Спорт • Бүгін, 09:05

Ұлттық құрама – турнир жеңімпазы

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Футболдан еліміздің ұлттық құрамасы Астанада өткен FIFA Series 2026 турнирінде чемпион атанды. Талғат Байсуфинов бас­­тайтын бас команда елорда төрінде Намибия мен Комор аралдары құрамаларын жеңді.

Ұлттық құрама – турнир жеңімпазы

Үш құрама арасында өткен турнирде біздің жігіттер екінші матчты Комор аралдарына қарсы өткізіп, 1.0 есебімен басым түсті. 4-минутта Рамазан Оразов еншісіне гол жазып, құрамаға жеңіс әкелді.

– Бізге тағы да гол соғатын мүмкіндік туды, бірақ оны мүлт жібердік. Қарсыластарды осал деу­­­ге әсте келмейді, бізбен деңгейлес құрамалар.  Жаңа маусым алдында тәжірибемізді шыңдауға орайлы турнир болды, – дейді ұлттық құрама ойыншысы Р.Оразов.

Ұлттық құрама ойыншылары алғашқы матчта Намибия ұлттық құрамасын 2:0 есебімен жеңген болатын. Тартысты ойында Ян Вороговский 12-минутта есеп ашып, Әлібек Қасым 79-минутта еншісіне гол жазды.

Бас бапкер Талғат Маруаұлы маусымашар турнирге құрама мүшелі төрт көзі түгел жиналғанын, оқу-жаттығу жиыны жоспарға сай өткенін айтты. Африка құрлығынан келген қос құрамаға қарсы тартысқа түсу артық-кем тұсты бағамдауға таптырмас мүмкіндік екенін жеткізді.

– Бұл екі құраманың кей ойыншылары біздің ішкі біріншілікте ойнайды, жігіттердің шама-шарқын біледі. Футболшылар өздеріне жүктелген сенімді ақтай білді. Біздің басты межеміз – Ұлттар лигасында жеңіске жету. Ел чемпио­­на­ты енді басталды, әр турдағы ойынды саралап, құрама қатарын толықтырамыз. Маусым айына жоспарланған жолдастық матч қарсаңында ұлттық команданың құрамы тағы бір сараланады. Қыркүйекте төрт бірдей ресми матчтың жауапкершілігі зор, – деді бас бапкер.

Білікті маман ұлттық құрамада буын алмасу кезеңі жүретіндіктен тәжірибелі ойыншылар мен жастарды тоқайластырып, қатар шыңдап, ойынның үйлесім табуына күш салынатынын да атап өтті.

Соңғы жаңалықтар