15 Тамыз, 2015

Табыл тағылымы

678 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

122 (40)

Қатар оқыдық. Журналистік жолымыз да бір кезеңде басталды. Одан да емес, қаламгерлердің иін тірескен жиын-жиналыс, құрылтайларында 400-500 адамның арасынан мені іздеп тауып, мұртынан жымиып тұрғанын көріп, маған алабөтен іш тартатынын, қас-қабағы, қуақы көзінің жылтылы, шын көңілден күлгенінен анық аңдайтынмын. Шынында да, біз заманы бірге замандаспыз. Оның өмірбая­нын не жастық шағында көрген-білгендерін көркем дүниеге аударған әңгіме, повестері кейіп­керлерінен мен өзімді көрем, ал өзімнің балалық шақ хикаяларымда Табыл бірге жүргендей елестейді. Біз бес жасымыздан өзен-көлдерден балық сүзіп, қоян мен үйрекке тұзақ құрып, орманнан отын тасып, колхоздың пішенін шауып, шөмелелерін сүйретіп, көнтері болып, сірідей қатып өстік. Сирағымыз қып-қызыл болып, жалаң аяқ қар кешіп, мұз бассақ та түшкіру, жөтелу дегенді білмедік. Біз «соғыс балалары» едік, жарым-жартылай сол аш-жалаңаш, тауқыметті жылдардың зобалаңынан шыға алмай, әр бұтаның түбінде жер томпайттық. Бізді «жоғалған ұрпақтың» өлмей тірі қалған жұқаналары десе де болады. Менің жазған балалық шақ­тарымды Табыл да жазып, оның жазғанын мен де жазып­пын. Біздің бір-бірімізге үйірсек­ті­гіміздің түп тамыры осында. Бірде Қостанайда жолсапарда болғанымда үйіне іздеп барып, көрер таңды көзбен атырсақ та, балалық шақтарымыздың қиял-ғажайып ертегілерін айтып тауыса алмай тарасқанбыз. Ол Ақтөбенің Ойылында туып, Алматыда оқып, Жамбыл­ды төңіректеп өссе де құт қо­нысын Арқадан тауып, осынау дастарқаны аста-төк, далиған кең өлкеге табаны жабысып, тұрақтап қалды. Ырыс қазанды Алматыдан жырақтап, ауылға, шет облыстарға кеткен қаламгерлердің кітаптарын шығара алмай қиындық көріп, қайсыбірінің кәдімгідей жүдеп, тоқырап қалатындары бар. Мен Алматыда баспа төңірегінде жауапты қызмет атқарып, ол алыс шалғайда жүрсе де, менен кітабымды шығарып бер деп бірде-бір рет көмек сұрамапты. Аяғынан тұрысымен өз қамын өзі қамдауға үйренген ол өз проблемасын өзі шешуге дағдыланған. Сатира – баспалар сусап отыратын қашан да өтімді жанр. Оның үстіне Табылдың адаммен тіл табысқыш, жұғымды мінезі де жолын ашуға септескен сыңайлы. Ол тоқырау дегенді білмеді, шабыт пырағын дамылсыз қамшылап шаңдата шапты. Табылдың қаламгерлік өмірде жолының болғандығы менменсуден аулақ кішік те биязы мінезінен, адаммен қыбын тауып сөйлесе білетінінен деп түйсінем. Бірақ шығармашылық талантың болмаса, дүниеауй бұл тірлік­тің бәрі арамтер, әбігершілік. Қаламгер бағын жандыратын басқа емес, қабілет. Табылдың талантты фельетоншы деген аты өткен ғасырдың 70-ші жылдары ауызға ілікті. Фельетон «Ара-Шмельге» не «Социалистік Қазақстанға» шыққанда ғана фельетон. Өйткені, бұл жанр Орталық комитет бақылауында, жергілікті партия ұйымдарының қырағы қадағалауында болды. Сын садағына іліккендер табанда жазаланды. Сондықтан фельетоншы Табыл Құлыястың төбесі көрінсе болды жергілікті қызмет адамдарының мазалары май ішкендей болады. