Сурет: kazgazeta.kz
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев көрменің ашылу рәсімінде машина жасау өңдеуші өнеркәсіптің негізгі тіректерінің біріне айналғанын айтты. Оның дерегінше, салада 4 мың кәсіпорын жұмыс істейді, 130 мыңға жуық маман еңбек етеді. Өткен жылдың қорытындысында өндіріс көлемі шамамен 6 трлн теңгеге жетіп, 18 пайыз өсім тіркелген.
Машина жасау үлесі өңдеуші өнеркәсіп көлемінің шамамен бестен бірін құрайды. Бұл көрсеткіш индустриялық құрылымдағы өзгерістерді аңғартады. Кейінгі жылдары өндіріс үдерісін автоматтандыру, цифрлық модельдеу, роботтандыру бағытындағы жобалар қарқын алды. Технологиялық жаңару еңбек өнімділігін арттырып, өнім сапасын жақсартуға ықпал етіп отыр.
2024–2028 жылдарға арналған кешенді жоспар сала дамуының институционалдық негізін қалыптастыруға бағытталған. Құжатта кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету, қаржыландыру құралдарын жетілдіру, инженерлік кадр даярлау, өнім өткізу нарығын кеңейту тетіктері қарастырылған.
Сарапшы мамандар әлемдік құн тізбегіне кірігу үшін ішкі өндірістік кооперацияны күшейту маңызды екенін айтады. Жаңа индустриялық саясат отандық кәсіпорындардың технологиялық деңгейін көтеруге бағытталуға тиіс. Машина жасау – экономиканың мультипликативті әсері жоғары саласы. Бір жобаның іске қосылуы ондаған қосалқы өндірістің дамуына ықпал етеді.
Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы Мейрам Пшембаевтың пікірінше, Machine Building және индустриялық бағыттағы көрмесі – ең алдымен отандық бизнес пен өнеркәсіп кәсіпорындарының заманауи технологияларға, жаңа шешімдерге қол жеткізуіне мүмкіндік беретін маңызды алаң. Мұндай кездесулер өзара тиімді кооперацияны кеңейтіп, бірлескен кәсіпорындар құруға негіз қалайды.
«Бүгінде көрме жаңа технологиялар тартылатын әрі инновациялық жобалар таныстырылатын маңызды орталыққа айналды. Форум аясында өтетін бұл алаң отандық өнеркәсіптің әлеуетін арттыруға ықпал етіп, құрылыс пен машина жасау салаларындағы әріптестікті нығайта түседі», дейді басқарма төрағасы.
Форум аясындағы пленарлық отырыстар мен тақырыптық сессиялар үш күнге жалғасады. Сарапшылар өндірісті жаңғырту, технология трансфері, кадр даярлау мәселелерін талқылап, нақты ұсынымдар әзірлеуге ниетті.