17 Тамыз, 2015

«Қайсар» футбол клубына жаңа басшы келді

235 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
17.08.2015 QZLҚЫЗЫЛОРДА. 17 тамыз. Бүгіннен бастап «Қайсар» ҚОФК» ЖШС-нің директоры міндетіне ресми түрде Нұржан Жалғасбаев тағайындалды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Осы кезге дейін Нұржан Жалғасбаев «Қазақстан спорттық технологиялары» ЖШС-інде бас менеджер қызметін атқарып, елімізді әлемдік берндтердің спорттық экипировкаларымен және жабдықтарымен қамтамасыз етіп отырды. Сондай-ақ, ол сол қызметінде «Тур Алматы» дәстүрлі веложарыс бәйгесін ұйымдастыруға ат салысты. Еліміздің қаржы институты саласындағы тәжірибесі зор. Нұржан Жалғасбаев ішкі әскер және ішкі істер органдарында да қызмет атқарды. Нұржан Жалғасбаев 1983 жылдың 9 наурызында дүниеге келген. Қызылорда қаласының тумасы. Заңгер және экономист мамандықтары бойынша жоғары білімі бар. Отбасын құрған, екі баланың әкесі. Командаға жаңа директорды Қызылорда облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Садық Мұстафаев таныстырып, қызметіне табыстар тіледі. Өз кезегінде команданың жаңа директоры да сенімді ақтауға бар күшін салатынын жеткізіп, «Қайсар» футбол клубын жаңа белестерге көтеру үшін аянып қалмайтынын айтты. «Маған сенім артқан облыс басшылығына алғысым зор! Жанкүйерлер де сенсе деймін. Жалпы, Қызылорда үшін мен бөтен адам емеспін. Осында өстім, алты жылдай футболмен айналыстым. Алғашқы жаттықтырушым Василий Цыпкун болатын. Кейін барша балалар секілді Владимир Ольшанскийдің қарамағында жаттықтым. Сіздермен бірге «Қайсар» футбол клубын жаңа белестерге көтеріп, стадионға көрерменді неғұрлым көбірек тартамыз деп ойлаймын», - деді Нұржан Жалғасбаев. Дастан Кенжалин. Дерек, сурет: «Қайсар» ҚОФК» ЖШС.