Астана маңындағы Мичурино елді мекенінде таэквондодан Қазақстан ұлттық құрамасының оқу-жаттығу жиындары өтті.
Бұл жиын команданың әлем чемпионаты алдындағы соңғы дайындықтары. Жыл басынан бері ұлттық құрама Бразилия, Корея мен басқа да шетелдерде шеберліктерін шыңдап, арнайы дайындықтан өтті.
Сонымен қоса, тәжірибені арттыру мақсатында спортшыларымыз оншақты халықаралық жарыстарға қатысып, 19 жүлдеге ие болды. Соның нәтижесінде әлем чемпионатында өнер көрсететін 16 спортшы іріктеп алынды.
Әлем чемпионаты Дүниежүзілік таэквондо федерациясының ұйымдастыруымен екі жылда бір рет өтеді. Биылғы чемпионатта 2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтетін Олимпиаданың жолдамалары сарапқа салынады.
Таэквондодан Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Мұстахим Қабдрашев өз сөзінде спортшыларымыздың көптеген турнирлерге қатысып, жүлделі орындарға ие болғандарын, биылғы әлем чемпионатына Нұрсұлтан Мамай, Дүйсенбай Смайыл, Ержан Абылқас, Руслан Жаппаров, қыздар арасынан Феруза Ергешова, Жазира Сапарбек, Анаргүл Сабырдың өнер көрсететінін атап өтті.
Жиында Оңтүстік Кореядан келген таэквондо шебері, Қазақстан ұлттық құрамасының жаттықтырушысы Ю Енг Джин Ресейдің Челябі қаласында өтетін әлем чемпионатында Олимпиадаға лицензия алып, жүлделі орындардан көрінеміз деп нық сеніммен айтты.
Биылғы чемпионатқа 150 елден 1 мыңнан астам спортшы қатысып, үздіктерді анықтайтын болады.
Айжұлдыз ЕРБОЛАТҚЫЗЫ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті.