13 Шілде, 2010

ҚАЗАҚ ТІЛ БІЛІМІНІҢ ТҰҢҒЫШ АНТОЛОГИЯСЫ

2519 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Бұл кезде қазақ қоғамы өмірінде жүріп жатқан аса маңызды әлеуметтік үні бар қозғалыстың бірі – қазақ тілінің мемлекеттік тіл дәрежесінде қызмет етуіне қатысты болып отырғаны белгілі. Бұл орайдағы көзделген мақсат пен қам-қарекеттердің бір сәтте, немесе тіпті бір-екі жылда орындала қоймайтындығы да түсінікті. Қазақ тілі – Қазақ Республика­сы­ның мемлекеттік тілі деп Конс­титуцияда заңдастырылып жария­лан­ғаннан бері өткен екі онжылдық уақыт ішінде үздіксіз қабылданып келе жатқан қаулы-қарарлар, бағ­дарламалар, нұсқаулар, бұйрықтар діттеген мақсатқа жеткізе алмай ке­леді – қазақ тілі толыққанды мем­лекеттік тіл дәрежесінде қызмет ете алмай отыр. Демек, бұл орасан мәнді, ұлттық мүддені орындауда ресми заңдардан басқа да нақты іс-қимыл қажеттігін, яғни қазақ тілі­нің өміршеңдігін күшейтетін, көте­ре­тін, танытатын әр алуан нақты жұмыстарды орнымен, кезегімен жүргізу қажеттігін сезінеміз. Тілдің өміршеңдігін көтеру дегеніміз – ең алдымен, қоғамның өмі­ріндегі тілдің әлеуметтік қызме­ті­нің аясын кеңейту. Осыған сәй­кес тілдің ғылыми да функцио­нал­дық әлеуетін дәлелдеу үшін осы тілдің табиғатын, тарихын, сөздік қазынасын, дыбыстық жүйесін, грамматикалық құрылымын, өзге тілдермен қарым-қатысын, қызмет ету әлеуетін, яғни мүмкіндігі мен күш-қуатын жақсы танып білу керек. Ал бұл мүмкіндікті жасай­тын – білім мен ғылым. Атап айт­қанда, қазақ баласының, сондай-ақ Қазақстанды Отаным деп санайтын өзгелердің де қазақ тілінде ауыз­да­нуы, яғни балабақшада қазақ тілін­де тәрбиеленуі, қазақ мектебінде оқып, жоғарғы білімді қазақ тілінде алуын жүзеге асыру екендігі белгілі қа­ғида. Бұл – білім берудің енші­сіндегі шаруа болса, ғылымның, оның тіл білімі (немесе тілтаным, лин­гвистика) саласының міндеті өз алдына. Міне, алдымызда осындай та­лап­тар мен міндеттер тұрған бұл күн­дерде тіл зерттеуші мамандар қауымының күнделікті тірлігінде бұрын-соңды болмаған, жан жы­лытар жақсы оқиға болды. “Қазақ тіл білімінің антологиясы” деген атпен бір мезгілде жарық көрген 45 кітап қолымызға тиді. Тартуды ұсынған – С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік универси­те­ті, оның Е.Бекмаханов атындағы “Өлкенің тарихы мен этнография­сын зерттеу” ғылыми-практикалық орталығы. Антологияның бас ре­дак­торы Е.Арынов, орталықтың ди­рек­торы А.