерциялық құқық саласындағы беделді шетелдік мамандарды тарта отырып, Астанада халықаралық арбитраждық орталық (AIFC) құру идеясы, халықаралық арбитраждық қараулардың қатысушылары болып табылатын бірқатар ірі кәсіпкерлік субъектілерімен ерекше ықыласты көңілмен қабылданды. Инвесторлардың халықаралық арбитражға қолжетімділігін жеңілдететін бұл шешім, Елбасының елімізде жүзеге асырып отырған реформаларының дер кезінде жасалғанын және өзектілігін кезекті рет дәлелдеп отыр. Сонымен қатар, Халықаралық арбитраждық орталықты (AIFC) құру кезінде Дубай тәжірибесін қолдану, біздің өңірде коммерциялық дауларды шешу бойынша жаңа халықаралық хаб қалыптастыруға көмектеседі және Қазақстанның еуразиялық экономикалық кеңістіктегі көшбасшылық позициясын нығайтуға септігін тигізеді деген сенім бар.
– Мадияр Темірұлы, «Астана» халықаралық қаржы орталығын құруда Дубай тәжірибесі Қазақстанның оң жамбасына келеді дедіңіз. Өйткені, ондаған шетел мемлекеттеріне жолыңыз түсті. Сізге тәржімашы керегі жоқ, ағылшын тілінде тең сөйлесесіз. Қаржы орталығының қарапайым халыққа қай жағынан тиімді екендігін таратып айтыңызшы?
– «Астана» халықаралық қаржы орталығының айтылғандардан тағы бір үлкен пайдасы біздің банк жүйесін жетілдіруге үлкен мүмкіндік жасайды. Мәселен, біздің банктер клиенттеріне несиені үлкен өсіммен береді. «Банк – күн ашықта қолшатыр сияқты сезіледі, ал жаңбыр жауғанда таппай қаласың» деген қанатты сөз бар. Бүгінде мыңдаған отандастарымыз пайызы жоғары несиелерін өтей алмай қайғыдан қан жұтып жүр. «Астана» қаржы орталығы шетелдік қаржы орталықтарымен тең жағдайда жұмыс жасағанда ондағы банк жүйесінің құрылымы біздің елге де жетеді. Қазір дүниежүзі несиені жоғары дегенде 7 пайызбен алып жұмыс жасауда. Елбасымыз ұлттық өндірісті өркендетуге үлкен мән беріп отыр. Шағын және орта бизнес – еліміздің келешегі. Осындай жағдайда біздің кәсіпкерлеріміздің жағдайы жақсы болады деп үміттенемін.
– «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмыс жасаған кезде екі мыңнан астам жұмыс орны ашылады, алайда шетелден мамандар көп шақырылады деген қауіп айтылады. Мұндай жағдайда ұтысқа кім шығады? Шетел инвесторлары Дубайда жұмыс жасауға құмбыл, ондағы қаржы орталығының олигархтарды магниттей тартуының себебі неде?
– Екі сұрақ та орынды. Ретімен жауап берейін. «Астана» халықаралық қаржы орталығы толық жұмыс жасағанда шетелдік мамандардың көптеп тартылатындығы рас. Одан қорқудың ешқандай реті жоқ.
Өйткені, біздің мамандар шетелдік кәсіби білігі жоғары мамандармен қоян-қолтық жұмыс жасау арқылы шеберлігін көтереді. Бұл еліміздің келешегі үшін маңызды мәселе.
Екінші сұрақ, неге Дубай қаржы орталығына инвесторлар құмартады дегенге келсек, мемлекет орталықты автономды етумен көп мәселені шешіп тастаған. Мұнда инвесторларға салық жағынан 5 пайыздық жеңілдік ұсынылады. Кеден саласы сияқты орталықтардан да жеңілдік көп. Бөлек үкімет, бөлек сот. Қызмет жүйесі солай құрылған. Сот саласындағы 12 судьяның 3-і ғана араб. Сот отырыстары ағылшын тілінде өтеді. Мемлекет одан зиян шегіп отырған жоқ. Араб судьялары халықаралық деңгейге көтеріледі. Олардың іс-тәжірибесі елдегі құқық саласын жетілдіреді. Дубай қаржы орталығында жұмыс жасауға мыңдаған шетелдік кәсіпкерлер кезекте тұр.
Бұл орайда, егер, «Астана» халықаралық қаржы орталығын Дубайдағы сияқты инвесторларға тартымды ете алсақ, біздің мемлекет ұтпаса, ұтылмайды.
– Әңгімеңізге рахмет. Өзіңіз айтқандай, Қазақстан әлемдік биіктерге қарыштай берсін.
Әңгімелескен
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.