15 Тамыз, 2015

Жұлдызы биік Жуалы

585 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

122 (23)

«Жер өңдеу мәдениетін өзгерту және жаңа ғылыми, технологиялық, басқарушылық жетістіктерді ескере отырып, мал шаруашылығындағы дәстүрлерімізді жаңғыртуымыз қажет». «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа сая­си бағыты» атты Жолдауында Елбасы ауыл шаруашылығын дамытудың басты міндеттерін осылай айқындап берген-ді. Сондай-ақ, Жолдауда ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу де, сау­да да, фермерлік пен шағын және орта бизнесті дамыту да көзделген. Бір сөзбен айтсақ, Үкімет ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруге ниетті шаруашылықтарға көмек көрсетуге әзір. Ал біздің Жуалы ауданы негізінен аграрлы өңір болғандықтан, біз бірден-бір сала – ауыл шаруашылығының дамуына серпін берудеміз.

Аудан әкімдігінің қызметі Мем­лекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған бес институттық реформаны іске асыру мақсатында белгіленген «100 нақты қадам – баршаға арнал­ған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт жоспарында қарастырылған экономикалық өсімді қамтамасыз етуге, ауданның экономикалық әлеуетін ұлғайтуға, әлеуметтік саланы дамытуға бағытталып отыр. Ауданның ауыл шаруашылығы саласында бүгінде 4 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 3 өндірістік кооператив, 9 ауылдық тұтынушылар кооперативі, 2287 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Олардың ішінде несие алып, жұмысын жоспарлы түрде жүргізіп, шаруасын жолға қойғандары да баршылық. Несие шаруашылықтардың көктемгі егіс-дала жұмыстарын жүргізуіне, тұқым, жанар-жағармай алуына да беріліп тұрады. Мәселен, үстіміздегі жылдың басынан бері аудан кәсіпкерлері 380 млн. теңге несие алып, жұмыс істеуде.

Егін шаруашылығының дамуы техникалардың жаңаруына да тікелей байланысты. Соның арқасында егістік көлемі жылдан жылға артып отыр. Биыл ораққа барлығы 9802 гектар күздік, 23 199 гектар жаздық арпа, 109 гектар дәндік жүгері түсіп отыр. Одан басқа 23 200 гектарға майлы дақылдар себіліп, 616 гектарға көкөніс, 3320 гектарға көпжылдық шөп, 325 гектарға қант қызылшасы егілді. Масақты дәнді дақылдардың әр гектарынан алынған орташа өнім 17,0 центнерден айналды. Биылғы жылдың алғашқы жартысында кәсіпкерлік саласы бойын­ша 1 624,4 млн. теңгенің өнімдері өндіріліп, қызметі көрсетіліп, сауда айналымы жасалып, бюджетке 77,7 млн. теңге салық төленді. Жалпы аудан аумағында бүгінде 3904 кәсіпкерлік субъектісі жұмыс жасауда, оның ішінде 4 орта, 92 шағын кәсіпорын, 1521 жеке кәсіпкер бар. Бұл шаруашылық субъек­тілерінде барлығы 8835 адам жұмыс істейді.

