ҚОСТАНАЙ. 16 тамыз. Қостанайлықтар мен қала қонақтары қаланың 136 жылдығын екі күн бойы тойлады. Онда Хенд-мейд – шебер қолдар жасаған заттар көрмесінен бастап, арба шеруі, карнавал шеруі, нан көрмесі, әуе шарынан жасалған бұйымдар және кілемдер көрмесі өткізілді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Орталық алаңда қостанайлықтар шеберқолдардан шыққан бұйымдарды – Хенд-мейд көрмесін тамашалады. Оған Қостанайдағы 20-дан аса шеберлердің бұйымдары қойылды. Түрлі қуыршақтар, қолдан жасалған гүлдер, күнделікті тұтынатын бұйымдар көздің жауын алады. Әсіресе, қаладағы мүгедектер қоғамының мүшелері жасаған бұйымдарды қызықтаушылар көп болды. Оларға шеберлер шеберлігін үйретуден де бас тартқан жоқ.
Сондай-ақ, орталық алаңды кәдімгі әуе шарынан жасалған киіз үй макеттері, мүсіндер, гүлдер керемет сұлулыққа айналдырып жібергендей болды. Қостанайлық аэродизанер, твистинг шебері Наталья Брума шардан себетке салынған шоқ гүлдер кейпін жасап шықты. Оның жұмысына мыңнан аса шар мен 30 сағат уақыты кетті. Ол қаланың көркі үшін бұл жұмысына риза.
Арбалар шеруі қала мерекесінің қызығын қыздыра түсті. №8 балабақшасының меңгерушісі Айгүл Тұсова: «Біз «Қар ханшайымы» арбасын жасадық. Оның әдемілігі баланың да, үлкеннің де назарын аударып кетеді. Енді арба балабақшасында тұрады, оның қыста Аяз ата келетін болады» – деді.
Қостанай қаласындағы этномәдени орталықтар кілемдер көрмесін көрсетті. Осы арқылы мерекеге жиналғандар түрлі ұлыстар мәдениеті мен өнеріне қанықты. Осы көрмелердің барлығы облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов пен қала басшыларыаралап көрді. Қалалықтарды мерекесімен құттықтады.
Мереке кешке қарай жалғаса түсті. Қостанай қаласындағы ұжымдар карнавал шеруіне шықты. Ол қаланың бірнеше көшесімен жүріп өтіп, орталық стадионға барды. Сол жерде өткен Ресейдің белгілі эстрада әншісі Олег Газмановтың концерті де қалалықтарға сый болды. Түнде мерекелік от шашумен аяқталды.
Нәзира Жәрімбетова.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: ng.kz.