Құдабаев. Антология Қа­зақстан тәуелсіздігінің 20 жыл­ды­ғына арналған, ұлттық-рухани дүниемізге ұсынылған ерекше сыйлық. Әдетте антология деген грек сө­зі­нің түпкі мағынасы “гүл шоғыры” деген екен, бірақ кейін келе бұл атау көптеген тілдерде мағынасын ауыс­тырып, “бір салада жазған ав­тор­лардың (мысалы, ақындардың) ең жақсы, ең үздік деген шығар­ма­ларынан таңдап алып, топтастыру” деген терминге айналған. Демек, “Қазақ тіл білімінің антологиясы” – бір ғасыр (ХХ ғ.) барысындағы қазақ тілін зерттеген ғалымдардың ХХІ ғасырда мағынасын жоғалт­па­ған ең қажет деп іріктелген ғылы­ми-танымдық еңбектерінің шоғы­ры, әр алуан атаулы шоғыры. “Қазақ тіл білімі антоло­гия­сы­ның” басты мақсаты – оны шы­ғару­шылардың өздері айтқандай, “классикалық үлгідегі жазылған ғылыми еңбектердің, тілдік зерт­теу­лердің, ғылыми ой-тұжырым­дар­дың көрсеткішін кейінгі жас ға­лым­дарға, ұрпағымызға үлгі ету. Тал­даудың, пайымдаудың, дәлел­деу­дің сан қырлы тәсілдеріне бой­латудың нақты мүмкіндігін ұсыну” болған. Әрине, антология болғандық­тан, әр ғалымның бір ғана еңбегі таңдалып алынған. Ал бұлардың бір емес, бірнеше, көптеген зерттеу жұ­мыстары ертелі-кеш жарық көріп келе жатқаны белгілі. Оның үстіне қазақ тіл білімі де, ғылымның өзге салалары сияқты өте күрделі, тұтас құрылым. Оның қаттаулары лек­си­кология, грамматика, фонетика, фо­нология, диалектология, тіл та­рихы, көне түркі ескерткіштерінің тілі, ономастика, топонимика, әлеу­меттік тілтаным, этнотілтаным, тілдік стилистика (лингвостилис­ти­ка), семасиология, мәтін тілтаны­мы, этимология, лингвистикалық палеонтология сияқты ірі-ірі тар­мақтарының өз ішінен тағы бөлініп жатады, осылардың барлығының тео­риялық таным нышандары қа­зақ тілтаным тарихының алғашқы кезеңдерінен бастап көрінген бол­са, оны кеңінен талдап зерделеу, бұл салалардың көбінің жеке нысандарын соңғы кезеңде туған жаңа бағыт-бағдарларға сәйкес зерттеу – бүгінгі қазақ тіл білімінің жұмысы мен міндеті болып отыр­ғанын баса айтуға болады. Антологияның бұл сериясына қазақ тілін зерттеген 45 автордың әрқайсысының бір-бір еңбегі енген. Уақыт кеңістігі жағынан бұлар ХХ ғасырдың алғашқы онжылдықтары­нан бастап, негізінен 70-80-жыл­дар­ға дейінгі дүниеге келген зерттеу жұмыстары. Бұлардың авторының жартысынан көбі бұл күнде ара­мыз­да жоқ. Алды өткен ғасырдың 30-жылдарында сталиндік репрес­сия­ның құрбандары болған А.Бай­тұрсынов, Х.Досмұхамедов, Қ.Жұ­ба­нов, Қ. Кеменгеров сынды ал­ғаш­қы қазақ зиялылары, одан кейін­гілер – туғанына 90-100 жыл­дықтары аталып өткен С.Аманжо­лов, Н.Сауранбаев, І.Кеңесбаев, М.Ба­ла­қаев, А.Ысқақов, Ғ.Мұса­баев, Ы.Ма­манов, Ғ.Айдаров сын­ды алдыңғы лектің ісін жалғас­тыр­ған ғылым докторлары мен про­фессорлар. Бұдан кейінгі атайтын­дары­мыз – арамыздан ертерек кеткен М.Ары­нов, А.Әбдірах­манов, Қ.Есенов, Ғ.Мадина, К.Аханов, Қ.Өмірәлиев, Ә.