122 (22) Ауданның агроөнеркәсіп кешенін қолдауға мемлекет тарапынан берілетін субсидия негізінен өсімдік және мал шаруашылығын дамытуға бағытталды. Үкімет шаруаларға егілген ауыл шаруашылығы да­қылдарының кейбір түрлеріне субсидия беріп келеді. 2013 жылы егін шаруашылығын қолдауға берілетін демеуқаржы небәрі 111 млн. теңге болса, өткен жылы 251 млн. теңге алынды. Ал биыл бұл қаражат көлемін 300 млн. теңгеге жеткізуді жоспарлап отырмыз. Шаруашылықтарға жыл басынан бері асыл тұқымды мал басын өсіргені, ет-сүт өнімдерін өндіргені үшін барлығы 41 млн. 470 мың теңге субсидия төленді. Ауыл шаруашылығы техникалары да жаңартылуда. Оның басым бөлігі лизинг арқылы алынды. Мәселен, соңғы бес жылда «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизингке 51 дана МТЗ-82 тракторы, 14 комбайн және 15 трактор тіркемесі алынды. Шаруашылықтардың өз күшімен нақты қаржыға алынғаны 25 дана МТЗ-82 тракторы, 12 комбайн, 15 трактор тіркемесі. Былтырғы жылдың өзінде 73 млн. теңгеге лизингке, 56 млн. теңге шаруалардың өз қаражатына түрлі 34 дана техника алынды. Міне, осылайша жылда техникаларды жаңартып отырсақ, бірнеше жылда ауыл шаруашылығы техникаларының жаңарып шыға келетіні сөзсіз. Үкіметтің «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 6 шаруа қожалығы 86,6 млн. теңгеге 536 бас мүйізді ірі қара, «Құлан» бағдарламасы бойын­ша 4 шаруа қожалығы 59,5 млн. теңгеге 231 бас жылқы, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 1 шаруа қожалығы 5,4 млн. теңгеге 210 бас қой сатып алды. Су үнемдеу технологиясы бойынша Нұрлыкент ауылдық округіндегі «Гамбург» ЖШС мен «Зылиха» ШҚ егістік және картоп алқаптарын суару үшін заманауи үлгідегі жаңбырлатып суғару қондырғысын пайдалануда. Жуалының бір кезде даңқын аспандатқан картоп дақылын өсіру қайта қолға алынды. Соңғы жылдары картоп алқаптары бірнеше ондаған гектарға арттырылды. Былтыр ол 2100-ден астам гектарға жетті, ал биыл егілгені – 2150 гектар. Бізде картоп өсіруге қажетті техника жеткілікті. Сапалы тұқыммен қамтамасыз ету де дұрыс жолға қойылған. «Зылиха» шаруа қожалығы жыл сайын Қарағанды облысынан элиталы картоп тұқымын әкеліп, әр гектардан жоғары өнім жинауға күш салып келеді. Ауданның күнгей бөлігіндегі диқандардың жазғы суару маусымында бас ауруына айналған ағын су проблемасы шешімін тапты. Осы алқаптарды суландыратын Көксай арнасының құрылысына былтыр Үкіметтен 5,3 миллиард теңге бөлініп, канал толығымен іске қосылды. Қорыта айтқанда, аудан шаруа­шылықтарының бүгінгі беталысы жаман емес. Бірі диқаншылыққа бет бұрса, енді бірі асыл тұқымды мал өсіру бағытын таңдап отыр. Мұның бәрі Үкімет тарапынан көрсетіліп отырған қамқорлықтың арқасында қол жеткен табыстар. Ауданда аграрлық саланы әрта­раптандыру, жаңа технологияларды қолданысқа енгізу, өңдеуші, ұқсатушы кәсіпорындарды іске қосу жөнінде бірқатар маңызды шаралар жүзеге асырылуда. Бұл бағытта тың ізденістер де жоқ емес. Кейінгі кезде ауданда сүт өң­деумен шұғылданатын шағын кәсіпорындар қатары көбейіп келеді. Аудан орталығы – Бауыржан Момышұлы ауылындағы «СМТС» ЖШС және «Зағира Мешелова» жеке кәсіпорны жергілікті тұрғындардан сүт қабылдап, одан алуан өнімдер шығаруда. «Гамбург» ЖШС сүттен кілегей өндіруді дұрыс жолға қойды. «СМТС» ЖШС сүт өнімдерімен қатар, алкогольсіз сусындардың алуан түрлерін және шұжық шығарады. Кезінде дәмі тіл үйіретін сары майы­мен, кілегейімен бүкіл Одаққа танылған Бурный ірімшік зауыты біраз жыл өндірісті қайта жабдықтауға жабылып қалған еді, енді, міне, инвестицияның арқасында қайта іске қосылып, өндіріс қарқынын арттыруда. Өткен жылы 4-5 тоннамен шектелген кәсіпорын бүгінде өндіріс қуатын 10 есеге дейін арттырып, тұрғындардан күнделікті 40-50 тоннаға дейін сүт қабылдап, өңдеуде. Бізде өз ісін ашқысы келетін іскер азаматтар да аз емес. Көпшілігін қаржы тапшылығы қинайды. Екінші деңгейдегі банктер кепілсіз несие бермейді. Сондықтан да қаражатқа қол жеткізе алмай таулары шағылады. Дегенмен, аудан әкімдігі тарапынан олардың бизнес-жоспар жасауына және жер алуына қолдау көрсетілуде. Аудан орталығындағы ірі кәсіпорынның бірі – «Арна Астық» ЖШС біраз уақыттан бері жұмыс істемей тұр еді. Оны «Агро азық-түлік нанмен жабдықтау» ЖШС басқаруға алды. Серіктестік үш қоймаға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, былтырдан бері жаңа астықты қабылдауда. Тағы бір қойманы күрделі жөндеуден өткізіп, мақта, мақсары және күнбағыс майларын шығаратын құрал-жабдықтар орнатуда, жем тартатын цехты іске қосты. Құрылыс саласы да жыл санап дамып келеді. 