14 Мамыр, 2015

Жеңіс мерейі

780 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасының Украинадағы және Молдова Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Зауытбек ТҰРЫСБЕКОВПЕН әңгіме egemen (9) – Құрметті Зауытбек Қауыс­бек­ұлы! Сіз дипломатиялық қыз­метіңіздің барысында халық қаһар­мандарының есімін есте қалды­ру ісіне елеулі еңбек сіңіріп келе­сіз. Әсіресе, Қазақстанның Ресей­дегі елшісі болған кезіңіз­де қазақстандықтардың соғыс жыл­дар­ындағы ерлігіне қа­тысты көптеген істің орайын келтіргеніңіз­ді жақсы білеміз. Сол шешімін тап­қан бірер мәселені бүгінгі Жеңіс­тің 70 жылдық ме­рейіне бөле­ніп отырған сәтте жады­мызда жаңғыртқанымыз артық болмас-ты. – Адамзат тарихында теңдесі жоқ бұл соғыстағы Ұлы Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Оның жолы ұлы тарихи шайқастар арқылы төселіп, Мәскеу түбіндегі қантөгіс ұрыстарда, Ржев, Сталинград, Ленинград, Курск, Днепр үшін болған қанды шайқастарда айқындала түсті. Мұндай шайқастардың қай-қайсысының да соғыс тағдыры үшін маңызы болды. Және ерлік те, елдік те, достық та осы ұрыстар үстінде шыңдалды. Соңғы деректер бойынша, Ұлы Отан соғысында 27 миллион КСРО азаматы опат болып, екі мыңнан астам қала қираған, Кеңес Одағы ұлттық байлығының 30 пайызға жуығын жоғалтқан. Соғыс басталған жылы 18-ге толған 1923 жылы туғандардың соғыстың аяғына қарай 3 пайызы ғана тірі қалған екен. Бұрынғы Кеңес Одағы құра­мындағы Қазақстан да осы жылдары фашизмге қарсы күресті. Ұлы Отан соғысы – біздің ортақ тарихымыздың бөлінбес бір бөлігі. Өйткені, Қазақстанда сол соғыстың өрті шарпымаған бірде-бір отбасын таба алмайсыз. Деректерді сөйлетсеңіз, біздің елімізден 1 миллион 200 мыңға жуық адам немесе республика халқының 20 пайызы соғысқа алынғанын мәлімдейді.Олардың әрбір екіншісі майдан даласында қаза тапқан немесе хабарсыз кеткен деп есептеледі. egemen (4) Соғыстың алғашқы күнінен-ақ Қазақстан майданның ең басты арсеналына айналды. Жүздеген өнеркәсіп, мәдени, оқу орындары біздің елімізге көшіріліп әкелінді. «Жауға атылған он оқтың тоғызы Қазақстанның қорғасынынан құй­ыл­ды» деп тұжырымдайтын тарих сөзі осы кезеңнін бір түйіні. Бұ­ған Қазақстан жерінде ашылған гос­питаль, қысқа мерзімді әскери оқу орындарын, елдің әртүрлі өңірі­нен эвакуацияланған, жер ауда­рылған, күштеп көшірілген адамдарды қоссаңыз, халық өмірінде соғыс қандай із қалдырғанын айқын аңғаруға болады. Еліміздің тылдағы қаһармандық еңбегі майдандағы жауынгерлік ерлікпен ұштасып жатты. Соғыс жылдарында Қазақстан жерінде он­даған дивизия мен бригада құрылды. Соғыстың алғашқы күнінен бас­тап, Рейхстаг үстінде Жеңіс жалауы желбірегенге дейінгі кеңес жауын­герлері жүріп өткен барлық жеңім­паз шайқастың белортасында қазақ­стандықтар жүрді. Майдан даласын­дағы ерліктері үшін 200 мыңнан астам қазақстандықтың орден-медальдармен, 528 отандасымыздың, соның ішінде 103 қазақтың Кеңес Одағының Батыры атағын алуы, ал төрт жерлесіміз: Сергей Луганский, Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павловтың бұл жоғары атаққа екі мәрте ие болуы – сөз жоқ, осы кезеңдегі жаппай бүкілхалықтық