Ақмола облысындағы Целиноград ауданының орталығы – Ақмол ауылында үстіміздегі жылдың 9 мамырында екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов пен Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевқа арналған қос бюсттің және осы ауданнан соғысқа қатысқан және тылда еңбек еткен азаматтардың есімдері қашалып жазылған ескерткіш тақтаның ашылу салтанаты өтті.
Бұл өңірден соғысқа 2 019 боздақ аттаныпты. Олар басқыншыларға қарсы аянбай күресіп, ерліктің жарқын үлгісін көрсете білді. Сол сияқты, тыл еңбеккерлерінің де жеңісті жақындатуға қосқан үлесі ерекше. Бүгінде олардың жанқиярлық ерліктері мен ерен еңбектерін ұмытпай, ұрпақ жадында жаңғырту мақсатында көптеген жұмыстар атқарылуда. Осынау игі істердің бірі ретінде, Ақмол ауылының орталық алаңына осы аймақтан шыққан ардагерлердің есімдері жазылған ескерткіш тақтаның ашылғанын айтар едік.
Тағы бір ерекше тоқтала кетер жайт, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов пен Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев дәл осы өңірде дүниеге келіп, майданға осы аймақтан аттанған-ды. Сондықтан да, қос батырдың өз аудандарының тумасы екенін мақтан тұтатын жерлестері олардың еңселі мүсіндерін Ақмол ауылының көрнекті жеріне қойып, көңілдерін демдеді.
Ардақты тұлғаларға арналған ескерткіштердің ашылуы рәсіміне Рақымжан Қошқарбаевтың апасы Рымжан Мұсабекқызы және Талғат Бигелдиновтің ұлы Талғат Талғатұлы қатысып, осынау игі шараны ұйымдастырған ел ағаларына, Целиноград ауданының халқына алғыстарын білдірді.
Рымжан Мұсабекқызы:
– Бұл кісіге дер кезінде атақ берілмесе де, халқы батыр деп атаған. Қаһарман атағын өзі өмірден озғаннан кейін 11 жылдан соң берді. Енді, міне, ескерткіші қойылды дегеннен кейін арнайы келіп тұрмын. Ел ағаларына, өздерінің батыр ұлдарын құрметтеген халыққа рахмет, – деді.
Өз кезегінде Талғат Бигелдиновтің ұлы Талғат Талғатұлы да жүрекжарды сөзін арнап, әкесін ардақ тұтқан жамағатқа жылы лебізін арнады.
Ал облыс, аудан басшылары батырлардың бұл ерлігі бүгінгі елге естелік, ертеңгі өскелең ұрпаққа өнеге екенін, сол себепті де, ерлерімізді ұлықтап, ескерткіш қойғанды жөн деп санағандарын жеткізді.
Батырларды қастерлеген осынау салтанатты шара барысында халыққа аудан өнерпаздары жырдан шашу шашып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Дана АЛДАНҚЫЗЫ,
Целиноград аудандық
әкімдігінің баспасөз хатшысы.
Ақмола облысы.