Елімізде детективтік қызмет енді заңдық тұрғыдан реттелетін болады. Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыповтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі кезекті жалпы отырысында «Жеке детективтік қызмет туралы» заң жобасы ілеспе түзетулерімен бірінші оқылымда қаралып, жан-жақты талқыға түсті.
Заң жобалары бойынша баяндама жасаған Әділет министрі Берік Имашев «Жеке детективтік қызмет туралы» заң жобасын әзірлеу 2012 жылғы 30 қаңтардағы Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары бойынша қолға алынғандығымен бөлісті. Негізі, бұл қызмет түрін енгізу жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен еркіндігін, мемлекет пен қоғам мүдделерін қорғаумен ұштасып жатыр. Жеке және заңды тұлғаларға детективтік қызметтер көрсету, оған тапсырыс берушінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және жеке детективтік қызметтің негізгі міндеттері заң жобасында жан-жақты көрініс тауып отыр екен. «Заңдылық; адамның және азаматтың, сондай-ақ, заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, конституциялық құрылысты, қоғамдық имандылықты бұзуға жол бермеушілік; құпиялылық; лауазымды адамдардың жеке детективтік қызметке араласпауы қағидаттары бекітіледі», деді Берік Мәжитұлы.
Министр, бұл ретте, жеке детективтік қызметке тапсырыс берушінің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғаумен байланысты детективтік қызметтер көрсету бойынша лицензиялау ұсынылғандығына да назар аударта кетті. Жалпы, заңдық құжатта жеке детективтің құқықтары мен міндеттері, лицензияны беру, тоқтата тұру немесе айыру көзделген.
Онымен айналысу үшін Қазақстан Республикасы азаматтығының, жоғары заң білімінің және құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органдардың жедел немесе тергеу бөлімшелерінде кемінде он бес жыл еңбек өтілінің болуы керек. Сонымен қатар, отыз бес жасқа толуы, алып тасталмаған немесе өтелмеген соттылығының болмауы және өзге де талаптар да бар. Б.Имашев осы орайда қылмыстық іс-әрекеттер мен әкімшілік құқық бұзушылықтарға байланысты істер бойынша детективтік қызметтер көрсетуге тыйым салу заң жобасында ерекше қарастырылғандығына да назар аударта кетті. Жалпы, детективтік іс-шаралар тізбесіне әңгімелесу, жеке және заңды тұлғалардан анықтамаларға, сипаттамаларға және құжаттарға сұрау салу көзделеді. Заң жобасында Қазақстан Республикасы Үкіметінің және уәкілетті органның жеке детективтік қызмет саласындағы құзыреті де айқындалған. Сонымен бірге, жеке детективтік қызметті мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың негіздері бекітілген. Жоғарыда аталған ережелер, бір жағынан, детективтік қызметтер көрсету нарығын дамытуға, екінші жағынан – жеке және заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттің құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Заң жобасында Қылмыстық кодекске, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске, Салық кодексіне, «Лицензиялау туралы», «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» заңдарға өзгерістер енгізу көзделіп отыр. Атап айтқанда, жеке детективтердің өздерінің өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауаптылықты енгізу; лицензиялық алымның мөлшерлемелерін, салықтарды есептеу және төлеу, сондай-ақ, олар бойынша салық есептілігін ұсыну тәртібін белгілеу; жеке детективтік қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияның болуы туралы талапты бекіту мен жеке детективтік қызметті мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру тетіктері заңдық тұрғыдан қарастырылған. Депутат Роман Кимнің сұрағына орай жауабында министр жеке детективпен айналысушы өзіне көмекшілерді қанша тартқанымен, олардың детективтік қызметпен айналыса алмайтындығын алға тартты. Өйткені, бұл қызмет түрі лицензиялауға жатады. Арнаулы мемлекеттік органдардың жедел немесе тергеу бөлімшелерінде кемінде он бес жыл еңбек өтілінің болуы және отыз бес жасқа толуы мен өзге де талаптар тым қатаң екендігіне назар аудартқан Серікжан Қанаев көршілес Ресейді мысалға келтірді. Депутаттың айтуынша, бұл елде жиырма бір жасқа толған, кемінде үш жыл тергеу бөлімшелерінде қызмет істеген адам детектив бола алады. Мұның жаңа институт екендігіне, Ата Заң ережелеріне және де құқық қорғау органдарының талаптарына сүйенген Б.Имашев екінші оқылымда жас жағынан шектеуді қарастыруға болатынын алға тартты. Осылайша жалғасқан бірер сұрақ-жауаптан кейін заң жобалары бірінші оқылымда қолдау тапты. Сондай-ақ, депутаттар меншік құқығын қорғауды күшейту, шарттық міндеттемелерді қорғауды кепілдендіру мен оларды бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату мәселелеріне қатысты заң жобасын екінші оқылымда қарап, мақұлдады. Онда Азаматтық кодекстің заңсыз актілерді шығару салдарынан меншік иесіне келтірілген залалды, тиісті актіні шығарған мемлекеттік органның немесе лауазымды адамның кінәсіне қарамастан, өтеу бөлігі нақтыланады. Кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемелерді мерзімінен бұрын орындау және кепілге салынған мүлікке өндіріп алуды қолдану нормалары да айқын жазылып отыр. Бұдан басқа, күн тәртібіне шығарылған Қазақстан мен Болгария және Румыния елдерімен адамдарды ұстап беру туралы шарттарды ратификациялауға қатысты заңдық құжаттар да қолдау тапты. Заңдық құжаттар аталған елдердің құзыретті органдары арасындағы қатынастарды реттеуге бағытталған. Сонымен қатар, Қазақстан мен Румыния арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы заң жобасы да мақұлданды. Бұл ретте, егер сотталған адам жазасын өтегеннен кейін депортациялауға жататын жағдайда, оның келісімі талап етілмейтіндігін айта кеткен жөн. Сонымен бірге, тараптардың әрқайсысы өз ұлттық заңнамаларына сәйкес кешірім жасауды, рақымшылық жасауды немесе жазаны жеңілдетуді жүзеге асыра алады. Және де палата «Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңға; Конституциялық заңдарға азаматтық процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістерге қатысты заң жобаларына; Каспий теңізінің субиологиялық ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану заңдық құжатына және Байқоңыр қаласының білім беру ұйымдары туралы келісімдерді ратификациялау туралы заң жобасына қорытынды әзірлеу мерзімін тиісті комитеттерге бекітіп берді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».