2005 жылдан бері ауданда 12 жаңа мектеп салынып, пайдалануға берілді. 22 балабақша мен 1 шағын орталық ыңғайластырылған ғимараттарда ашылып, бүлдіршіндер балабақшаларға баруда. Былтыр дәл Білім күні қарсаңында Бауыржан Момышұлы ауылындағы 300 орындық жаңа мектеп оқушыларға есігін айқара ашты. Жаз бойы құры­лысы тынымсыз жүрген 280 орын­дық «Аягүл» балабақшасы да жыл соңында пайдалануға берілді. Ал биыл жылдың басында аудан орталығында заманауи үлгідегі Спорт кешені іске қосылды. Одан бөлек, Ертай ауылында 120 оқушыға арнап былтырдан салынып жатқан орта мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Биыл Қошқарата ауылында орта мектептің құрылысы басталды. Жалпы, ауданда білім беру сапасы да жылдан жылға көтеріліп келеді. Мектеп бітірушілердің ҰБТ қорытындысы бойынша аудан өткен жылы облыста 1-ші орын алса, биыл екінші орыннан көрінді. Ауданға табиғи газ құбырларын тарту жұмыстары өткен ғасырдың 80-ші жылдарының аяғында қолға алынған. Соның арқасында аудан орталығымен жапсарлас бірнеше ауыл газдандырылды. Нарық қаты­настарына көшкен тұста тоқтап қалған бұл жұмыс соңғы жеті-сегіз жыл бұрын қайта жанданып, ауданның оннан астам елді мекеніне газ кіргізілді. Әлі тағы да осыншасына газ кіргізу межеленіп отыр. Таяу болашақта таулы өңірдегі ауыл­дардың барлығы көгілдір отынның игілігін көретін болады. Мұның бәрі ауылдың әл-ауқатын көтеру, ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында Үкімет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық деп ұққан жөн. Соңғы кездері ауданда жеке тұрғын үй салушылар қатары да артып келеді. Жеке сектордың есебінен үстіміздегі жылдың шілде айына қарай жалпы ауданы 3616,0 шаршы метрді құрайтын 31 тұрғын үй құрылыстарымен бірге қабылданды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,8 пайызға артық. Тағы бір маңызды бағыт – жол құрылысы мен жол жөндеу. Экономикалық күш-қуаты артқан біздің елімізде «Жол – экономиканың күретамыры» атты қағидатты берік ұстанып, соңғы жылдары бұл салаға қомақты қаржы бөле бастады. Мұның игілігін біздің аудан халқы да көруде.Бір ғана «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық автожолының өзі неге тұрады? Ауданда мұнымен жол жөндеу жұмыстары да қат-қабат жүруде. Автомобиль жолдарын жөндеуге былтыр облыстық бюджеттен 191,2 млн. теңге, аудандық бюджеттен 18,0 млн.теңге, барлығы 209,2 млн.теңге бөлініп, ауқымды жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде аудандық мәндегі екі жол, 3,7 шақырым ауыл­аралық жол, 49,2 шақырым ауылішілік жол орта және ағымдағы жөндеуден өткізілді. Сондай-ақ, аудан орталығындағы 20 көшенің және бірнеше ауылдық елді мекендердің басты көшелерінің жолдары орта жөндеуден өткізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын табуда. 3 автомобиль жолы, 7,4 шақырым ауыларалық жол және 14 көше жолдарын орта жөндеуден өткізу жоспарланып, іске асырылуда. «Үдемелі индустриялық-ин­но­вациялық даму» мемлекеттік бағ­дарламасы аясында Нұрлыкент ауылында «Бурное соляр» компаниясы Орталық Азияда теңдесі жоқ қуаттылығы 50 мегаватты құ­райтын күн электр стансасын салды. Нысанның құрылысына Еуропа мамандары мен 250-ден астам құрылысшы қатысты. Жобаның жалпы құны 23,5 млрд. теңге. Алдағы уақытта осындай тағы бір күн стансасын салу жоспарланып отыр. Ауданда барлық салада өз кәсібінің білікті маманы атанып, еліміздің өсіп-өркендеуі, гүлденуі жолында аянбай тер төгіп жүрген азаматтар аз емес. Жуалының аты сондай азаматтармен айбынды әрі асқақ. Ынтымағы мен бірлігі бекем Жуалы жұртшылығы осылайша жұмыла еңбек етіп, өздерінің тұрмыс-жағдайын, осы арқылы бүкіл аудан экономикасын көтеруге қызмет етуде.

122 (16)

Батырбек ҚҰЛЕКЕЕВ, Жуалы ауданының әкімі.

Жамбыл облысы.