13 Шілде, 2010

ВИРТУОЗ

789 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін
Бүгін ғой, күн еңкейген кешкі сағат төрт­те елдің тәуелсіздік алғанына орай Аста­на­ның нақ төріне, Ақорданың батыс қапталына ор­наған Қазақстан деп аталатын ғажайып сарайда мерекелік концерт өтті. Елден келген Қожамжар сәті түсіп, дәм бұйырып, са­рай­дың алғаш ашылу рәсіміне, тәуелсіздік то­йына қаңғалақтап келіп қалды. Қаң­ға­лақтап деген сөзді бекер ауызға алып отыр­ға­нымыз жоқ. Құданың құдіреті дейміз ғой! Үлкен қалада, небір ығай мен сығайлар ға­жайып ғимаратқа бас сұғатын билет таппай отырғанда қиян түкпірде, жыңғыл мен шең­гел арасындағы ша­ғын ауылдан келген зей­неткер Қожам­жар­дың мына мәртебелі ортаға топ ете түскені шын­дығында кісі сенбестей оқиға еді. Себеп­кері – жалғыз ұлы Нұрасыл. Осында ұлттық музыкалық академияда домбыра сыныбынан дәріс береді. Оқу бітіргелі екі жыл, “елге қайт, ұлым!.. Бораны қасқырша ұлыған, көжесі удай қымбат сол қалада тұрып бойыңа шыр бітпейді, елге келіп бір басыңды екі етіп ал”, – деп қанша қақсады. Қасарыспасы құла­ғына ілмеді. Нағашысы басы бір қисайса құламай тын­байтын, бір нәрсеге беттесе беті қайт­пай­тын, қазықбас аталған серінің тұқымы еді, соған тартқаны ғой, айтқанға еш көнбейді. Ас­тана астана болғалы басы қисайып бо­тасын іздеген інгендей осылай қарай тартты да тұрды. Ауылды сағына ма, бәтшағар, әр кезде тілдей хат жазады. “Көке, баяғыда ұлы композитор Нұрғисаның ізбасары болсын деп есімімді Нұрасыл қойғаныңыз оңды болды... Домбыраны басыма жастап жатам... Домбырадан дәріс берем”, – дейді төгілдіріп. Мейлі ғой. Келесі хатында: “Көке, қалаға қы­дырып келіңіз, академия ректоры ең­бегімді елеп бір бөлмелі жатақхана берді, сырт­та сақылдаған сары аяз, баспанам жылы, асты өзім істеп ішем. Түйіп жүрген теңгеңіз бол­са жаратып қоймаңыз, ипотекалы үйге жа­зылайын. Бәйтеректі, Хан Шатырды кө­ресіз, айтпақшы, ұмытып барады екем, Аға­діл ұстаға бір қой беріп жасатқан дом­бы­рамды ала келіңіз, бала кезімде тартқан аспаптың үнін сағынып жүрмін”, – деп жазыпты. Алда ғана пәдәріңе нәлет-ай! Дүниеге әкелген, бағып-қағып адам еткен ата-анасын сағынбай, қайдағы қаңсып қалған көне шанақты қайта-қайта жаза беріпті ғой. Былтырғы бір хатында да сол шанақты ауызға алған. Болмас-болмас, жаңа жылдың қарсаңы ғой, құяңым сыр бермей тұрғанда, қиян түкпірдегі... аузынан суы құрып айта беретін Астанасына барып қайтайын деп бекінді. Әйеліне қорада ұстап бағып жүрген ту қойын сойғызып, қоржыныма салып бер деп бұйырды. “Барып қайтам” деген сөз аузынан шық­қаны сол, ауыл аймақта дүрлігіс басталды. “Е, Қожеке, сіз де көтерілейін деген екен­сіз, байқаңыз, Астанада қалып қой­маңыз. Қойыңызды лезде іреп-сойып үйітіп, шып-шырғасын шығармай