Жақында Семей қаласында таблиғи жамағат сектасының жұмыстарын насихаттаған Алматы облысының тұрғындары, төрт адам ұсталған. Тіпті, бұдан басқа да түрлі ақпараттық қағаз таратып, өз қатарларына адам жинайтын протестанттық топтар да кездесіп отыр. Және бір айта кетер мәселе, діни ағымдар енді өздерінің тәсілдерін біршама өзгерткен. Бұрындары «Иеһово куәгерлері» көше кезіп, адамдарды тартса, үй-үйді араласа, енді олар әрбір тұрғын үйге телефон шалу арқылы өздерінің жұмыстарын жалғастыруға ұмтылуда.
Жат пиғылдарын жүзеге асыру үшін түрлі электронды ақпарат құралдарын, ғаламтор желісін қолданады. Семей қалалық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары Ақылхан Қасқабаев бүгінде террорлық әрекеттерге ықпал етіп отырған ғаламтордағы сайттар екендігін айтады. Соған орай, Қазақстандағы ең ірі қаланың бірі Семейдегі ғаламтор нысандарын, яғни интернет клубтарды үнемі тексеріп отыру керек. Олар, әсіресе, түні бойы жұмыс жасайды. Сондықтан да онда кімдер отыр, немен айналысып отыр деген мәселелерді анықтау аса маңызды. – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында айтып кеткендей, бүгінгі күні біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес және жалған діни ағымдар мәселесі өткір күйде қалып отыр, – дейді Семейдегі ТВК-6 телеарнасының редакторы, «Қазақстанның құрметті журналисі» Дүйсенбек Жақсыбаев. – Сондықтан, қазақстандықтардың бойында еліміздің салты мен мәдениетіне сәйкес келетін сана-сезім қалыптастыру – мемлекет пен азаматтардың алдында тұрған аса маңызды міндет. Асыл дінімізді терең таныған сайын өміріміздің кейбір ажырамас бөлігіне айналып кеткен жоралғылар, ырым-тыйымдар, салт-дәстүрлер таразыға салынып, шариғаттан негізін алғаны әрі қарай бекіп, ал томпақ келетіні дау тудырып жатады. Діни сауатсыздық әсерінен, рухани жетіспеушіліктен түрлі ағымдарға кіріп кеткен жастар «өзін-өзі жарып жіберіп» дегендей, террорлық әрекетке барып отыр. Сондықтан да халықтың діни сауаты болуы аса маңызды. Біздің «Жұмадағы жүздесу» бағдарламасы арқылы облыс тұрғындары өздерінің өмір тіршіліктеріне қатысты барлық сұрақтарға жауап ала алады. Имамдар халықпен жиірек жүздесіп, қоғамдағы діни мәселелер ашық талқыға салынады. Дін өте нәзік әрі күрделі мәселе. Бұл тақырыпқа екінің бірі қалам тербеп, тіпті телехабар жасай бермесі анық. Ал халық екінің бірінің соңынан ере бермейді. Осындай хабар жасап отырған адамның білім деңгейі қандай деген сауалдар қойып жатады. Айта кету керек, Дүйсенбек Жақсыбаев шығармашылық саласында 35 жыл еңбек еткен. Журналистикадағы барлық саланы қамтыған белгілі қаламгер. Мақаншы аудандық әкімдігінің «Ақжол» газетінде еңбек жолын бастап, 50-ден астам телевизиялық жобаның, 20 деректі фильмнің авторы атанған. Ағамыздың «Атқан таңға ақ тілек», «Жерлестер сәлемі» телевизиялық жобалары көрерменнің көз қуанышына айналған. Дүйсенбек аға аса дипломат адам ретінде әкімдік, жол полициясы, қалалық сот, жоғары оқу орнының басшылығы дегендей барлық сала өкілдерімен тез тіл табысып, күрмеуі қиын мәселелерді оп-оңай шешіп жатады. Сондықтан да оған деген халықтың ілтипаты ерекше. Дүйсенбек ағаның ақыл-кеңесін