ерлікті бейнелей алады деп ойлаймын. Қазір уақыт өзгерді, ұрпақ жа­ңарды. Аталар салған ерлік жолын құрметтеу, еске алу, белгі қалдыру арқылы кейінгі ұрпақтың санасына сол бір сұрапыл жылдардағы жаппай ерліктің мәні мен маңызын сіңіру – біздің буынның бір боры­шы деп ойлаймын. Әрине біз де со­ғысты көргеміз жоқ, бірақ соғыс­тың ел ішіндегі таңбасын, адам тағ­дырындағы нақты ізін көріп өстік; соғыста қан төккен, туған жерге мүгедек болып оралған ардагер­лерді, Жеңісті жеткізген әкелер мен ағаларды көрдік, солардың әңгі­месін тыңдадық, қатар жүріп қызмет­тес болдық. Өкінішке қарай, сау­сақпен санарлық соғыс солдат­тары­ның саны жыл санап азайып ба­рады. Демек, олардың ерлігін есте қалдыруды, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуді, жаһандық сол соғыс қасіретінің қайталанбауы үшін күресуді заманның өзі алға шығарды.egemen (22) Қазақстанның Ресейдегі елшісі болып жүрген кезімде елшілік ұжымымен бірге нақ осы бағытта мақсатты жұмыстар жүргізгенімізді ілтипатпен еске аламын. Қазақтың біртуар ұлы, даңқты батыр Бауыржан Момышұлының туғанына 100 жыл толуына байланысты жүзеге асырылған істер ілгерілеу нәтижесі ретінде есте қалды. Б.Момышұлы туралы елшіліктің қолдауымен шығарылған «Легендарный батыр» жинағының тұсаукесер рәсімінен кейін іле-шала Мәскеу Үкіметіне батырды есте қалдырудың елеулі шарасын қолға алу туралы өтініш білдірдік. Өтінішті қараудың, талдаудың, сараптаудың сан түрлі сындарынан сүрінбей өтіп, ақырында Зеленоград аумағындағы жалпы білім беретін №229 мектепке Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының есімі берілуіне қол жеткіздік. Бұл мектеп – құрамында Бауыржан Момышұлы шайқасқан генерал Иван Панфилов басқарған дивизияның Мәскеу түбіндегі қантөгісті шайқастары орнында бой көтерген, атақты Крюково стансасына жақын орналасқан, панфиловшылардың ерлігін айғақтайтын бір ғимарат еді. Баукең атындағы осы білім ордасы қазақстандық кәсіпкерлердің күшімен түбегейлі жаңғырды. Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова атындағы №891 мектеп те Қазақстан қам­қорлығындағы білім ордаларының бірі. Мәскеудің Вешняки ауданына орналасқан бұл білім ұясы 1971 жылы ашылған: Оған 1999 жылы қазақтың батыр қызының есімі берілген. Соғыс жылдары осы жерде әйелдердің орталық мергендер мектебі жұмыс істеген. Мергендер мектебін бітірген 2200 түлектің бірі – Әлия. 2010 жылы Әлия Молдағұлованың туғанына 85 жыл толуына орай мектепке Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атынан жаңа шағын автобус сыйға тартылды. Ал жалпы аталған екі мектепті жаңғырту, жаңарту жұмыстарына кезінде 1 миллион АҚШ долларына жуық қаржылай қаражат жұмсалғанын атап өткім келеді. Нәтижесінде қазір қазақ батырлары атындағы қос мектеп техникалық жарақтандырылуы жағынан Мәскеу қаласындағы заманауи үлгідегі таңдаулы білім ұялары болып отырғаны бәріміз үшін де сүйінішті. – Қазақстандықтардың соғыс жылдар­ын­дағы жауынгерлік ерлігі туралы сөз болған­да, атақты Ржев шайқасын айналып өте алмаймыз. Ресейдегі елші ретінде ел есінде қал­ған елеулі еңбегіңіздің бірі де сол өңірде жүзеге асырған