НЕМЕСЕ ЕЛБАСЫМЕН КЕЗДЕСУДЕН КЕЙІНГІ ПАЙЫМ
Сәтін салса, 2020 жылдың өзінде еліміздің экономикасында интеллектуалды өндіріс тауарларының үлес салмағы шамамен 40 пайызға жетеді екен. Бұл – экономиканың пайыздық көрсеткішімен интеллектуалдығы жоғары мамандар жұмыс істейді деген сөз. Демек, біздің Президентіміздің түпкі мақсаты – интеллектуалды ұлт қалыптастыру болса, оған негіз қалау ертеден басталған және қазір жалғасып жатыр.
Қазіргі таңда жүзеге асырылып жатқан 2010 – 2020 жылдар аралығын қамтитын индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберіне енген барлық серпінді жобалар – интеллектуалдығы жоғары мамандар жұмыс істейтін нысандар болмақ. Ол нысандарға жұмыс істеуге тиістілердің көбісі шетелдерде оқып, білімін жетілдірген жастар. Қазір де осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Еліміздің жоғары және арнаулы орта білім беретін білім шаңырақтарында жаңа мамандықтар игерілуде.
Таяуда Елбасы еліміздің бір топ жастарын қабылдады. Барлығы 22 адам қабылдауда болдық. Әр мамандықтың иелері. Міне, осы жиында әрқайсымызға сөз беріліп, кездесудегі өз ойын, мақсатын қорытындылаған Елбасымыз былай деді: “Мен бүгінгі жастарға қызығамын. Сендер бақытты ұрпақсыңдар. Айталық, мен 40 жастан асқан шағымда ғана, оның өзінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің салалық хатшысы қызметінде жүрген кезімде тұңғыш рет шетелге шықтым. Ал қазіргі жастардың қай-қайсысы да қайда барамын десе ерік өздерінде. Бұған қоса біз “Болашақ” бағдарламасы бойынша талантты жастарымыз шетелдердің ең таңдаулы оқу орындарында білім алуға мемлекеттік грант бөліп, қамқорлық жасаудамыз. Жастар осы қамқорлық пен сенімге лайық болуы тиіс. Біз қолдан келгенінше тәуелсіз елімізді жан-жақты дамытуға күш жұмсап жатырмыз. Бірақ көкейдегінің барлығын жүзеге асыру – бір ұрпақтың қолынан келмейтін іс. Сондықтан біздің бастағанымызды сіздер жалғастыратын боласыздар. Еліміздің одан әрі гүлденуін қамтамасыз ету сіздерге сеніп тапсырылады. Соған дайындалыңыздар. Сол сенімге лайық болыңыздар”.
Президенттің осынау сөзі салқынқанды ресми догма түрінде емес, нағыз бүгінді жасаушы және ертеңге алаңдаушы қамқор әкенің жанашырлық ақылындай ерекше сезіммен айтылды. Мұны осы жиынға қатысқандардың барлығы да сезінгенін көрдік. Жиналыстың әсері ерекше болды. Өйткені, Президентіміздің сөзін естіген біздер адам сенгісіз аңыздың өзін ақиқатқа айналдыруға болатынын түсіндік. Мәселен, Нұрсұлтан Әбішұлы мынадай естелік айтып берді: “Жоғарғы биліктің Алматыдан Ақмолаға көшкен кезі еді. Астана құрылысына инвестор болуға келіскен Сауд Арабиясы Корольдігінің тақ мұрагері қақаған қыста қонаққа келіп, мына мидай далада жаңа Астана саламыз деген менің сөзімді қиял-ғажайып ертегідей қабылдады. Десек те, мінеки, өздеріңіз көріп отырсыздар, сол қиял-ғажайып ертегідей қабылданған жоспарды жүзеге асырып, Астананы ақиқатқа айналдырдық. Мұндай ісімізді басынан-аяғына дейін өз көзімен көрген сол кездегі тақ мұрагері, қазіргі король бізге сенетін болды және тұрақты инвесторымызға айналды”.
Елбасымен кездесудегі осы екі сөзден кейін жиналғандар біздің ұлттық көшбасшымызға Қазақстан Республикасын құру, оның алып экономикасын ырғақты және тұрақты даму арнасына салу, бүгінгідей күн сайын құлпыра түскен Астананы өмірге әкелу – қаншалықты қиын болғанын толық түсінді. Сонымен бірге, осының бәрі кім үшін және не үшін жасалып жатқанын да жанжүрегімізбен ұқтық. Байқап отырсақ, Елбасымыздың ең басты мақсаты – ұлтымызды сапалық жағынан жоғары деңгейге көтеру болған екен. Сол үшін “Болашақ” бағдарламасы жасалып, жүзеге асырылып жатқан көрінеді. Сол үшін Астанадай әсем қала Арқа төсінде бой көтеріпті. Сол үшін Елбасының өзі бастап оның соңынан ерген идеялас үзеңгілестері, тұтастай “Нұр Отан” ХДП мүшелері 19 жыл бойы тер төгіпті. Бұл еңбек, бұл талпыныс алда да іркіліссіз жалғаса бермекші. “Еуропаға жол”, “Әлемдегі дамыған 50 елдің қатарында болу” секілді ұзақ мерзімді өміршең саясат бізді жеткізетін жер, сол сапалық жоғары деңгей екенін осы жолы көкірек көзімізбен ұққандай болдық.
