Осыдан он сегіз жыл бұрын Қазақстан Республикасының Президенті Ұлттық қауіпсіздік комитетін құру туралы Жарлыққа қол қойды. Сол күннен бастап тәуелсіз елдің ұлттық қауіпсіздік органдары өздерінің туған күндерін атап өтіп келеді.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауында “Ішкі саяси сала мен ұлттық қауіпсіздіктің 2020 жылға дейінгі негізгі мақсаттары қоғамда келісім мен тұрақтылықты сақтау, ел қауіпсіздігін нығайту болып қала береді”, – деп атап өтуі ұлттық қауіпсіздік органдарының алдына зор міндет пен жауапкершілік жүктейтіндігі сөзсіз.
Елбасының осындай ұстанымдарын жүзеге асыру жолында еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитеті ең алдымен жеке адам, қоғам және мемлекет мүддесіне орай өз қызметтерін үйлестіріп келеді. Террорлық іс-әркетті болдырмау, оның алдын алу қызметіне басымдық беру күн тәртібінде тұрған басты міндеттердің бірі. Кешенді түрде атқарылып келе жатқан бұл жұмыстың құрамында – терроризм идеологиясын таратудың, террорлық акцияларды ұйымдастыру, жоспарлау, дайындау мен іске асырудың, заңсыз әскери құрылымдар немесе ұйымдасқан қылмыстық топтар құрудың алдын алу, тамырына балта шабу жұмыстары күнделікті жедел іздестіру қызметінің негізіне айналған. Халқымыз “Жау жоқ деме жар астында” деген, көршілес мемлекеттерде болып жатқан террорлық актілер сақтансаң – сақтармын дегенді үнемі еске салады. Бұл орайда, осы сала бойынша өткізілетін оқу-жаттығу сабақтарының мән-мағынасы, беретін тәжірибесі ерекше. Оның барысында лаңкестік оқиғалардың орын алуы мүмкін нысандар іріктеліп, сол бойынша атқарылуы тиіс практикалық іс-шаралар үнемі пысықталып келеді. Осы жылдың маусым айында Алматы қаласындағы “Медеу” мұз айдыны спорт кешенінде өткізілген “Қорғау-Антитеррор-2010” оқу-жаттығуы көптеген министрліктер мен ведомстволардың өзара бірлесіп қимылдау, өзара көмек көрсету және бір-біріне сенім білдіру шараларын нақтылады. Бұл оқу-жаттығудың жүргізілуі кездейсоқ емес. Тәуелсіз Қазақстан өзінің тарихында тұңғыш рет Азия ойындарын өткізгелі отыр. Азия олимпиадасы аталатын іс-шараның қауіпсіздігін қамтамасыз ету ҰҚК органдарына жүктелуі оған артылған үлкен сенім болып табылады. Мұндай оқу-жаттығуларды алдағы уақытта да бірқатар спорт нысандарында өткізу жоспарланып отыр.
Шетелдік қауіпсіздік органдары мен арнаулы қызметтермен тығыз байланыс орнату, интеграцияны дамыту – әр түрлі деңгейде өткізілетін іс-шаралардың табысты өтуіне бірден-бір кепіл. Өзара ынтымақтастық, сенімділік және іскерлік қарым-қатынастарды қалыптастыруды ұстанған ҰҚК көптеген халықаралық ұйымдар мен кеңестердің тұрақты әрі белсенді мүшесі болып табылады. Сондай ұйымдардың бірі жақында Ресей Федерациясының Екатеринбург қаласында өздерінің отырыстарын өткізді. ТМД-ға қатысушы елдердің қауіпсіздік және арнаулы қызмет органдары басшыларының кезекті мәжілісінде халықаралық терроризм, оның ішінде ядролық терроризм мен экстремизмге бірігіп қарсы тұруда ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Форумға қатысушылар аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басқа да өзекті мәселелерін жан-жақты көтерді. Сондай-ақ, ұлы көршіміз Қытай Халық Республикасына ресми сапармен барған қазақстандық делегация қазіргі заман қауіп-қатерлерімен күресте бірлескен күштердің белсенділігін арттыру туралы келісімге қол қойды. Кездесулер барысында ҰҚК төрағасы Әділ Шаяхметов шетелдік арнаулы қызметтер өзара ақпарат алмасып, тек бірігіп іс-қимыл жасаған кезде ғана аймақтық қауіпсіздікті нәтижелі түрде қамтамасыз етуге болатындығын ерекше атап өтті.
Экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қазіргідей әлем елдерін қамтыған экономикалық дағдарыс кезеңінде күрделене түсетіндігі сөзсіз. Көршілес жатқан бірқатар елдер дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болса, ал Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттері өзара Кеден одағын құруда. Мұндай үрдістер кезінде экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңаша кешенді деңгейін жасақтау мәселесінен туындап отырғандығы сөзсіз. Түрлі қарым-қатынастардың, байланыстардың басқаша үрдісте қалыптасу кезеңінде экономикаға нұқсан келтіруге тырысатын трансұлттық қылмыстық топтардың әрекеті де өзгеше болып келеді. Қылмыс әлемінің де заманауи технологияларды терең меңгеріп қана қоймай, оларды өздерінің іс-әркеттерінде қолдануы, сол арқылы мол пайда табатындығы жасырын емес. Сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салу да кеңінен етек алып барады. Бұл орайда комитет қызметкерлері миллондаған теңге көлеміндегі экономикалық шығындардың бетін ашуда. Бір ғана мысал ретінде, “Астана-Финанс” акционерлік қоғамы менеджмент басшыларының айыпталып жатқандығын айтсақ та жеткілікті.
Есірткіге қарсы күресте ҰҚК халықаралық дәрежедегі іс-шараларды сәтті өткізіп келеді. Өзіндік тәжірибе де жинақталды. Ауғанстан жерінен бастау алып, Орталық Азия елдерін басып өтетін есірткі трафигінің бір сағасы еліміз арқылы Ресей, Батыс Еуропа, Шығыс Азияға сапар шегеді. Бұрындары тек транзиттік рөл ойнаған еліміз соңғы уақыттары оны тұтынатындар санатына қосылды. Бұл жағдайда ҰҚК органдарының қызметі бірнеше бағыттарда жүргізілуде. Бірінші бағыты – есірткі бизнесіне қарсы жүргізілетін халықаралық іс-шараларға белсенділікпен қатысу. Соңғы уақыттары көбінесе есірткі тасымалын бақылау арқылы “жеткізу” тәсілі көбірек қолданылуда. Шетелдік арнаулы қызмет өкілдерімен бірігіп өткізілетін іс-шаралар мүмкіндігінше есірткі жолына қатысы бар барлық адамдар мен нүктелерді түгелдей анықтауға арналады. Есірткіні алып бара жатқан тасымалдаушы ештеңені байқамастан, қаннен-қаперсіз түрде бірнеше елдің шекарасын кесіп өтіп, жөл-жөнекей өзінің таныстарын, астыртын байланыстарын әшкерелегенін сезбей де қалады. Нәтижесінде, есірткі тасымалдауды кәсіп етіп, содан несібесін теріп жеп отырған ұйымдасқан қылмыстық топ тобырымен бір сәтте торға түседі. Сондай іс-шаралардың бірі “Торнадо” деген шартты атаумен өткізілді. Ресей арнаулы қызметімен бірігіп жүргізілген астыртын іс-шараның нәтижесінде дәрмегі өте күшті болып табылатын 306 кило есірткі алынды. Ұйымдастырушы болып жүрген оңтүстік қазақстандық азамат қалайша қолға түсіп қалғанына әлі күнге дейін аң-таң қалып отырған жайы бар. Осындай тағы бір іс-шара өзбекстандық әріптестермен өткізілді. “Ташкент-Қостанай” бағытымен есірткі тасымалдауды үйлестіріп жүрген Тәжікстан азаматы ұсталып, одан 107 кило апиын мен 18,5 кило героин тәркіленді. Бұл комитет қызметкерлері жалпақ жұртқа жария қылған іс-шараларының бірсыпырасы ғана. Әлі қаншама астыртын түрде өтіп жатқан іс-шараның бар екендігін айтатын уақыты келгенде білетін боламыз. Жыл соңына қарай тәркіленетін есірткі көлемінің тонналарға ұласып жататындығы белгілі. Жоғарыда тәркіленген есірткінің көлемі бір қарағанда аз болып көрінуі мүмкін. Бірақ, бір доза есірткінің көлемі бар-жоғы 0,2 гр. болатындығын айтсақ, онда килограмдап тәркіленген есірткіден қаншама дозаның жолы кесілгендігін есептей беріңіз. Қаншама адамның денсаулығы мен өмірі құтқарылды десеңізші. ҰҚК қызметінің екінші бағыты – профилактикалық шараларға кеңінен қолдау көрсету, қатысу. Бұл орайда түрлі қоғамдық ұйымдармен, оның ішінде жастар ұйымдарымен өткізіліп жүрген шаралардың орны ерекше. Есірткінің зияндылығын, оны тұтынудан туындайтын зардаптар туралы тұрақты насихаттау заман талабы болып отыр. Тәркіленген есірткілерді қоғамдық ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен жоюдың пәрменділігі ерекше. Жалпы, бұл орайда есірткіге қарсы күрес тек мемлекеттік органдардың жұмысы деген көзқарасты түбірімен өзгертіп, қоғамның өз ішінен, ұлттық деңгейде қазіргіден де белсендірек іс-шаралар өткізетін кез әбден жетті. “Отан отбасынан басталатындығын” ескерсек, онда отбасында берілетін тәрбиені күшейту жөнінде де насихат шараларын жүргізу кезек күттірмейтін шаруа.