және бір игілікті ісіңіз болды. Осыған тоқтала кетсеңіз. – Соғыс тарихында әртүрлі себептерге байланысты ұзақ уақыт сыры айтылмайтын, жұмбағы ашылмайтын шайқастар болады. Соған сәйкес бұл ұрыстардың қаһармандары да қалтарыста қала береді. Ржев қырғыны дәл сондай шайқастар деп есептеледі. Оның құпиясы 2007 жылы ғана ашыла бастады. Сол жылы Ресей Президентінің Жарлығымен Ржевке «Әскери даңқ қаласы» атағы берілді. Ал осы ұрыстардың барысы туралы тарихи құжаттарды саралай отырып, екі жақтың адам шығыны 2,5 миллионнан асқанын ескере келгенде, Ржев алаңындағы қантөгісті ұрыстар болмаса, Сталинград түбіндегі, Курск иініндегі жеңістерге, жалпы соғыс барысындағы түбегейлі бетбұрысқа қол жеткізу мүмкін болмас еді деген қорытындыға келесіз. Зерттеушілер екінші дүниежүзілік соғыс тарихында ауқымы мен қамтылуы жағынан Ржев шайқасына теңдесетін қантөгіс жоқ деп есептейді. Алматыда және Ақтөбеде құрылған 100-ші һәм 101-ші дербес атқыштар бригадалары дәл осы от пен оқтың ортасына түсті, жан аямай соғысты, жауынгерлер құрамының 80 пайыздан астамы майдан даласында мерт болды. Біз Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасымен қазақстандық осы екі бригаданы есте қалдыру шарасын қолға алғанда, Ржев түбінде шайқасқан жерлестеріміздің есімі де, ерлігі де ұзақ уақыт көпшілікке белгісіз болғанын, олардың бірқатары «хабарсыз кеткендер» саналып келгенін, артындағы ұрпақтарының бір хабарын біле алмай жүргенін ескердік. Сөйтіп, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру үшін Қазақстан дипломаттары Ресей Қорғаныс министрлігінің Подольск қаласындағы Орталық архивінде сақталған, 70 жылға жуық жабық жатқан деректерді іздеді. Соның нәтижесінде табылған он мыңға жуық жауынгердің есімі қос бригада қаһармандарына Ақтөбе облысы әкімдігінің қаржыландыруы арқасында Ржев жерінде орнатылған еңселі ескерткіштің мәрмәр тақталарына ойып жазылды. Осындай ойда жүрген елеулі іс-шаралар жүзеге асырылғаннан кейін Ржев-Вязьма шай­қасына қатысушы бірқатар ардагерлермен кез­десіп, әңгімелескен едім. Сол кезде олар Қазақстан Президентіне, барлық қазақстан­дықтарға соғыс қаһармандарының ерлігіне өшпестей белгі қойғаны, ең бастысы тарихи шындықты қалпына келтіргені үшін шынайы ризашылықтарын білдірді. Бұл мақтаныш үшін емес, мәртебе үшін айтылуға тиіс сөз деп білемін. Осы тақырыпқа орайлас тағы бір жәйтті айтайын. Жақында баспасөзден Алматыда «Мәскеу» метростансасы ашылғанын оқы­дым. Бұл да екіжақты ынтымақтастықтың сол кезеңде негізі қаланған жаңалығы еді. Отандастарымыздың Ұлы Жеңіске қосқан үлесін мәңгі есте қалдыру орайында кезінде Мәскеу метрополитенінде «Алматы» стансасын ашу жобасын іске асыру мүмкіндігі туған-ды. Елшіліктің бастамашылығымен бұрынғы «Братеево» стансасын «Алматыға» айналдырудың басы-қасында жүргеніміз өзіңе белгілі. Бастапқыда «Астана», «Қазақстан» деген атаумен қолға алынған жобалар ішінен нақты жүзеге асыру мүмкіндігі «Алматыға» байланыс­ты байқалған соң, біз мұны Мәскеуді қорғаған атақты Панфилов дивизиясының Алматы қаласында құрылу фактісімен сабақтастырып, күллі ұйымдастыру шараларын, жергілікті