Ұлтымыздың заңғар ұлдары Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин және бұлардан кейінгі Алаштың алыптары көксеген арман қазақтың ғылым-білімді меңгеріп, соның игілігін көруі еді ғой. Ендеше, Президентіміздің жүзеге асырып жатқан іс-шаралары толығымен осы ізгі арманға бастайтын бірден-бір жол. Айталық, Қазақстанның 2010-2020 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы тұтастай алғанда, интеллектуалдығы жоғары мамандарға ғана жұмыс беретін бір игілікті іс болмақшы. Демек, біздің қазақ жастары қазірдің өзінде сол жоғары интеллектуалдық деңгейіне жетуге дайындалып жатыр немесе оларды мемлекеттік бағдарлама бойынша дайындап жатыр деуге болады.
Ізгі ниет! Осы бір сөзді қай тілде айтылса да әркім-ақ ыстық ықыласпен қабылдайды. Ал Қазақстанның және оның көшбасшысының бүкіл қызметі мен өмірінде ізгілік ниеті көрініс тапқан. Сондықтан да біздің елді дүние жүзінің дәстүрлі діндерінің жетекшілері мен ұстанушылары ізгілік нұры жауған ел деп бағалайды. Сондықтан да біздің елді АҚШ, Еуроодақ “стратегиялық әріптесіміз” деп атайды. Іргеміздегі Қытай, Ресей секілді екі алып көршімен де қарым-қатынасымыз күннен-күнге сапалық жоғары деңгейге көтерілуде. Мұндай жарқын да бақытты болмысты баянды ету, Елбасымыздың сөзіне қарағанда, біздің буын өкілдерінің білім-білігіне байланысты болмақшы екен. Президент Н.Ә.Назарбаев өзі ұдайы биікке ұмтылушы болып келе жатса, соңынан ерген жастардың бойында да осындай қасиеттің болуын қалайтынын байқадық. Демек, бізге жүктелген сенімнің салмағы ауыр.
Сондықтан біз өзімізге егемендік пен қарқынды даму әлеуетін сыйға тартқан, достарды көбейтіп, дұшпандарды азайтқан бүгінгі аға ұрпақтың жоғары сеніміне лайық болуға тиіспіз. “Нұр Отан” ХДП жанындағы “Жас Отан” жастар қанатының әр мүшесі осы міндет биігінен көрінуге еліміздің барлық жастарына ұйытқы болуы шарт. Бұл ретте, әрине, олардың жүрегінде отаншылдық сезімін қалыптастыру керек. Ол рухани саладағы жұмыстың жанды болуын және тартымды болуын қажет етеді. Бүгінгі жастарды ортақол қызметпен қанағаттандыра алмайсыз. Олардың талабы күшті. Демек, біздер “Жас Отан” жастар қанатының белсенділері сол талап биігінен көрінуіміз керек. Әрқашан, әр күнгі жұмысымызда осындай ойдың көрініс беруіне күш салуымыз шарт. Елбасымыз секілді ең түпкілікті мақсатқа күні бұрын дайындалу – дәстүрімізге айналса игі.
Айталық, келесі жылы тәуелсіздігімізге 20 жыл толады. Бұл мерейтойға дайындықты бүгіннен бастаған “Заңғар” шығармашылық бірлестігі сол тойға орай “Азаматтық рухы – Астана” деген тақырыптық бағдарлама бойынша жұмыс істеп жатыр. Мұндағы таңқаларлық бір тартуымыз 20 мың домбырашының бір мезгілде үш-төрт күй тартуын ұйымдастыру болмақ. Бұл – осы уақытқа дейін болмаған таңғажайып іс. Бәлкім, Гиннестің рекордтар кітабына да еніп қалармыз. Бізден көшбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаев бастаған аға буын өкілдері осындай үлкен істі талап етеді. Өйткені, егемендік алып беріп, КСРО қирандысынан гүлденген Қазақстан Республикасын құрып шыққан олардың осылай биік талап қоюға толық құқы бар.
Айдар ҚЫРЫҚБАЙ, “Жас Отан” жастар қанаты атқарушы хатшысының кеңесшісі, “Заңғар” шығармашылық бірлестігінің төрағасы. АЛМАТЫ.