15 Тамыз, 2015

Қармақшы ауданында жарнама агенттігі ашылды

523 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

122 (17)

Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының Қармақшы аудандық филиалындағы кәсіпкерлікті қолдау орталығы аудандағы маңызды мәселені шешуге көмектесті. Аудан облыс орталығынан 170 шақырым қашықтықта орналасқан. Ауданда 2 кент, 12 ауылдық округ, 14 дербес бөлім, 31 білім орталығы болғанымен, осы уақытқа дейін бірде-бір жарнама агенттігі жоқ еді. Сондықтан аудандағы мекемелер мен кәсіпкерлер өздеріне қажетті сыртқы жарнама құралдарын (билборд, баннер, стендтер, т.б.) облыс орталығы – Қызылорда қаласына келіп жасататын. Қармақшы ауданындағы кәсіпкерлікті қолдау орталығына Мейірбек Төлепбергенов есімді жас жігіт: «Компьютерлік және қосалқы техниканы жөндеу және оларға қызмет көрсетуге қатысты кәсіп ашқым келеді» деп келгенде, орталық кеңесшілері ауданда сұранысқа ие кәсіп түрі ретінде жарнама агенттігін ашуды ұсынды. Осыған орай Мейірбектің өзі: «Мен 2013 жылдан бері түрлі қаржы институттарына барып, жобамды қаржыландыра алмай жүрдім. Ауданымызда кәсіпкерлікті қолдау орталығының ашылғаны жақсы болды. Біріншіден, орталық бизнестің тиімді бағытын анықтап беруге көмектесті, екіншіден, сапалы бизнес-жоспар әзірлеп берді. Нәтижесінде жалпы құны 7,5 млн. теңге тұратын жобам «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы қаржыландырылып, жұмысты бастап кеттім. Қазір ауданда менің қызметіме сұраныс жоғары», – дейді. Айта кету керек, Қармақшы аудандық кәсіпкер­лікті қолдау орталығы осы кезге дейін 425 азаматқа 605 қызмет көрсетті, соның ішінде 61 жоба қаржыландырылды.

«Егемен-ақпарат».