13 Шілде, 2010

ҚОҒАМДАҒЫ ТҰРАҚТЫЛЫҚ – БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫМЫЗ

1058 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдығы қарсаңында Еліміздің Ата Заңында мемлекеттің түбегейлі қағидаттары, қоғамдағы татулық пен саяси тұрақтылық, экономиканың дамуы, патриотизм мен барлық мәселелердің ашық түрде шешілуіне байланыстылығы атап көрсетілген. Демек, әр қазақстандық  осы құндылықтарды берік сақтап, тәуелсіз еліміздің гүлденуіне  өз үлесін қосуы тиіс. Осы мақсатты көздеген облыстық ішкі саясат басқармасы “Ата Заң – елдігімнің, ерлігімнің нышаны” деген тақырыпта дөңгелек үстел өткізіп, оған мемлекеттік қызметкерлер, саяси партиялар мен “Жастар қанатының” жетекшілері, этномәдени орталық басшылары, жоғары оқу орындарының ұстаздары қатыстырылып, кең көлемді пікір алмасудың маңыздылығына мән берілді. Отан – отбасынан басталады. Демек, шаңырақта өзара бірлік, сыйластық болмаса, оның шырқы бұзылады. Жүзден аса ұлттар мен ұлыстардың мекені Қазақстанда саяси тұрақтылық пен татулық ауқымының кеңдігі түсінікті жәйт. Демек, оны орнықтыру көп этнос­ты мемлекеттің әрдайым көкейінде болатын мәселе екенін атап айтқан жөн. Осы орайда “Ел тұрақтылы­ғының кепілі – Ата Заң” деген тақырыпта облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Гүлжиян Сүлейменова қоғам дамуындағы аса маңызды мәселелер мен адам құқығы мен бостандықтары жайлы ойын бүгінгі өмірмен байла­ныстыра ортаға салды. Егемен еліміздегі мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық. Еліміздің қалыптасу та­рихында ерекше маңызды мереке­лер Қазақстан Респуб­ликасы Конституциясының 15 жылдығы және егемендігіміздің 20 жылды­ғына арналған жиында осы айтулы даталарға байланысты өңірдегі атқарылған жұмыстарға кеңінен орын берілді. Биыл Қазақстан Ата Заңға сәй­кес өркениетті, құқықты, зайыр­лы және демократиялық мемлекет құру бағытын одан әрі ұстанып, саясат сахнасында әлемді мойын­датқан табыстарға қол жеткізуде. Әлемдік аренадан берік орын алып, Еуропа қоғамдастығының мүшесі болды. Бұрынғы 15 республиканың, мұсылман әлемінің, түрік дүние­сінің ішінде алғаш болып Еуро­па­дағы қауіпсіздік және ынтымақ­тастық ұйымына төрағалық етуі мемлекетіміз үшін де, халық үшін де үлкен абырой. Бүгінгі күні өңірде азаматтық қоғам институттары қатарында 9 саяси партия филиалы, 23 әйел­дер, 46 жастар бірлестігі, 20 ардагерлер, 12 салалық кәсіподақ ұйымы, 71 этномәдени орталық мүшелері халықпен тығыз бай­ланыста жұмыс атқарып, ел ішін­дегі бірлік пен ынтымақ­тастыққа негіз қалап отыр. Азаматтық қо­ғамның негізін құ­райтын үкімет­тік емес ұйымдар де­сек, ағымдағы жылы 177 үкіметтік емес ұйым мемлекеттік тіркеуден өтіп, қызметтерін ел өміріндегі баянды бастамаларға үнқосу арқы­лы қызметтерін атқаруда. Олар көп­этносты Жетісу жұртшы­лы­ғы­ның ынтымақты, берекелі тірлігін арқау етіп келеді. Партия қашанда халықты жақ­сы істерге бастайды. Жиында “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы облыстық филиалы төр­ағасының бірінші орынбасары А.Сейітов елімізді бірлік пен бе­рекеге бастаған “Нұр Отан” пар­тиясының мақсат-міндеттері мен оның мүшелерінің белсенділігі жайлы, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушысы Б.Сариев бүгінгі қоғам дамуына жан-жақты шолу жасап, адам құқығы мен бостандығы, оның артықшылығы жайлы ойларын ортаға салды. Қазақстан демократиялық “Азат” партиясы облыстық фили­алы­ның жетекшісі Ә.Ахмадиева Еуропадағы қауіпсіздік және ын­тымақтастық ұйымы аясында және халықаралық келісім шеңберінде Қазақстан азаматтарының құқық­тарын қорғау қағидаттары тақы­рыбында сөйлеп, бейбіт мақсаттағы жиындар өткізу, сөз бостандығы баптарының орындалуы жайлы пікірімен бөлісті. Қазақстан Халықтық комму­нис­тік партиясы облыстық фи­лиалының төрағасы М.Магеррамов Конституцияда азаматтардың құ­қықтары мен бостандықтарын пайдалану мүмкіндіктері жайлы айтса, Алматы облыстық “Мәде­ниет” қоғамдық бірлестігі қыз­меткерлері кәсіподағының төрағасы О.Құлмағамбетов тәуелсіздігімізді нығайтудағы Ата Заңның орны және халықты жұмыспен қамту, олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту кезек күттір­мейтін міндет екендігін, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Далбағаев өмірлік тәжірибесінен мысалдар келтіріп, бүгінгідей бейбіт те бақуатты өмірге жеткізген Ата Заңды бағалай білу қажеттігін атап көрсетті. Жиында көп жыл өңірде жауап­ты қызмет атқарған ардақты ана Б.Сақауова сөйлеп, Алтайдан Еділге дейінгі алып аймақтағы Қазақ елінің бүгінгі қол жеткізген табыстарына ризашылығын біл­дірді. Елбасының көрегендігі, сара саясаты арқасында халықтың әлеуметтік жағдайы өзге көршілес мемлекеттерден әлдеқайда жақсар­ғанын атап өтті. Көрші Қырғыз­стандағы елді алаңдатқан бүгінгі жағ­дайдан мысал келтіріп, Конс­титуция дегеніміз адамға құқықпен бірге міндет, жауапкершілік жүк­тейтінін жеткізді. Сондықтан еркіндікті желеу етіп, ел бірлігіне нұсқан келтірмей, бірлік, адам­дардың бір-біріне деген қалтқысыз сенімін қалыптастыруға ұмтылу қажеттігіне тоқталды. Қоғамның дамуына жастардың қосар үлесі зор. Осы мәселе жайлы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті құқық­тану факультетінің студенті А.Бас­шығұлова жас толқынның қажыр-қайратын жанып, елжандылық сезімін оятуға осындай кездесу­лердің берері мол екендігін айтты. Сондай-ақ, ел болашағы үшін жауап­кершіліктерін сезінетіндік­теріне, Отанымыздың өркендеуіне күш-жігерін жұмсайтындықтарына сендірді. Әңгімені қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары С.Мұқанов осы күні көтерілген мәселелер мен сұрақтарға жауап беріп, өмірдегі осындай кезде­сулердегі ашық әңгіменің беретіні мол екендігін жеткізіп, саяси партия мен қоғамдық ұйым өкілдерін бірлесе қызмет етуге шақырды. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.