қоржыныңызға салып беремін. Кешегі күні ауылға алғаш те­ледидар келгенде телемастердің оқуын та­уы­сып, темір-терсектің білгірі болып, үйімдегі теле­дидарды талай тегін жөндегеніңізді қалай ұмытайын”, – деп қоңсы жігіт келді жағалап. Пышағын қайрап. “Нұрасыл мен біздің үйдегі Күнсұлу бірін-бірі ұнатып, үлкен оқуда жүргенде сөз байласқан секілді еді... Домбыраға басы айналды ма, хабар-ошар болмай кетті ғой, Қожеке”, – деп көшенің басында тұратын құрдасы жетті аяңдап. “Бұл күнгінің жастарын түсіну қиындап барады бәлкім, елге келер... бәлкім, икемге көнер!.. Бұзыла беретін теледидарымды сөйлетіп жіберетін ұсталығыңызды неге ұмытайын! Ауылдың дәмін сағынып жүрген шығар деп Күнсұлу мына жеңді білектей қауынқақты беріп жіберді, шіреп піскен қауынды өзі тілген, көлеңкеге кептірген, кешкі салқында өрген”, – деп исі бұрқыраған, сыртына шырын сөлі тепкен, бикештің тоқ бұрымындай кеп­тірілген қауынқақты қоржынға салып әлек. Ауылдың жекеменшік қойын бағатын Жәнібек жетті домалаңдап. Қайдан құлағы шалғаны белгісіз. “Барып қайтам” деген сөз аузынан шыққаны жаңа әлгінде еді. Шіркіннің дауысы жер жарады. “Көке, Нұрасыл досыма әспеттеп сақтап жүрген бес қаракөл елтірім бар еді, ала кетіңіз, құ­лақ­шын ғып тіктіріп кисін, киген сайын мына сыныптас, парталас құрдасын есіне алып жүрсін!” Қожамжар шатқаяқтайды. Шат­қаяқтайтын жөні бар. – Ау, шырағым, бұл күнде ешкім қаракөл елтірісінен құлақшын кимейді. Асылыңды өзіңе қалдырамын! – Неге кимесін, киеді. – Қаланың кісілері ондатра, асыранды түлкі секілді үлпілдекке әуес. Көбіне жалаң­бас жүреді, көкешім. Текке әуре боласың. Он­сыз да жүгім бір қапшық, қоржынбасы толды. Мұның үстіне Нұрасылдың көне дом­бырасын, өзімнің боранға киетін қасқыр іші­гімді, әйелдің бір қап күрішін қос. Мына жү­гім­мен пойыз шіркін тастап кетеді жарым жолда. – Кептірілген, иленген елтіріні көйлек ішінен беліңізге орап алыңыз. Әгәрәки, алмадыңыз бар ғой мойнымды теріс салып мөңкимін, малыңызды бақпаймын! – Апыр-ай, ә, көйлегімнің ішінен шылқып майы шыққан елтірі орасам, сыртынан қасқыр ішігімді кисем, қарадай сорпаланып өлемін ғой! Оның үстіне мілиса айтпай ма: контробанды тауар алып бара жатырсың деп. Қарадай басымды бәлеге шатпа! Бес қойымды бақпасаң, бақпа! Көршілер дастарқан басына иіріле малдас құрып, бапты, берекелі дәмнен меймілдей тойып, үшінші самаурынды сарқып ішіп, пәтуалы сөзге көшті. “Шырағым, Жәнібек, бес елтіріңді сандығыңның түбіне сақтап қой, аман болса, елді сағынса – түптің-түбінде Нұрасылдың өзі бұл ауылға бас бұрар, сонда берерсің асыл қазынаңды... Сен Самырат өз-өзіңнен мой­ның­ды ішіңе алып мөңки бермей, басыл... тиыл... құм ішінен он бес метр тереңнен қазып алған күшәла дәріңді Қожекеңе сал­мақ қып қайтесің. Астанада