14 Мамыр, 2015

Сырнай үнін сызылтып...

461 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

egemen (28)Облыс орталығындағы Қазақстан Республи­касының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы орталық мәдениет және демалыс саябағында облыстық халық шығармашылығы үйі облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Шырқа, сырнай, әуелеп!» атты облыстық сырнайшылар фестивалін өткізді. Музыкалық іс-шараның мақсаты – өскелең ұрпаққа сұрапыл соғыстағы майдангердің ерлігі мен батылдығын жеткізу, олардың өмірінің құрметке лайық екендігін жастарға насихаттау және еліміздің тарихын біліп, тануға бейімдеу болып табылады.

Фестивальдің ашылу салтанатында облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Қыдырғали Ермұқан сөз сөйлеп, өнерпаздарға шығармашылық шабыт, өнер жолында табыс тіледі. Өнер мерекесіне жас ерекшеліктері 10 – 65 аралығындағы облыстың Алға, Мәртөк, Темір, Қобда, Әйтеке би, Ырғыз аудандарынан және Ақтөбе қаласынан 25-тен астам сырнайшылар қатысты. Олардың арасында өңірге белгілі өнерпаз Мұқан Сатыбаев, Ақтөбе ферроқорытпа зауытының жұмысшысы Якуб Абылаев, Ақтөбе қаласының №3 балалар музыка мектебінің оқушылары Аслан Әділкереев, Алена Олейник, Егор Мартынюк, белгілі композитор Бақтығали Жұмалин, гуманитарлық колледжінің студенттері Ердәулет Тәжібай және Алмат Рашид, Мәртөк ауданы Қаратоғай орта мектебінен Дана Кульчарова және басқалары бар. «Шырқа, сырнай, әуелеп!» облыстық сырнайшылар фестивалінде қалалық музыка мектептерінің, орта арнаулы оқу орындарының студенттері мен кәсіби және әуесқой музыканттар өз өнерлерін ортаға салды. Орталық мәдениет және демалыс саябағының сахнасынан соғыс жылдарындағы әндермен қатар әскери және патриоттық тақырыптағы шығармалар шырқалды. Фестиваль барысында тарихқа тағзым, рух пен жігер беретін, ерлікті ұлықтайтын, туған өлкеге деген сезімдерге толы, халық сүйіп тыңдайтын «Ана туралы баллада», «Катюша», «Синий платочек» әндерімен қатар Л.Хамиди, А.Жұбанов, Ш.Қалдаяқовтың шығармалары орындалды. Мерекелік бағдарламада жеке орындаушылармен қатар Ақтөбе қалалық «Геолог» мәдениет үйінің «Асыл әжелер» халықтық ансамблі, Алға аудандық балалар өнер мектебінің орыс халық аспаптар ансамблі және басқалары өнер көрсетті. Сырнайшылар фестивалі көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Фестивальға қатысушы өнерпаздар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан».

Ақтөбе облысы.