тыңдап, тәрбиесінен өткен журналистер бүгінде Астананың маңдайалды телеарналарында үздіктер қатарында еңбек етіп жүр. – Бүгінде көптеген телеарналарда әншілер, әртістер сияқты шоу адамдары халыққа тереңінен талдап түсіндіретін аналитикалық бағдарламаларды, хабарларды жүргізулері әдетке айналған. Бұл қазақ телевизиясындағы күйкі көрініске айналып бара жатыр деп дабыл қағылуда. Телевидение, тележурналистика кеңінен дамыған өркениет елдерінде шашына ақ кірген, өмір тәжірибесі бар адамдар ғана эфирге шығуға рұхсат етіледі екен. Мәселен, қоғамдық-саяси хабарларды жүргізетін ресейлік журналист Владимир Познер 81 жаста. Дін туралы да республикалық телеарналардан берілетін бағдарламаларда жас бала, жастар отыратындықтан, олардың хабарға қатысушы адамға қойған сұрағына қарап-ақ, өмір тәжірибесі аз, түсінігі саяз, кітап оқымағандығы бірден байқалады. Бірақ, аз уақыт ішінде облыс тұрғындарының көңілін жаулап алған «Жұмадағы жүздесу» бағдарламасының сыры неде? Оның үстіне дін тақырыбына екінің бірі бара бермесі анық, – деген сауал қойдық дін тақырыбын талдаушы тележурналист ағамызға. – «Жұмадағы жүздесуді» ашуыма себепкер болған семейліктердің өзі, – дейді Дүйсенбек Жақсыбаев, – редакцияға халық телефон шалып, ержеткен баламды үйлендірсем деп едім, арақ-шарапсыз өткізуге бола ма? Сыртында «халал» деп жазылғанмен, ішінде сапасы дұрыс емес азық-түліктердің кездесетіні қалай? Үлкенді сыйлап, ата-ананы құрмет тұтпай, қарттар үйіне өткізе салатын жастар көбейіп барады деген сияқты мәселелерді көтерген соң қаладағы ҚМДБ-нің өкіл имамы Мақсат қажы Алтыбай және басқа да имамдармен келісіп, осы бағдарламаны қолға алдым. Бұл бастама «Байуақов ТВК-6» ЖШС бас директоры, Шығыс Қазақстан облысы мәслихатының депутаты, «Нұр Отан» партиясының мүшесі Омарбек Байуақов тарапынан да қолдау тапты. Айта кету керек, Шығыс Қазақстанда 12 конфессия бойынша 309 тіркелген діни ұйым бар. Ал елімізде 18 конфессия бойынша 4000 діни ұйым бар. Сондай-ақ, терроршылар деп танылған 18 ұйым жабылған. Халық әлпештеп өсіріп отырған ұл-қыздарының дұрыс жолда жүруін қалайды, сондықтан да менің көрермендерімнің жас аралығын алсақ, еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін деуге болады. ШҚО Дін проблемаларын зерттеу орталығы, мониторинг және талдау бөлімінің жетекшісі Ольга Гайконың зерттеуінше, экстремизм мен терроризмге тұрмыс, әл-ауқаты төмен отбасылармен қатар ауқатты адамдардың да балалары барады. Жастары жалпы қазақша айтқанда қайран 25-тің төңірегі, тіпті көбі үйленіп отбасын құрмағандар. Бүгінде елімізде терроризм мен діни экстремизмге қатысы бар 500 адам сотталған екен. Олардың өмірбаяны зерттелген кезде жастары 17 мен 40-тың арасында екендігі анықталған. Кеңес Одағы құлағаннан кейін Қазақстан қоғамының идеологиясында бос кеңістік пайда болды. Халық дүбәра күйге тап болды. Сектанттар өз уағыз-насихаттарын, ешқандай кедергісіз жүргізіп үлгерді. Олай болса осындай жат әрекеттерге бастайтындардың жолына тосқауыл болуда танымал журналист Дүйсенбек Жақсыбаевтың жаңа жобасы – «Жұмадағы жүздесудің» маңыздылығы жоғары.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА.
СЕМЕЙ.