өкпесіне суық тиіп көкжөтел болған басшыларды әзірге ес­тіген жоқпыз. Мынау деген маман дәрігерлер сенің күшәла дәріңді қайтсін, көкжөтел болған кісіні көрер көзге қақылдатып қояр деймісің. Қарар... жазар... Текке жүк қылып қайтесің”, – деп Самырат тәуіпті ақылға шақырды, әкелеп, көкелеп отырып бір дорба күшәла дәрісін алып қалды. Қожамжардың иығына қосымша жүк қылмайтын болып пәтуаласты. Аз айт, көп айт, қиян түкпірдегі Ке­лін­төбе ауылында бес-он тұяғын санап, сары са­мау­рынның ызыңын тыңдап, құдая көр­сеткеніңе шүкір деп пеш түбінде қисайып жат­қан кешегі теледидар жөндегіш ұста, бү­гінгі зейнеткер Қожамжар жел көтерген қаңбақша үлкен қалаға қаңғалақтап келіп қалды. Бұрын еміс-еміс естігені бар еді. Елдің тә­уелсіздік алған күні ұлан-асыр тойға ұласып, игі жақсылар бас қосып атап өтетін рәсімнің үстінен шықты. Бұл жылғы той жаңадан шаңырақ көтерген зәулім сарайда басталмақ. Зәулім сарайды Қазақстан деп атапты. Құданың құдіреті дейміз ғой! Әлгі ғимараттың кеңдігі сайын даладай, бір отырғанда бес мың адам сыйып кетеді деседі. Кісі отыратын жалқын қызыл, алтынмен апталған орындық сахнаны шыр айнала орналасқан. Қай бұрышына тізе бүксеңіз де сахна сізге ғана жақын, қол созымға келіп тұрғандай. Айналайын Нұрасылы жүгіріп жү­ріп, қайдан қолға түсіргені белгісіз, зәулім са­райға шақыру қағазын әкеліп берді. Же­телеп жүріп, елден бұрын кең сарайға енгізіп жі­берді. Едені жалтыраған мұз секілді, тай­ға­нақтап, сасқалақтап сүрініп жығылар ма еді. Дер уағында қолтығынан демеді. Мерзімді уағында самаладай жарық астына Президент шыға келді. Елбасыны көргенде жанарынан жалғыз тамшы жас ыршып кетті. Өз-өзінен қысылып, жан-жа­ғына көз салған еді, Президенттің құр­метіне дүр көтерілген жұрт көзінің жасын бай­қамаған секілді. “Мұндай сарай Тәуелсіз Мем­лекеттер Достастығы түгілі, әлемде некен саяқ”, – деді Президент. Елдің еңсесін кө­теретін биік-биік сөздер айтты. Тыңдап оты­рып тамағына тас тығылғандай, баспасы көте­рілгендей жұтына алмай қор болды. Дүр­кіреген концерт залының ортасына ойып тұрып от жаққандай лапылдаған, жалыны бет шарпыған өнер иелерінің концертіне ұласты. Қарап отырып қызуы көтерілгендей әсерге бөленді. Дүние дөңгеленіп биледі. Үлпілдеген ару қыздар көз алдында аяғы жерге тимей қалық­тап ұшып жүргендей көрінді. Елес­ке айналып ұшып кетті ме деп ора­ма­лын алып жанарының жиегін сүртті. Келесі кезекте сахнаға үш дом­бы­рашы шықты. Домбыраның сол жақ­тағысы мосқал тартқан, есімі елге белгілі күміс саусақ кәнігі күйші Қаршыға, ортада үлбіреген әдемі бойжеткен, көк көйлегіне жарасымды қызыл қамзол киіпті, оң жақ қанатқа көзінің ағы мен қарасындай Нұрасылы келіп тізе бүкті. Алғашында танымай қала жаздаған. Көз жанары шамдай жанып, жағы