халық арасындағы түсінік жұмыстарын осы бағытқа қарай жұмылдырдық. Дәл сол кезеңде Мәскеу метросынан «Алматы», Алматы метросынан «Мәскеу» стансасын ашайық деген өзара уағдаластыққа да қол жеткізілді. Неміс генералы Гепнер соғыс кезінде өз басшылығына Панфилов дивизиясы туралы «соғыс қимылдарын жүргізудің барлық ережелері мен жарғыларына бағынбайтын жабайы дивизия, дивизия солдаттары ешқашан тұтқынға түспейді және өлімнен ешбір қорықпайды» деп жазыпты. Міне, Мәскеу төрінен «Алматы» метростансасының ашылуын осынау панфиловшыл жеңімпаздарға, барша қазақстандық жауынгерлерге көрсетілген екі елдің ортақ құрметі деп түсінеміз. – Елші мырза, Ресей жеріндегі соғыс құрбандарына, оларды мәңгілік есте қалдыруға қатысты істердің өрісі кең екендігі мәлім. Әсіресе, соғыста қаза тапқан ата-бабасының зиратын іздеп келушілерге деген құрмет, көмек-қолғабысқа әзірлік ресейліктердің атап айтуға тұратын қасиеті десе болғандай. Ал Украина еліндегі жағдай қалай? Бауырлас Ресей мен Украина қазір жердің айналу осінің ең қиыр екі нүктесі сияқты болып тұр ғой. – 2013-2014 жылдары Киевтің және Украи­наның жау қолынан азат етілуінің 70 жылдығы атап өтілді. Украинаны азат етуге 600 мың қазақстандық жауынгер қаһармандық еңбегін арнады. Олардың арасынан екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновті, Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетовті, даңқты партизан Қасым Қайсеновті және басқа қаһарман-жауынгерлердің ерлігін украиндықтар жақсы біледі. Соғыс жылдары Шымкентте құрылған 102-ші атқыштар дивизиясы мен 106-шы Ақмола кавалерия дивизиясы «Харьков қазанында» бір адам қалмастан қаза тапты. Украинаны азат ету үшін болған шайқастарда ерлік көрсеткен 156 қазақстандық жауынгер Кеңес Одағының Батыры жоғары атағын алды. Соғыс кезінде 300 мыңнан астам қазақстандық солдаттар мен офицерлер Украина жерінде опат болды. Өмірде бірқатар белгілі адамдармен, соның ішінде соғыс қаһармандары Талғат Бигелдинов, Сағадат Нұрмағамбетов, Қасым Қайсенов, Рахымжан Қошқарбаев, Бауыржан Момышұлы сынды асыл ағалармен талай мәрте кездесіп, әңгімелестім. Бұлар шын мәнінде біртуар, қайталанбас тұлғалар еді. Олардың есімі мен ісі Отанды сүюдің нағыз үлгісі десек, артық айтқандық емес. Өмірдің осындай тағылымды сабақтары қазақстандықтардың Ұлы Жеңіске қосқан үлесі туралы «Отан үшін отқа түскен» фильмін әзірлеу идеясына алып келді. Авторлық идеяны шеберлікпен іске асырған қазақстандық талантты режиссер Назгүл Әбутұрапова түсірген бұл телефильмнің таныстырылымын Украинаның жаудан азат етілуінің 70 жылдығына байланысты Киевте және Астанада өткіздік. Мұнда жоғарыда есімі аталған майдангер ағалар туралы әңгіме болады, сонымен бірге Қазақстанда құрылған 100 және 101-ші атқыштар бригадасы, 102-ші атқыштар дивизиясы, 106-шы Ақмола кавалерия дивизиясы, 72-ші Красноград гвардиялық дивизия­сы мен 38-атқыштар дивизиясы жөніндегі әскери-тарихи деректер кеңінен баяндалады. Осы фильмнің таныстырылымын өткізу орны ретінде Киевтегі Ұлы Отан соғысының Ұлттық музейін таңдадық. Айта кету керек, бұл бұрынғы кеңестік кеңістіктегі ең таңдаулы