Сыбайлас жемқорлық еліміздің қауіпсіздігіне айтарлықтай қатер төндіретін құбылыс екендігі айтпаса да түсінікті. Бүгінгі таңда барлық мемлекеттік органдар жемқорлықты ауыздықтау жолында күрес жүргізуде. Комитеттің бұл саладағы деректеріне көз салып отырсаңыз жемқорлық дертінің көптеген мекемелерді шырмап алғандығын байқайсыз. Бармақ басты, көз қысты әрекетпен мәселесін шешкісі келетіндер ертеңіне-ақ өздерінің тұтылып қалатындығын ойлағысы келмейді. Құпия қызмет өкілдері бұл салада да айтулы іс-шаралар өткізіп келеді. Нақты айғақпен ұсталып, лайықты жазасын алып жатқандардың арасында атқарушы билік, ішкі істер, кеден, жер инспекциясы, сәулет орындары секілді тағы да басқа сала өкілдері кездеседі. Сот үкімі бойынша жазасын алып жатқандардың арасында қатардағы мемлекеттік қызметкерлерден бастап, жоғары лауазымды тұлғаларға дейін бар. Сыбайлас жемқорлықтың негізгі құралы әдеттегіше пара беру мен алу болып табылады. Әрине, қоғам үшін қандай қылмыстың болмасын алдын алған әлдеқайда пайдалы болмақ. Бұл орайда көптеген қоғамдық ұйымдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы өткізіп жатқан акцияларын ҰҚК белсенділікпен қолдайды. Жергілікті атқарушы биліктің жанындағы тәртіптік кеңес, “Нұр Отан” партиясының осы тақырып бойынша өткізілетін отырыстары сауықтыру шараларын іске асыруға зор әсерін тигізуде.
Мемлекеттік шекараны қорғау – ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің абыройлы міндеті. Жер көлемінің үлкендігі жағынан Қазақстан дүние жүзінде тоғызыншы орынды иеленеді. Ал ұзындығы он бес мың шақырымнан асатын шекараны қорғау ісінің өзіндік ерекшеліктері жетіп артылады. Көршілес Қырғызстандағы соңғы оқиғаларға байланысты шекараны күзету ісінің күрделенгені өз алдына үлкен әңгіменің өзегі. Республикамыздың шекарасы төрт аймақтық басқармаларға бөлінген. Соның бірі – “Шығыс” аймақтық басқармасында ҰҚК төрағасы Әділ Шаяхметов таяуда Әскери кеңестің көшпелі мәжілісін өткізіп, жергілікті жерлерде қордаланған мәселелерді шешудің жайын талқылады. Шекараның инфрақұрылымдарын жаңғыртуды одан әрі дамытудың қажеттігіне көңіл бөлінді. Оңтүстік шекара аймағының жағдайымен өз көзімен танысты. Есірткі трафигі, заңсыз миграция, трансұлттық қылмыстың жолын кесуде шекарашыларымыздың қызметін атап өткен орынды. Контрабандашылар да жинақы, техникалық жағынан жақсы жарақталған және өте сауатты қимылдайтындықтарымен ерекшеленеді. Дейтұрғанмен, қай жағынан болмасын олардан оқ бойы озық тұру шекрашылардың басты міндеттерінің бірі. Кеден одағының құрылуына байланысты экономикалық серіктестер алдында тұрған міндеттерді орындауға да күш салынуда. Оның бірі – мемлекеттер арасындағы “мөлдір шекара учаскелерін” толығымен инженерлік құрылғылармен қамтамасыз ету. Соңғы бес жылдың ішінде осы бағытта отыздан астам заставалар ашылды. Осы жылғы қараша айының соңына дейін Шардара су қоймасынан бастап Іле Алатауына дейінгі жазық алқаптағы шекара бөліктері “жабылатын” болатын. Ал келесі жылдың жоспарында Шардарадан сонау Каспийге дейінгі шөл-шөлейтті алқаптағы, сондай-ақ Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы таулы-қырат арқылы өтетін шекара сызығын “жабу” міндеті тұр. Сөз реті келіп тұрғанда, шекара маңында болатын “айқай-шулы” мәселелерге қатысты да айта кеткен орынды. Мұндай оқиғалардың көпшілігі жергілікті тұрғындардың құқықтық сауатсыздығынан болып жатады. Соның бірі мемлекеттік шекара ұғымын мойындамау немесе жеңіл түсініп, немкетті қарау. Бұрындары ауылы аралас, қойы қоралас жатқан елді мекендердің арасын бүгінде мемлекеттік шекара бөліп