пышақ жанығандай қырланып жүдеп қалыпты, орын­дық­қа қаздай шошайып оты­ры­сынан шырамытты. Орамалын алып көзжиегін тағы сүртті. Ә дегенше болмай, әуелгі кезекті жасы үлкен Қаршыға алды. Бипаңдаған, құлдыраңдаған құнан жорға шашасына шаң жұқтырмай, осы отырған көп­ші­ліктің алдынан сауырынан тамшы төгілмей теңселіп өткендей сезілді. Зал жарылып кеткендей сілкінді. Жұрттың қошеметі сұмдық енді! Томағасын сыпырған тұйғын құстай оң-солына көз салып отырған ортадағы сұлу бойжеткен сарқыла түскен күй үзігін қағып алды. Арынды асау сәйгүліктің сарынына салды. Аспапты сау­сағымен емес, кеудесімен тартып отырған секілденді. Асау тізгі­нін­дей ала қашқан домбыра сағағын сүйрік саусақ әрі-беріден терме­легенде бикештің қос анары қамзолынан шірей бөлініп дірілдеді, құлақта – күй, көзде – қос анар, жұрт еңсеріле емініп сахнаға түсіп кете жаздады. Қос анар дірілі сап тыйылғанда есін бір-ақ жиды. Оң қапталдағы Нұрасылы үзілген әуенді қағып алып, әрі қарай жалғастыра жөнелді. Алпыстан асқан мына жасында Қожамжар талай пәлені көріп, көз алдынан өткеріп жүр ғой. Көзінің ағы мен қарасы тап мынадай дүлдүл болар деп тегі ойламапты. Ой­ла­ма­ғаны былай тұрсын, қиялына еніп, қаперіне кірмепті. О, тоба деп жағасын ұстады! Нұрасылы әрі-беріден қос ішекті тер­ме­леп екі бүктетіліп, келесі кезекте әнтек шалқайып күй төккен кезде домбыраға өз-өзінен жан бітіп, күйшінің кеудесіне жармасып, жағаласып, кәдуілгі тірі жанша тіл бітіп сөйлеп кеткендей сезілді. Сөйлеп кет­кені сол – әрқилы үнде, әрқилы тілде күм­­бірледі. Бірде Құрманғазының Бай­жұ­ма­сы боп сыпайы серілерше алшаңдаса, ке­лесіде Қазанғаптың шикіл толқынды дария­сындай лықсыды; ендігі кезекте бұрындары естіп-білмеген, үстірттің адайлары ғана домбыраға күйлеп күңіренген науаи сарынына салып сүмек боп терлеп, жер еңбегін ойып жіберердей тепсінді. Тепсініп, теңселген күйші емес, қос ішекті аспабы еді. Әрі-беріден оң қолының бес саусағы саппа тыйылып, шанақты қарыса қаусырып, сол қолының саусақтары сағақпенен жоғары-төмен жүгіріп, бірде астыңғы ішекті іліп шалып, ендігіде үстіңгі ішекпен лақша секіріп ойнап... бүлкек қағып... құлынша шіңгірлеп... боташа боздаған кезде аспан асты аласарғандай сезіліп, алапат зал күңіреніп кетті. “Виртуоз ғой мынау!” – деді ту сыртында отырған сақалды актер. Жыға танымаса да сах­нада Абылайхан болып ойнаған сүлей осы. “Қос ішекті бес саусақпен-ақ шешен-бише сөйлетті!” “Жын иектеген бақсы шығар, бала емес – бәле болар!” “Қайдағыны айтпашы, тіл-көзден аман болса әлі-ақ қап түбінде жатпайды. Ой­пыр­май, шіркіннің шертісі-ай, жаны кеудесінде емес, аспапқа ауысып кеткен бе дерсің”. Күйші астыңғы ішектегі сұлу саз бен үстіңгі ішектегі қоңыр үнді жарыстыра... алмастыра... алақұйын