музейлердің бірі. Фильмнің таныстырылымына Киев қалалық мемлекеттік әкімшілігінің, дипломатиялық өкілдіктердің басшылары, Украина Сыртқы істер министрлігінің қызметкерлері, Киев қалалық ардагерлер ұйымының мүшелері, қазақ диаспорасының, іздестіру ұйымдары мен БАҚ өкілдері қатысты. Қатысушылар әрқашан Ұлы Отан соғысының тарихына айрықша қарап, құрмет көрсететіні үшін Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевқа ерекше ықыластарын білдірді, аталмыш фильмнің Қазақстан мен Украина халықтары арасындағы достықты нығайтудағы, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеудегі маңызына назар аударды. Осы фильм таяу күндері Украинаның және Қазақстанның телеарналарынан көрсетіле бастайды. Өткен жылы Жеңіс мейрамы қарсаңында Харьков облысының Красноград қаласында 106-шы Ақмола кавалерия дивизиясы жауынгерлерінің құрметіне ескерткіш стела аштық. Бұл елшіліктің және Харьков қалалық «Бірлік» қоғамдық ұйымы өкілдерінің бірлесіп орнатқан белгісі болды. Стела төсіне: «106-шы Ақмола кавалерия дивизиясының қаһарман жауынгерлеріне қазақстандықтардан тағзым» деп жазылған. Осы кезеңде В.Н.Каразин атындағы Харьков ұлттық университеті ғылыми кітапханасының көрме залында қазақстандықтардың Харьковты және Харьков облысын жаудан азат етуге қосқан үлесін баяндайтын фотокөрме ашылды. Онда соғыс жылдарының мұрағаттық құжаттары, жауынгерлер туралы естеліктер, соңғы үш жыл ішінде «Бірлік» қоғамдық бірлестігінің іздестірушілері жинақтаған сирек құжаттар, осы өңірде соғысқан қазақстандық дивизиялар туралы бірегей құжаттар бірінші рет көпшілік назарына ұсынылды. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында елшілік қызметкерлері Житомир және Сум облыстарындағы қазақстандықтар жерленген бауырластар зиратына барып, еске алу іс-шараларына қатысты. Жеңіс мейрамына орай таяуда Украинада тұратын жалғыз майдангер-қазақ, Ұлы Отан соғысының ардагері Нұрбай Аманжолов ақсақалды құттықтап барып, оған естелік медаль табыс еттім. Шығыс Қазақстанның Шыңғыстай ауылында дүниеге келген бұл елдес азаматтың өмір-тарихы қызық: Жастай жетім қалып, балалар үйінде тәрбиеленеді; 1942 жылы 7-сыныпта оқып жүргенінде, жасын үлкейтіп, 1923 жылы тудым деп Қатонқарағайдың әскери комиссариатына арыз жазып, өз еркімен әскерге алынады. Шын туған жылы 1926 жыл екен.Тамбовтың әскери училищесін бітіріп, кіші лейтенант атағымен соғысқа қатысады. Украинаны, Польшаны, Чехословакияны азат етеді. Соғыстан кейінгі өмірін тұтастай әскери қызметке арнаған, бүгінде немере, шөбере сүйіп отырған ақсақал-полковник. Қорыта келгенде, бұл айтылғандар соғыс жауынгерлерінің ерлігін әспеттеу, есімін есте қалдыру бағытындағы жұмыстардың кейбір мысалдары деуге болады. Ең алдымен елдестірмекті мақсат тұтатын қазақстандық дип­ломаттар үшін Ұлы Жеңістің мерейі – бұрынғы Кеңес Одағын мекендеген бауырлас халықтар ынтымақтастығының ырыс-көзі. Жеңіс жалауын желбіреткен ұрпақтың ерлігін қастерлеу, бұл өшпес өнегені өскелең ұрпақтың өн бойына сіңіру бәріміз үшін де ортақ борыш болып саналатыны сондықтан. Әңгімелескен Серікқали БАЙМЕНШЕ. КИЕВ.  
Соңғы жаңалықтар