Бұған дейін, 2013 жылға дейін, елдегі зейнетақы қаражаты жеке жинақтаушы қорларда болған. Алайда ол кезеңде бірқатар қордың банкротқа ұшырауына байланысты азаматтар қаржы жоғалтқан жағдайлар тіркелген. Осыдан кейін барлық зейнетақы активтері Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына біріктірілді.
2021 жылдан бастап азаматтарға өз жинақтарының бір бөлігін жеке басқарушы компанияларға сеніп тапсыру мүмкіндігі қайта берілді. Ал 2023 жылы бұл шектеу кеңейтіліп, жинақтардың 50%-на дейін жеке басқаруға беру құқығы қарастырылды.
Министр: Зейнетақы шегіне қатысты өзгерістер алдағы айда бекітілуі мүмкін
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың айтуынша, қазіргі таңда нарықта 5 жеке басқарушы компания жұмыс істейді. Оларға шамамен 100 млрд теңге зейнетақы активтері сеніп тапсырылған. Ал Ұлттық банктің басқаруындағы активтер көлемі 25 трлн теңгеден асады.
Оның сөзінше, жеке басқарушыларға қатаң талаптар қойылған. Атап айтқанда, олардың ең төменгі меншікті капиталы кемінде 1,7 млрд теңгені құрауы тиіс. Сонымен қатар, оларды бақылау және реттеу Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тарапынан жүзеге асырылады.
Азаматтардың қаражатын қорғау мақсатында арнайы өтемақы тетігі де қарастырылған: егер жеке компанияның табыстылығы нарықтық орташа көрсеткіштен төмен болса, айырмашылықты өтеу міндеттеледі.
Мамандардың айтуынша, жеке басқарушы компаниялар кей жағдайда Ұлттық банкке қарағанда жоғары табыс көрсетіп отыр. Себебі орталық банк зейнетақы активтерін барынша консервативті стратегиямен басқарады.
Қазіргі уақытта реттеуші органдар азаматтардың бұл құралға қызығушылығын арттыру және инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейту бойынша қосымша шараларды қарастырып жатыр.