барып-келіп, барып-келіп – зар заман елінен оралған елшідей таңғы заман залына екпіндей еніп қалт кідірген мезетте – үлкен зал, аспан асты қарс айрылды. Біраз жұрт орындарынан дүр көтеріліп кетті. Қожамжар ту сыртындағы, мәртебелі меймандар тізе бүккен алтын орындықта отырған Президентке айналып қарауға жүрегі дауаламады. Жанарынан сорғалаған сора жасты сүртіп әлек. Бет шарпыған ыстық әсер тамыр-тамырын қуалап жуық арада басылып болмады. Уа, шүкіршілік, деді Қожамжар іштей күбірлеп. “Соңыма ерген қоңыр құлы­ным­ның тілеуін кесе көрме! Домбыраның киесі ауы­сыпты құлыныма! Тіл-көзден аман бол­ғай!.. Ғайып ерен, қырық шілтен шылауыңа оралғай!.. Қиян түкпірде құмға басын тығып алған түйеқұс секілденіп алды жарық баланың тілеуін кесіп, “дыңғырлақты таста... қос ішекті шанақ саған дәулет болмайды... елге қайт.. Бір шүйкебасты алып көз алдымызда жүр!..” деп хат соңынан хат жа­зып, қазақшылыққа тартып қарадай қина­ға­ным бекер болған екен! Осыншалық дым­білмес, кеще болмасам, болайын деп тұрған ұл­дың көңілін алаңдатармын ба!.. Нақа бір қиян түкпірде ағайынның арасында аштан өліп бара жатқандай, ақыр заман орнағандай: “ала сиыр қысыр қалды, бастыққа телефон шалып сауын сұрап бер!.. Қолымыз қыс­қарды, қызметке тұрып, жалақы алсаң, қар­жы салып жібер!.. өзіңмен-өзің болып, жыны ұстаған бақсыша басыңды алып қаша бермей, елден барған пәленшенің, түген­шенің миғұла тентектерін жоғары оқуға түсіріп жібер!..” Ой, пәлі-ай! Елде жатып әлгіндей маз­мұн­да хаттың талайын жазғаны есіне түс­кен­де, қарадай жер боп жасығаны, ұяттан өр­теніп отырғаны осы енді. “Қазақшылық құр­тады ғой бәрімізді” деп іштей өрекпіді Қожамжар. “Түймедей нәрсені түйедей ғып, жоға­ры­дағ­ының бәрін құбыжық көріп, пәленше ішіп қойыпты, түгенше жеп қойыпты, істі бопты”, – деп өсек сөзді өртше қаулатамыз – қазақшылық!” “Болайын деп тұрған балалардың алдын кесіп, ауылға қайт, үйлен, үйкүшік бол деп кері қарай тартатынымыз – қазақшылық”. “Елдің іргесі кеңіп, іргетасы бекіп, еңсесі биіктегенін, кешегімен салыстырып көз жеткізіп көре алмай, қолымызды жылы суға малмады, аузымыздан ақ майды ағызбады, өзі болды!.. өзі аспансыды!.. деп пыш-пыштап, кекеп-мұқап қисық сөз айтатынымыз – қазақшылық”. “Маңдайды терлетіп, белді бүгіп бей­неттенбей, жалқауланып, жатыпішер мінезге тартып бара жатқанымыз – қазақшылық!..” – Ой, көке, жұрт жабыла тұрып тарқап жатқанда мұнда отырғаныңыз не! – деп жа­нына Нұрасылы жүгіріп жетіпті. – Қойыңыз, жүріңіз, – деп қолтығынан сүйемелдеп зал­дан шығарып, киім ілгішті қаумалаған жұрт­тың ішіне сіңді. Қарайды, Нұрасылды та­нитын жұрт тұра қалып жол беріп ығысады, қол беріп амандасып қалуға ұмтылады, әппақ аққуға ұқсаған екі-үш әдемі қыз Нұрасылдың жолын бөгеп: “Ағатай, қолтаңба