14 Мамыр, 2015

«Түрксойдың» сыйы

297 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қазақстан Жазу­шылар одағында Абай мен Мұқа­ғалидың түрік тіліне аударылған жыр жинақтары мен хакімнің «Қара сөздері» кітабының тұ­сау­кесері болып өтті. Аса қуанышты қауышуды Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, Парламент Сенатының депутаты Нұрлан Оразалин ашты. Алдымен сөз алған Қазақстанның Түркиядағы елшісі Жансейіт Түймебаев мұны бауырлас түрік елінің қазақ әдебиеті мен өнері үшін жасаған баға жетпес сыйына балады. Елшілік арқылы ұйым­дастырылған мәдени шараның ағайын халықтың арасындағы достықтың, бауырмалдықтың алтын көпірі болатынына сендірді. Түркияда тәржімаланып, түрік баспасынан шыққан кітапты көзбен көріп, қолмен ұстаған қаламгерлердің алды болып Әнес Сарай көңіл тол­қынысын былай жеткізді: – Бұл біздің көкейімізде көптен жүрген арманымыз еді, орындалды. Ертеде Мәскеуде орыс тілінде тәржімаланып шы­ғатын басылымдарға екінің бірінің қолы жетпеген де заман болған. Бастауы үлкен істің алғашқы қарлығашы үшін шын жүректен қуанып тұрмыз, – деді ол. Бұдан соң сөз алған қазақтың белгілі ақын-жазушылары Ораза­қын Асқар, Марфуға Айт­хожина, Смағұл Елубай, Ахмет­жан Аши­ри, Жұмабай Шаш­тайұлы игілікті іске қанағат сезімдерін білдірді. Халықаралық «Түрксой» ұйымының өкілі Мәлік Отар­баевқа да алғыс айтылды. Кітап­тың бір ерекшелігі – әрбір жыр шумағының түрікше аудар­масының қапталына қазақша түпнұсқасы қосымша беріліп отырған. Қазақ поэзиясының қос құді­ретінің шығармаларын тәржі­малаған түркиялық танымал шайыр – Зафер Қибар. Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ. ––––––––––– Суретті түсірген автор.