жатыр. Кейбір жерлерде шекара сызығы жолдың, өзеннің, каналдың қақ ортасымен өтсе, кейбір жерлерде жер телімі мемлекет аумағынан бөлініп те қалады. Каналдың бергі бетінде шомылған балалардың арғы жағалауға жүзіп өтіп, шекараны заңсыз кескен деректері де тіркелген. Себебі, мемлекеттік шекара сызығы каналдың қақ ортасымен өтеді. Ал мемлекеттік шекара сызығын заңсыз қиып өту қылмыс екендігін, қылмыстық жазаға тартылатындығын азаматтарымыз қаперіне алмайтын сәттер сирек те болса кездеседі. Мұндай жағдайда “Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы” Заңына сәйкес шекарашылар қолындағы қаруын қолдануға құқылы. Заңдылықтың бар екендігін біле тұра, кейбіреулер контрабандалық жүк өткізуге тырысады. Осы жылғы маусым айының ортасында “Дархан” шекара заставасының бір учаскесінде автомобиль бөлшектерін осындай жолмен кіргізбек болғандарға қарсы шекарашы қару қолдануға мәжбүр болды. Нәтижесінде, әкелі-балалы екі азаматымыз жарақат алды.
Ардагерлерге құрмет көрсету, олардың өсиетін тыңдап, тәжірибесімен ой бөлісу, осылайша қазақстандық патриотизмді дамыта беру қауіпсіздік органдарында жүйелі түрде жолға қойылған. Ұлы Жеңістің 65 жылдығы аясында Комитет төрағасы Әділ Шаяхметов соғыс және еңбек ардагерлерін арнайы шақырып, кездесу ұйымдастырды. Аты аңызға айналған Мұхамеджан Қиртаев, Шаймұхан Мұқанов, Сайткен Сағитов, Жұмақан Сәбденов, Балташ Сейітов, Иван Селиверстов, Павел Даценко, Кеңесбай Қали, Уәлихан Мұқаев сынды басқа да 252 ардагер Елбасы Жарлығымен орден-медальдармен марапатталды. Ардагерлердің қатысуымен “Жеңіске дейінгі 1418 күн” фильмі түсіріліп, онда әрбір майдангердің естеліктері қамтылды. Ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруда, жаңа мамандар даярлауда өз ықпалын тигізетін осындай шаралардың маңыздылығына генерал Ә.Шаяхметов ҰҚК Академиясы мен Әскери институтының түлектеріне диплом тапсыру сәтінде де айрықша тоқталып өтті.
Қоғам мен мемлекеттің бір бөлшегі болып табылатын ҰҚК ел басына түскен қиындықтарды бөлісуден де тыс қалған емес. Алматы облысы, Қызылағаш ауылында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету үшін қызметкерлер біркүндік еңбекақыларын аударды. Жергілікті жерлердегі балалар үйіне, мүгедектерге үнемі көмек көрсету комитеттің дәстүрлі ісіне айналған.
Өткен он сегіз жыл ішінде қызмет барысында кездескен қиындықтар аз болмады. Соның ең үлкені – қоғамның санасында сақталып қалған ескі стереотипті өзгерту болды десек артық айтқандық емес. Жетпіс жылдан астам өмір сүрген Кеңес өкіметі өмірге әкелген жазалау орындары, олардың қызметіндегі пайдасымен қатар, зияндылығының да болғандығын халық ешқашан ұмытпайды. Оның ішінде қазақ халқының біртуар ұлт азаматтарының қуғын-сүргінге ұшырауы үлкен зұлмат болды.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрылған алғашқы күндерден бастап бетін қоғамға бұрып, осы ақтаңдақтарды ашуға өзінің күш-жігерін жұмылдырды. Нәтижесінде, бұған дейін жабулы жатқан мұрағат құжаттары көтеріліп, қоғам жұртшылығы олармен кеңінен танысып келеді. Бүгінгі таңда интернет жүйесіндегі ҰҚК арнаулы Web-сайты арқылы ағайын-туыс, бауырын іздегендер сұрау салып тұрады. Аталған сайттың электронды поштасына сонау Америка Құрама Штаттары, Канада, Австралия секілді елдерден бастап Еуропа мен Азияның көптеген мемлекеттерінен хаттар келіп, олардың барлығына мұрағат қызметкерлері қанағаттанарлық жауап беруде.
Александр ТАСБОЛАТОВ.
Суреттерде: ҰҚК төрағасы генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов жас лейтенанттарға диплом тапсыруда; туға адалдық – елге адалдық.