беріңізші!”, – деп тегі жүргізер емес. Баласы әкесінің көзінше әлгі сұлу бикештерге қайырылуға қарадай қысылып, өртше қызарып, қалам­са­бын суырып алдына тосқан қағазға әлденені сүйкектете салады. Әупірім-тәңірім жұл­қы­сып жүріп, қаумалаған жұрттан сытылып сыртқа шыққаны есінде. Қожамжар қанаттанайын деді. Ауыл қа­зағы – мұны қойшы, өнерімен жұртқа та­нымал болып қалған көзінің ағы мен қара­сына хан қайырылып сәлем беріп, небір лауа­зымды дөкейлер: “О, саусағы күміс күй­шіміз!” – деп бас изесіп жатқанда бұл көкең неге арқаланбайды, несіне қанаттанбайды! Ауылға, қатар-құрбыларына жыр ғып айтып баратын әңгіме ұшан-теңіз. Осы қазір тұра қалып зәулім сарайдың алдында, министр дөкейлермен қол алысқан мезетті суретке басып алғанда ғой, былайғы өміріне жетерлік жаназық табылар еді. Әшейінде зыр жүгіріп аяққа оралып жүргізбейтін суретші бала­лар­дың жоғалғанына өкінді. Алақ-жұлақ апалақтап кідіріп қалыпты. – Ой, көке, мына мәшинеге отырыңыз! – дегенде барып есін жиып, көлденеңдеп кі­дірген шетел мәшинесіне әупірімдеп аяқ салды. Зырлағаннан зырлап оң жағалаудағы қыштан салынған бес қабаттық жатақханаға түсіп қалды. Әкелі-балалы екеуі тіркесіп үшінші қа­бат­қа көтерілді. Үлкен залдың түкпіріндегі аядай бөлмесіне енді. Қожамжар сырт киімін ше­шіп, есік түбіндегі қолжуғышты салдыратып беті-қолын жуып, төрге өтіп, іші түскен көне диванға қисайды. Нұрасыл зыр жүгіріп шай қамына кірісті. Жатақханада асхана, қазан-аяқ ортақ, залдың келесі түкпірінде. Барып-келем дегенше біраз жер. – Қазір шай әзір болады, көке, кешегі борщ­ты жылытып жіберем. Елдің тама­ғын­дай емес, тез сіңеді, асқазанға жеңіл жеміс, көкөніс, ірімшік алып қойғам. Ас әзірлеп, аядай бөлмені жиып, аяғы-аяғына жұқпай жүрген ұлының сыртынан бақылап жатқан Қожамжар қайдағы-жайдағы қиял кешеді. Бір қуаныштың бір өкініші болады дегендей, әлгідегі, концерт үстіндегі алып-ұшқан, аспандаған көңілі сап-сап басылып, ендігі кезекте қоңыр мұңға жуықтай берді. Ең әуелі ескі диван үстінде белі кеткен барыстай тырапай асып жатқан өзін мінеді. Мінемей қайтсін! Құдай сүйер қылығы қайсы Қожамжардың. Ауылдың іші пысқан қариялары: “Қоже­кең сақы, Қожекеңнің қолы ашық” деген ұргөппе сөзіне қарадай семіріп, күзге салым, егін орағы біткен сабантой уағында байталын сойып үлкендердің батасын алыпты; мейлі ғой!.. артынша кимелеп келген Республика күнінде құнан өгізін сатып, ауыл шалдарына дастарқан жайыпты; оны қойшы!.. алдындағы Ата заң күніне бөркін аспанға атып қуанған ардагерлерге арнап жылқы жығып, ас беріп, бас-басына костюм-шалбар кигізіпті; ай, қазақшылық-ай!.. Құрбан айт мерекесіне бордақылаған екі қошқарын сойып, көрші-қолаңға мүше-сыбаға таратыпты; құлды бәрекелде-е-е өлтіреді деген осы ма әлде, осы­лай