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, барша саналы өмірін фельетон, сатира жанрын зерттеуге арнаған ғалым Темірбек Қожакеев өз зерттеу еңбектерінде Табылдың 19 фельетонына талдау жасап, журналистерге үлгі етіп ұсынып, студенттердің оқу құралына енгізген. Өткінші мер­зімдік баспасөз емес, шығар­ма­лары ғылымның кәдесіне жарап, нысанасына айналуы ілуде бір қаламгердің маңдайына жа­зылған бақыт. Базбіреулер осындай марапатқа қолы жетсе, бас жармағанмен, тас жарар еді. Ал біздің Табыл досымыз – жайбарақат, үйреншікті жол бүлкілінен жаңылыспай келеді. Бізде де фельетоннан бастап, үлкен сатирик қаламгерлерге айналған ақын, жазушылар жеткілікті. Асқар Тоқмағанбетов, Садықбек Адамбеков, Жүсіп Алтайбаев, Шона Смаханұлы, Оспанхан Әубәкіров, Үмбетбай Уайдин, Есенжол Домбаев, Табыл Құлыяс. Шығармашылық қуаты тұрғысынан Табыл осы аттары аталған сатириктердің ізін басып, дәстүрді жалғастырып келеді. Табыл сатиралық эпопея жазбады демесең, одан басқасының бәрін – әңгіме, хикаят, повесть, тіпті сатиралық роман да жазды. Оның шығармашылығы туралы мақалаларда алдымен ауызға алынатыны «Жыланның тілі» романы сатиралық туындылардың озық үлгілері қатарынан орын алады. Бұл орайда «Кесілген бұ­рым», «Жалмауыз», «Сауда сақал сипасқанша», «Қоңыраулы күл­кі­грамма», «Ши оқ», «Қара терең», «Ақ мылтық», «Жегі», «Миға қойылған бомба» жинақтары сатира жанрының сәнін келтірген нәрлі жинақтар. Табыл қайда жүріп, қандай қызмет атқармасын газет-журнал редакциялары, республикалық, облыстық телеарна журналистері оны іздеп тауып, тапсырмалар беруден жалықпады. Қаламгер сөзі қай жарияланымға да қажет еді. Оны қызметсіз қоймады. Табылдың жетекшілік етуімен қазақ телевизиясында алғаш рет «Жебе» сатиралық телеар­насы ашылып, электронды баспасөз жүйесіндегі елеулі құбылысқа айналды. Ақмола облысы теле­визиясындағы «Бұғалық» сати­ралық журналы да журналистика тарихының тамаша бір бетіне айналды. Астана қалалық газетінің қолқалауымен «Қалақай» сати­ралық бұрышын Табыл ұзақ уақыт жүргізді. Өстіп, қаламгер ел баспасөзі кеңістігінде сатираның өрісін өрістетуге үнемі ат салысып­ отырғанынан байқаймыз. Менің замандасым ол сатира жан­ры­мен сатира қазанында біте қай­насып, осы күрделі жанрды іл­гері сүйреп, оның табыстары мен ме­рейлі биіктеріне ортақтас болды. Қаламгер соңғы жылдары өзінің шығармашылық сара жо­лынан бір сәтке айнып, тари­хи-деректі шығармаларға ден қойды. Әулет, ағайын-туғандары сталиндік зобалаңның нәубетін көп көрген қаламгердің бала кө­ңілінде осы бір кезең уақиғалары жазылмас жараға айналған сыңайлы. Өз отбасы не айнала төңірегінде көз көріп, құлақ естіген әңгімелерімен шектелсе, қазаққа қырғын әкелген қасіретті толық қамти алмайтынын шамалап, архивтік материалдарға жүгініп, халықтық трагедияның ауқымын бажайлауға бел буғаны байқалады. «Қан жоса ғасыр», «Қырғын», «Қан кешу» жанрын анықтау қиын, көз көрген оқи­ғалар, кейіпкерлердің естеліктері, дерек, архивтік материалдар мидай араласқан қаралы кезең суретін айнытпай салған, дәлелді, шыншыл заман шежіресі. Табыл – шынында да әріптестерінен оқшау тұрған жазушы. Оның оқшаулығы – қолтаңба, жазу стилінде. Қаламгер қазақ әдебиетінде мектеп болып қалыптасқан баяндау, бейнелеу тәсілдерін толық меңгере отырып, сол шеңберде қалып қоймай, өзіне ғана тән қолтаңба қалыптаған қаламгер. Әріптесімде бір сарынды баяндау не бір ырғақты суреттеу жоқ, оқиға шапшаң өрбіп, ауытқып, өзгеріп, жаңаша аунап, толқып отырады. Мірдің оғындай дәл, қысқа, өткір тіл де сол ырғаққа лайық. Ол – әдебиетте өз соқпағы бар қаламгер. Әнес САРАЙ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. АСТАНА.