Сурет: senate.parlam.kz
Көшпелі отырыс барысында гидротехникалық құрылыстың жай-күйіне, сондай-ақ көпірлерді, бөгеттер мен тоннельдерді ықтимал қауіп-қатерлер мен төтенше жағдайлардан қорғау мәселелеріне баса назар аударылды. Қатысушылар нысанның ағымдағы пайдаланылу барысымен, оның техникалық сипаттамаларымен, тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету барысында қабылданып жатқан шаралармен танысты.
Комитет төрағасы Андрей Лукин аса маңызды инфрақұрылым нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері тұрақты бақылауда екенін атап өтті.
«Гидротехникалық құрылыстардың жай-күйіне және төтенше жағдайлардың, соның ішінде су тасқыны кезеңіндегі қауіптердің алдын алу шараларына ерекше көңіл бөлу маңызды. Бұл ретте мұндай нысандардың тозу деңгейінің жоғары екенін ескере отырып, оларды жаңғырту мен жөндеуге жүйелі тәсілді қамтамасыз ету қажет. Ведомствоаралық тиімді іс-қимылды жолға қою және туындайтын тәуекелдерге жедел ден қоюға, маңызды инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін заманауи мониторинг механизмдерін енгізудің маңызы зор», деді ол.
Сондай-ақ талқылау барысында су тасқыны жағдайы және төтенше жағдайдың алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралар қаралды. Қазіргі уақытта елімізде гидрологиялық жағдайға тұрақты мониторинг жүргізіліп жатыр, ал су тасқынына қарсы іс-шаралар уәкілетті органдардың бақылауында.
Көшпелі жиынға Төтенше жағдайлар, Су ресурстары және ирригация министрліктерінің, Астана қаласы әкімдігінің, басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Кездесу қорытындысында маңызды инфрақұрылым қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесін одан әрі жетілдіру, соның ішінде ведомствоаралық іс-қимыл механизмдерін дамыту, алдын алу шараларын күшейту қажеттігі атап өтілді.