Малайзияның Путраджая әкімшілік орталығында Қазақстанның кандидатурасын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне ілгерілету бойынша Қазақстан Президентінің Арнайы өкілі – Сыртқы істер министрінің орынбасары Асқар Мусинов Малайзияның Премьер-министрі Наджиб Тун Абдул Разакпен кездесті.
Кездесу барысында 2014 жылы 22-24 мамырдағы Малайзия Премьер-министрінің Қазақстанға сапарының қорытындылары аясында екіжақты қатынастардың қазіргі жағдайы мен болашақ даму мүмкіндіктері талқыланды. Премьер-министр екі ел арасындағы саяси үнқатысудың даму қарқынын және Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы әлеуметтік-экономикалық табыстарын жоғары бағалады. Н.Разак Қазақстанның экономикасы дамыған, саяси және әлеуметтік жүйесі тұрақты, егемен мемлекет болып қалыптасуындағы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлін ерекше атап өтіп, 26 сәуірдегі кезектен тыс президенттік сайлауда Мемлекет басшысының үлкен басымдықпен жеңіске жеткеніне тәнті болғанын білдірді. Кездесу барысында 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстанның кандидатурасын қолдау жөніндегі Қазақстан Президентінің Малайзия Премьер-министріне жолдаған хаты табысталды. А. Мусинов БҰҰ ҚК тұрақты емес мүшесі болып сайлану Қазақстанның сыртқы саясатындағы маңызды басымдықтарының бірі болып табылатынын және Қазақстан әлемдік тұрақтылық пен қауіпсіздікке өз үлесін қосуға мүдделі екенін атап өтті. Сонымен бірге, Малайзияның БҰҰ ҚК 2015-2016 жылдары тұрақты емес мүшелігінде бастаған әлемдік тәртіпті заңнамаға сай нығайту, БҰҰ бітімгершілік күштерін қолдау және т.б. істерін жалғастыруға ниетті. А.Мусинов Малайзияның «Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы» жаңа халықаралық құрылымына қосылатынына үміт артып, аталған ұйымның жарғысына Ислам Ынтымақтастық Ұйымына мүше 23 мемлекеттің қол қойғанын хабарлады. Н.Разак еліміздің халықаралық сахнадағы жетістіктерін және белсенділігін атап өтіп, Қазақстанның БҰҰ ҚК тұрақты емес мүшесі болуға деген ниетін жоғары бағалады. Сол күні қазақстандық делегация Малайзияның Сыртқы істер министрлігінің басшылығымен де келіссөздер жүргізді.
«Егемен-ақпарат».