Жексенбіде Азия чемпионатының соңғы жүлделері таратылды. Асыл Айтақын (61 кг) мен Ернұр Нұрғазыдан (74 кг) қайыр болмады. Асыл Тошехиро Хасегаваның (Жапония), Ернұр Бегижон Құлдашевтің (Өзбекстан) алдында дәрменсіздік танытты. Оларға қарағанда Болат Сақаев (86 кг) пен Азамат Дәулетбеков (92 кг) тәуір күресті. Жастары 30-дың бел ортасына таяған сақа спортшылар жартылай финалға дейінгі қарсыластарын қоғадай жапырды. Осы межеге жеткенде екеуі де сүрінді. Болат Мукул Дахияны (Үндістан) 6:0-мен жеңіп жатып, ақырында 6:12 есебімен ұтылды. Азамат Мохаммадмобин Азимиден (Иран) соқыр ұпай ала алмады – 0:6. Үшінші орын үшін сайыста Қыдыр Сайпуддинов (Бахрейн) Сақаевқа сан соқтырса, Дәулетбеков Такаши Ишагуроны (Жапония) еш күмәнсіз ұтты.
Былтыр 18 жасқа толған шағында өзінен бір-екі жас үлкен балуандарды тегістей ұтып, әлем чемпионы (U20) атанған Едіге Қасымбек (125 кг) ересектер дуына биыл ғана қатыса бастады. Қазақтың дарынды жігіті үшін алғашқы сынақ – осы Азия чемпионаты. Бішкекте ол өзін жақсы қырынан көрсетті. Едіге тұсаукескер кездесуінде Намбардагва Батбаярдан (Моңғолия) басым түсті. Келесі кезеңде Токио Олмпиадасының қола, Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлемнің үш дүркін чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы, құрлық чемпионы Әмір Хоссейн Заремен (Иран) күш сынасты. Азулы қарсыластан Қасымбек еш қаймыққан жоқ. Батыл күресіп, өзін мінезді балуан екенін байқатты. Бұл бәсекеде Заренің мерейі үстем болғанымен, қазақтың өр мінезді ұлының өнері көпшіліктің көңілінен шықты. Қола медаль үшін белдесуде Едіге Бухеердун Бухеердуннан (Қытай) басым түсті. Сөйтіп, Қазақстанның еркін күрес шеберлері сары құрлықтың басты додасын екі қоламен қорытындалады.
Жалпы командалық есепте Парсы елінің пехлевандары (4+1+3) алдарына жан салмады. Жапония (3+0+0) мен Үндістанның (2+3+2) балуандары ирандықтармен біраз иық тіресті. Одан кейінгі орындарды Солтүстік Корея (1+0+0), Бахрейн (0+3+3), Моңғолия (0+2+1), Өзбекстан (0+1+2), Қырғызстан (0+0+4), Қазақстан мен Тәжікстан (0+0+2) және Түрікменстан (0+0+1) еншіледі.
Еркін күрестен Азия чемпиондары
57 кг – Милад Вализаде (Иран) , 61 кг – Ким Кван Миен (Оңтүстік Корея) , 65 кг – Сужеет Сужеет (Үндістан), 70 кг – Абхонимоу Абхонимоу (Үндістан), 74 кг – Йошинеске Аояги (Жапония), 79 кг – Кейван Гардачи (Жапония), 86 кг – Камран Гасемпур (Иран) , 92 кг – Мохаммадмобин Азими (Иран), 97 кг – Араш Йошида (Жапония) және 125 кг – Әмір Хоссейн Заре (Иран).