қарай жүрерде “жолыңды жу, ба­тамызды береміз!” деп үйіліп келген үл­кен­дерге мырзалық танытып сандықтың түбіне тығып сақтап жүрген жүз мың теңгенің басына су құйыпты... тәтті-мәтті, өрік-мейіз дегендей, әй, мына мендегі бас – бас емес, қауақ қой әншейін!.. Әйтпесе, қалаға жүрер алдында осы Нұрасылы Астанадан телефон шалып: “Көке, азын-аулақ жиғаныңыз болса түйіп ала келіңіз, ипотекалық үйге жазылып қоялық” – деген еді. Ипотека не жесін мұнан! Салдыраған пласкарт пойызға жо­ла­қы­сын әзер тауып, қалтасының түбі тесік, көк тиыны жоқ, өкпесі сыр-сыр... ішегі құр-құр... іші түскен сынық диванда шөмиіп жатысы мынау енді. Дауысы оқыс шығып кетіпті. “Әй, осы менде бас жоқ, қазақшылық өлтіреді өзімді!” Абырой болғанда Нұрасылы бөлмеден шығып, ас үйден шай әкелуге кетіпті. Басын оқыс көтеріп алып, жаман түс көріп оянған кісідей маңайына алара қарады. Қабырғадағы айнадан көзінің асты көлкілдеп іскен, жағы желқақты, қызылшырайлы, алпысты алқымдаған жігіт ағасы ерсі ежірейеді. Есік сарт ашылып ұлы енеді. Бір қолында шәйнегі, бір қолында борщ құйған кастрөлі, төгіп алмай қалай лыпып жүргеніне қайран. Белін басып кирелеңдей көтерілді, бөлме ортасындағы дөңгелек үстелге шөмиді. Таңдайы тобарсып, шөл қысып өліп барады, ұлы ұсынған ыстық шайды аузын күйдіріп ұрттай түседі. Әп-сәтте сүмек боп терледі. Бірауқымда тілге келді. Үні күңіреніп естілді. Көзімнің ағы мен қарасы – Нұрасылым, дүние тіршілігінен аңғарғаным, әке болып, шеше болып, туған-туысқан болып боламын деп ұмтылып тұрған баланың алдына тұрмау керек білем. Болам деген баланы қазақ­шы­лық... былық-шылық... етекбастылықпен құр­тып жүрген өзіміз ғана! Күн көзіне шығармай көктей орып, өсіп өркендейін деп тұрған ұр­пақты ақша тап, қолымды жылы суға мал!.. ба­сыңа отау тік!.. келін жұмсайын, немере жұбатайын!.. өзің құралпы пәленше, түгеншелер алшаң басып, үйіне тасып дәулет жинап, қарттарына қарасып елде жүр әне!.. – деп, түп етектен жармасып, кежегеміз кері тартып, ауыл арасының әжік-күжігінен аспайтын ғып жүрген өзіміз ғана! Осыны ойлағанда жердің жарығы болса кіріп кете жаздаймын, жер боп жасимын, маңайымды сыйпалап омалып отырып қалам, Нұр­асы­лым! – деген Қожамжардың көкірегі қарс ай­рылды. Айтты-айтпады, дүниеде ел ағасы жа­сына жеткенде “аһ” ұрып өкінген, маң­дайын тоқпақтағандай кепке еніп опынған жаман екен. Әкесінің сықпыты Нұрасылдың көзіне солай көрінді. Терезені желтоқсанның жынды бораны жұлқып аша алмай қар жентегімен ұрғыласын кеп. Бөлме іші күңгірт тартты. Қамығып, өз-өзінен жер тіреген­дей болып отырған әкесін жадыратқысы кел­ді білем, Нұрасыл кешегі күндерден қайырып естелік айтты. Жадырап, көңілденіп отырсын деп ойлады. – Есіңізде ме, көке, елде емге табыл­май­тын телемастер – теледидар