Құрышжанов сын­ды біздің за­ман­дастарымыз. Анто­логияға еңбектері енген, бұл күнде көзі тірі 20 ғалымның алды жас жағынан 80-нен асқан, соңы 60-70-ді алқымдаған, бірақ ғылыми із­деністерін тоқтатпа­ған тіл маман­дары – ғылым докторлары мен профес­сорлар. Алғашқы толқын А.Байтұр­сы­нов, Қ.Жұбанов, К.Кеменгеров, Х.Дос­мұхамедовтер “Қазақ тіл білімі” деген ғылым тармағын жа­са­ған, ғылыми жұмыстың бағыт-бағ­дарын көрсеткен, яғни құры­лым­дық тілтанымның (структурная лингвистика) ұстанымдарын бел­гі­леп берген нағыз көшбастаушылар болды. ХХ ғасырдың 20-жылдарын­да бұлардан басқа қазақ тіліне қа­тыс­ты жеке зерттеулерімен, қазақ­ша-орысша және қысқаша екі тілдік сөздіктер жасаған, оқулықтар жазған Т.Шонанов, Е.Омаров, М.Мур­зин, Ж.Аймауытов, Б.Берто­ғаев, Б.Малдыбаев сияқты өзге де зиялы азаматтар болды. Әрине, бұлардың еңбектерін тауып жария­лау, оларды талдау алдағы жұмыс­тардың қатарында болмақ. ХХ ғасырдың 30-80-жыл­да­рында ғылымға белсене кірісіп, қазақ тілін әр қырынан зерттеудің елеулі үлгісін танытқан келесі буын – бүгінгі аға ғалымдар атанып отыр­ған біздердің ұстаздарымыз қазақ тіл білімін әрі қарай дамы­тып, іргелі-іргелі еңбектер қалдыр­ды, теориялық негіздерін қалап, сол кезеңдердегі орыс түркі­тану­шы­­ларымен терезе теңестірді. Бү­гінгі қолға алынып жатқан теория­лық ұстанымыздардың алғашқы ұшқындары солардан табылып, жалғастырылуда. Антологияға бір-бір еңбектері енген қалған 20 автор – бүгінгі ғы­лы­ми жұмыстарды әр қырынан, жаңаша әр бағытта жүргізіп келе жат­қан, жас жағынан 60-80-дерден асқан Ә.Қайдаров, Р.Сыздық, Ш.Сарыбаев, Б.Әбілқасымов, К.Хұ­сайын, Р.Әмі­ров, Ә.Жүніс­беков, А.Хасенова, Н.Орал­баева, Т.Жанұзақов, А.Аман­жо­лов, Б.Ха­са­нов, Б.Сағындықов, Ө.Айтбай­ұлы, О.Нақысбеков, Е.Жан­пейісов, Ғ.Калиев, И.Ұйықбаев, М.Серға­лиев сынды түркітанушылар. Қазақ тіл білімінің тұңғыш антологиясына шығармалары енген ғалымдардың ата-жөндерін бұлай­ша түгел атап отырғанымыздың себебі бар. Қазақ тіл білімінің жал­пы ғылым әлемінде, оның ішінде түркітану деп аталатын дүние­жү­зі­лік тармағында орны қандай болды дегенді тіл мамандары болмаса өз­гелер, әсіресе қалың көпшілік нақты біле де бермейді. Сондықтан сөз етіп отырған антологияның дүниеге келгені сияқты игі әрекетті пайдаланып, қазақ тіл білімінің бұрынғы, қазіргі хал-ақуалымен қысқа ғана таныстырып өтсек. Қазақ тіл білімі ХХ ғасырдың алғашқы онжылдықтарынан бастап, нағыз ұлттық сипаттағы, теориялық негіздері мықты алдыңғы қатарлы жүйе болып дамып келеді. Ол кеңестік одақта өмір сүрген өзбек, қырғыз, түркімен, татар, т.