15 Тамыз, 2015

Конституцияға арналған алқалы жиын

309 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
122 (13) «Нұр Отан» партиясы облыс­тық филиалында ел Конститу­ция­сы­ның 20 жылдығына арналған кон­ференция өтті. Облыстық мәс­лихат пен «Нұр Отан» пар­тиясы облыстық филиалы бірлесіп ұйымдастырған конфе­рен­цияға елімізге танымал қоғам қай­раткерлері, облыстық мәсли­хат­тың бірінші және бесінші шақырылымдарының депутаттары, қалалық және аудандық мәслихаттардың хатшылары, сайлау комиссияларының төрағалары, сот, прокуратура және әділет органдарының, мемлекеттік мекемелердің басшылары мен қызметкерлері, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Аталған жиынның шымыл­дығы «Қазақстан – Ақтөбе» телекомпаниясы Конституцияның 20 жылдығына арнап түсірген бейнефильм көрсетілімімен ашылды. Конференцияны облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова қысқаша сөз сөйлеп ашып, Ата Заңымыздың айшықты қағидаттарына назар аударды. Ол біздің елімізде көп ұлттық және ұлтаралық келісімге басымдылық берілетініне, 20 жыл бойы ұстанып келе жатқан Конституциямыз­дың бұл қағидаттың тиімді атқа­рылуына қызмет ететіндігіне еліміздегі еркіндік пен бостан­дықтың қамтамасыз етілгеніне тоқталды. Парламент Мәжі­лі­сінің екінші және үшінші шақы­рылымдарының депутаты, философия ғылымдарының докторы Амангелді Айталы «Конституция –Қазақстан Республикасының Негізгі заңы» деген тақырыпта баяндама жасады. Ол мемлекет саясатының түп қазығы Ата Заң екеніне назар аудара келіп, еліміздегі Конституцияның қалыптасу жолдарын саралай әңгімеледі. Ел егемендігінің, мемлекет тәуелсіздігінің берік тұғыры – Ата Заңымыз туралы тарих ғылымдарының докторы Нұртаза Абдоллаев, мәдениет қайраткері Еркін Құманбеков толымды пікір айтып, тарих көшіндегі Ата Заңымыз бен мемлекеттік рәміз­деріміздің маңызын аша түсті. Конференция соңында еліміз­дің конституциялық негізінің қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқаны және еліміздің қоғам­дық-саяси өміріндегі игілікті істері және белсенді қатысқаны үшін бір топ ақтөбеліктерге «Қазақ­стан мәслихатына – 20 жыл» мерекелік медалі мен облыстық мәслихатттың алғыс хаттары тапсырылды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.