жөндеуші бол­дыңыз. Өзім ес білгелі кімнің теледидары бұзылса – “жөндеп бере қалыңыз” деп сізге жалынатын. Маңайдағы, тіпті аудан әкімдері жеңіл жүйрігін жіберіп сізді алғызатын. Қолы алтын шебер атандыңыз. Кейінгі жылдары жұрттың лақтырған, жарамай қалған, қаң­сы­ған теледидарын “зейнетке шыққанда нан­та­барым болады” деп үйге жидыңыз келіп... жидыңыз келіп... Оншақты жылда үйілген жарамсыз теледидар үйге сыймай, аулада тау боп үйілді. Былтыр елге барғанымда, тал тігетін ауланы босаталық деп әлгі тау-тау жарамсыз теледидарды үш самосвал жалдап... екі күн тасып... әзер құтылып едік. Баяғы нантабарыңызды жоқтап, көңіл-күйіңіз пә­сейіп отыр ма, көке? Баласының жеңіл қалжың, қағытпа сөзіне мән бермеді. – Несін айтасың, қыр асып ойлан­бап­пыз!.. Басымызды құмға тығып жүре беріппіз. Кү­лерсің бе, жыларсың ба енді. Елдің жа­рам­сыз деп лақтырған ескі-құсқы теледидарын үйге тасып тау ғып үйіп жия беріппін, жия беріппін. Жапон ағайындар он-он бес жыл ішінде лампалы теледидарды мұқым өзгертіп, жартылай өткізгішке айналдырып үлгерерін қайдан біліппіз! Әй, бас істемейді ғой, мына бас!.. – деп Қожамжар әрі-беріден күңірен­ген­де көкірегі қарс айрылды. Қараптан-қарап күйзеліп, іштен тынғандай кепке енді. Жүзі өрт сөндіргендей күреңітті. Әкесінің мына тығырыққа тірелген пошымынан Нұрасыл шошып қалды. Аузына сөз түспей қысылды. Дегбірі таусылып, өз-өзінен күйге­лек­теніп, шайды қайыра ысытып, демдеп әкелуге ұмтылды. Лездің арасында қайыра оралды. Сүт қатқан күрең шайды ыссылай құйып, тәтті-дәмділерін әкесінің алдына ысырып елпек қақты. Әлден уақытта барып Қожамжардың қарлығыңқы үні шықты, қабырғаның арғы жағынан естілгендей құлағына үзіліп, күңгірлеп жетті. – Асылым, соңғы айтар ақылым: соңыңа бұрылып қараушы болма! Діттеген межеңе ұмтылып бақ! Бізге қарайлама, өзіңді аяма! Құдай берген өнер нығыметін жетілдіре түс, жетілдіре бер. Әлгінде, кең сарайда сақалды әртістің аузынан шыққан не сөз еді ол! Тілімнің ұшына кеп тығылып тұр. Нұрасыл ойын жалғап жіберді. – Виртуоз! Шеберлік шыңына жеткен – біртуар!.. шабыт шақырар!.. деген ұғымды беретін орыс сөзі. – Иә, дәп дөңгеленген дүние тіршілігінде өзіңнің сүйген кәсібіңнің басыбайлы құлы бол! Алла аманат етіп саған табиғатқа тарта туған дарын берген екен, соны атқарып шығатындай арғы-бергі аруақтардан медет, мезгіл сұраймын, ұлым. Виртуоз бол! Осыны айтып, Қожамжар барша көрікті көркем сөзін айтып тауысқан ақынға ұқсап, ішіндегісін сарқып құйған саба секілденіп былқ-сылқ босап, кирелеңдей басып кеп сынық диванға сылқ құлады. Сырттағы жел сарнай азынады. Іншалла, тіл-көзден аман болса мына ұлым бір жерден шығар, түбінде басымды төрге сүйрейтін осы ұлым болар деп іштей сәулеленді Қожамжар қарт. Дүкенбай ДОСЖАН.