б сияқты түркі республикаларындағы, сон­дай-ақ орталықтағы орыс түркі­та­нушыларының алдыңғы қатарында болды. Мәскеу мен Ленинградтағы түркітану орталықтарынан кейінгі 3-орында қазақ тіл мамандары тұр­дық деп өзіміз де мақтанатынбыз, өзге туыстас әріптестеріміз де осы­лай­ша бағалайтын. Ғылыми қазы­на­мыздың сапасы мен әртүрлілігі, кадрларымыздың біліктілігі мен таланттылығы, Одақтағы өзге түркі ағайындардың тіл мамандарын дай­ындаудағы, яғни диссертациялық жұмыстарына басшылық, жетекші­лік етіп өзіміздің кеңесте қорғату жа­ғынан да Мәскеу мен Ленин­град­тан кейін қазақ Тіл білімі инс­титуты тұрғандығы осылай таныт­тыратын. Мүмкін, қазірде де бұл орнымыздан таймаған болармыз, бірақ қазір салыстырып, біліп жатқан кім бар? Иә, соңғы онжылдықтарда бұрынғыдай ғылым кеңістігіндегі аралас-құраластық жоқ, әр орта­лық­та кезекпе-кезек өтіп жататын түркологиялық конференциялар, симпозиумдар тоқтады, бәрімізге ортақ ғылыми баспа орғанымыз – журналымыз жоқ. Сірә, соған қа­рамастан, ғылым көшінің шаңында қалған жоқпыз деп сезінеміз. Өйт­кені, соңғы 20-30 жылдардағы қа­зақ тіл мамандары бұрынғы клас­си­ка­лық, құрылымдық бағыттағы ізденіс­термен қатар, жаңа антро­поөзектік бағдарды ұстанған еңбек­тер жазып жариялауда, кандидат­тық, докторлық диссертациялар жазылуда. Қазақ тіл мамандарының бұл қазіргі буынының алды жасы 50-60-тан аса бастаған, соңы 30-40-тардың ішіндегі ғалымдар құрайды. Респуб­ликамыздың жоғарғы оқу орындарын­да және А.Байтұр­сын­ұлы атындағы Тіл білімі инсти­ту­тында жұмыс істеп жүрген талапты, талантты, ізденімпаз, білімді лин­гвист жастар өсіп келеді. Олардың көбі филология ғылымдары­ның докторы, университет профес­соры. Сөз жоқ, бұл буынның ғылым­дағы түркітанушы, қазақ тілінің зерт­теушісі ретіндегі ғылыми деңгейін танытатын антологиясы да дүниеге келеді деп ойлаймыз. Сөйтіп, қазақ тілін зерттейтін ғы­лым саласына айрықша көңіл ауда­рып, тұңғыш антологиясын ұсынып отырған С.Торайғыров атындағы Пав­лодар мемлекеттік университетіне, оның ректоры Ерлан Мұхтарұлы Ары­новқа шексіз ризашы­лығымызды біл­діре оты­рып, бұл бас­тал­ған аса игілікті ша­руа жалғаса бере­ді ғой деп ойлай­мыз. Бұл тұңғыш ан­то­логия – өз­ге­лер­ге үлгі, білім мен ғы­лым бү­гінгі қо­ғамымыздың ең қа­жет са­лалары екен­дігін танудың, таны­тудың өнегесі. Бұл рухани қазына ғылыми қор ретінде мектептер мен универ­си­теттердің кі­тапханасынан өз ор­нын тапса, ұлттық құнды­лық­ты жас ұрпаққа жеткізудің кепілі болары хақ. Әрине, ана тілімізді, оны зерт­тейтін ғы­лым саласын та­ны­тудың жолдары мен амал-тә­сілдері көп қой. Сондай іс-қаре­кет­терге тек тіл ма­мандары ғана емес, түгел жұртшы­лық болып кірісіп жат­­са, қазақ тілі мемлекеттік тіл дәре­же­сінде тезірек көрінеді деген үміттеміз. Рабиға СЫЗДЫҚ, академик, Көбей ХҰСАЙЫН, профессор.