OPEC+ БАӘ ұйымнан шыққаннан кейін, 3 мамырда алғаш рет онлайн форматта жиын ұйымдастырды. Жиынға қатысушы елдер нарықтағы жағдайға байланысты өндіріс көлемін қайта қарастыруға дайын екенін атап өтті. Яғни, мұнай нарығындағы баға мен сұранысқа қарай икемді саясат сақталады.
Келісімге сәйкес, Қазақстан үшін белгіленген квота – тәулігіне 1,599 млн баррель мұнай. Бұл соңғы айларда өндіріс көлемін қатарынан үшінші рет арттыру болып отыр.
Reuters агенттігінің мәліметінше, өндірісті арттыру туралы шешімнің екі негізгі себебі бар. Біріншісі – Таяу Шығыстағы геосаяси жағдай мен жеткізілімдерге қатысты шектеулер, бұл мұнай бағасының өсуіне алып келуі мүмкін. Екіншісі – OPEC+ ұйымының біртұтастығын сақтап, БАӘ ұйымнан шыққаннан кейін де жүйенің жұмыс істеп тұрғанын көрсету.
БАӘ 28 сәуірде OPEC пен OPEC+ құрамынан шығатынын мәлімдеген еді. Олар бұл қадамды мұнай саласына көбірек инвестиция салып, өндіру көлемін шектеусіз арттыру қажеттілігімен түсіндірген.
Қазір OPEC құрамында 11 мемлекет қалды, ал OPEC+ аясында бұдан бөлек тағы бірнеше мұнай өндіруші ел, соның ішінде Қазақстан да бар.