28 Наурыз, 2015

Ұят туралы айту ұят болып барады

770 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін
Қундылык Газетіміздегі «Жазылған жайдың жаңғырығы» айдарымен оқырман ойына қозғау салған жарияланымдардан туындаған пікірлер берілетіні белгілі. Кейінгі кездегі сондай дүниелердің  бірі – Төрегелді Шармановтың «Құндылықтар құлдырауы»  атты мақаласы. Аталған мақала Елбасымыздың да ойынан шығып отырғанын айтуды орынды көреміз.  Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Құндылықтар құлдырауы» атты мақалаға орай басылым басшысына: «С.Абдрахмановқа. Т.Шармановпен мен сөйлестім, телефонмен. Бұл мәселені әрі қарай қозғау қажет. Басқа адамдар да осы тақырыпты жалғастырсын» деп тапсырма берген болатын. 19 наурыздағы  пікірлер топтамасына жазылған аннотацияда: «13 нау­рыз күнгі нөмірімізде жарияланған ол мақала қастер тұтуға тиісті құндылықтарымыздың құлдырауы ғылымдағы арзан атаққұмарлық ауруына апарып соқтыра бастағаны жөнінде жан ауырта сөз етеді. Содан бергі күндерде редакцияға телефон соғып хабарласушылар, осы тақырыпты жалғастыру ниетін білдірушілер көп болып тұр. Олардың арасында елге танымал халық қалаулылары да, ғылымның айтулы өкілдері де, білім саласының мамандары да бар» делінген еді. Академик ағасының айтарын алдымен жалғастырғандардың бірі – халқымыздың танымал тұлғасы Қуаныш Сұлтанов. Халық қалаулысының мақаласында ғалым ойы тереңдете таратыла түскен, сонымен қатар елдік сипатымызға мін боларлықтай басқа да жайлар қозғалған. «Егемен Қазақстан» бұл тақырыпты алдағы кезде де қозғай беретін болады. Елім дейтін азаматтардың баршасын халықтық қалпымызға, ұлттық бітім-болмысымызға, өркениетке ұмтылған өскелең үрдістерімізге үйлеспейтін, жанымызға  жат мінез-құлықтан арылудың жолдары жайында бірлесе ақылдасуға шақырамыз. Академик Төрегелді Шарманов ағамыз «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Құндылықтар құлдырауы» деген мақаласында ұлттың сөзін айтты. Айтылуы тиіс еді деген, көпті толғандырып жүрген толғақты ой, өткір пікір айтылды. Ғаламның бүгінгідей озық үрдісінде сана мешеулігінің артқа тартып, ұлт келбетіне ұят, нұқсан келтіріп жүргендігін ашына жазды. Төкең осы мақалада толғағандарын соңғы жылдары әр жерде, кейбір жиындарда өзін түсінетін адамдармен пікір алысуда талай айтып, ақыры абыз ағаның қоғамға жүрекжарды жанашырлық сөзі осындай шымыр ойға жұмылып жарыққа шықты. Бұл – ұстаз сөзі, болашақ ұрпаққа ұлағатты сөз десек те артық айтқандық болмас. Мен «ұят» деген сөзді әдейі алға тартып отырмын. Тәрбие жұмысында, отбасында немесе оқу орындарында болсын, адамдардың өзара араласында ұят туралы әңгіме кейінге ысырылды. Ешкім ешнәрседен ұялмайтын болды. Көлікте, автобуста, тағы басқа көпшілік орындарда жастар үлкендерге орын бермеу немесе үлкен адамдардың көзінше дөрекі сөйлеуден ешкім ұялмақ түгіл қысылмайтын болды. Сол сияқты өзіне өзі мәз болып, арсыз әрекеттермен оңай байығандар тойынғанынан аяғын қалай басарын білмей, ұят деген ұғымнан аулақ, кесірлі істер жасайтын болды. Қорқыныштысы сол – соның іс-әрекеттерінің ұятсыз тірлік екенін біле тұра қолпаштаушылар, тіпті оны үлгі етушілер көбейді. Мәселен, Төрегелді Шарманұлы айтқан жалған «профессор», «доктор», «академиктер» зертхана, архив, кітапханада бір күн жұмыс істеп көрместен, ғылымға керек бір еңбек жаза алмайтынымен жұмысы жоқ, ел ішінде сол жалған атағын айтудан ұялудан гөрі, «мен сондаймын» деп шіреніп, әлдеқандай болып жүретінін қайтерсің? Міне, сананың мешеулігі, білімнің, ішкі мәдениеттің өте төмендігі, тіпті жоқтығы. Адамның өз мүмкіндігі мен қабілетін құр өркөкіректікпен асыра бағалауы. Осындай ұғымның, түсініктің өзі «ұят» деген ұғымның санада, адамның дүниетанымы мен білімінде болмауының салдарынан. Тектілік деген жайына қалды. Университеттерде оқымаған, жоғары білім алмаған бабаларымыздың тектілік, әдептілік, адам мен қоғам арасындағы сыйластықты сақтай білгеніне таң қалмасқа шара жоқ. Кейбір өрескел жағдайда адам әдеп сақтағаны үшін ыңғайсыз жағдайда қалатын болды. Ұяттың орнына дөрекілік, әдепсіздік, күш көрсетушілік, зорлық-зомбылық, шынды жасырып, өтірік айтушылық басым болып келеді. Ұят туралы айту ұят болып барады. Жарайды. Тіпті, ондай даңғойлар өзімен өтсін дегіміз келсе – олармен бірге бұл пиғылдар кете қоймайды екен. Ондай істердің келер буынға, тіпті жастарға зиян, зардабы көп екен. Қас қылғанда жастар еңбексіз пайда көруге тез үйренуде. Олар тазарып келе ме десек, шатасуы, адасуы көп болып жүр. Міне, сол атаққұмарлықтың бір зардабы осылай да шарпып жатқаны шындық. Жастар қазір газет оқымайды, жастар түгіл – орта буын, аға буынның да едәуір бөлігі газеттен көз жазып, адасып қалды. Елдің көзі, көңілі негізінен теледидарда, қолдарындағы телефон, айфондарында, үйде, кеңседе компьютер экрандарында. Ал ол қорапшалардың іші, әртүрлі каналдары ең сорақы қырғын соғысқа, қанқұйлы аяусыз төбелестерге, адам өлтірудің жантүршігерлік әдіс-тәсілдеріне, жаншошытарлық зұлымдықтарға, былапыт балағаттарға, анайы, жабайы боқтампаздыққа толы. Электрондық құралдардағы адамдардың түр-тұрпаты, жалаңаш жиіркенішті денелері – оны көріп отырған жас адамға қандай әсер етуі мүмкін? Бұл – ғаламдық шабуыл, ғаламдық технологиялық, ақпараттық қауіп. Жас ұрпақтың миына, жүрегіне, санасына кенедей жабысып кіру. Бұл – санаға бағытталған басқыншылықта ұят, тазалық, адамгершілік, әділдік, тәртіптілік деген ұғымдар мүлдем жұрнағымен жоқ. Керісінше – мейлінше азғындықты насихаттау. Ұлтымызға, ұлттық сана, мәдениетімізге, құқы­ғымызға ақпараттық қысым. Мәжіліс депутаттары бір топ әріп­тестеріміздің бастамашылдығымен осы қауіптерге қарсы арнайы заң да қабылдады. Енді соның жұмыс істеуіне күш салу маңызды. Ұлтымыздың табиғатына тән рухани таза құндылық­тарымызды үздіксіз насихаттап, оның жас ұрпақ санасына ықпалды күш болып енуіне ел болып, ұлт болып еңбектенуіміз, болашақ ұрпағымыздың тазалығы үшін, адамдығы үшін толассыз күресуіміз керек. Ол үшін кімнің болса да ұят қылықтарына жол бермеуіміз керек. Атаққұмарлық та жемқорлық сияқты дерт. Ол қасиетті мұра емес. Аға ұрпақ өкілдері осыны, көкірегінде жүрген адалдықты, әділдікті, тазалықты жас ұрпаққа айтып жүруге міндетті. Төрегелді Шарманұлы осыны істеді. Адамдардың бірі болмаса бірінің құлағына жетіп, санасына кіреді. Қоғамдағы барлық келеңсіздікті, дарақылықты, атаққұмарлықты жасайтын ең алдымен қалтасы тасып, сөзі өтіп, санасы тойынып, өзінен басқа ешкімнің сөзін де, ойын да тыңдай алмайтын, өзінен басқа біреудің одан жақсы білетінін білгісі келмейтін рухани жадау жандар. Ұят деген сөздің мағынасын білмейтіндер лауазымды қызметтердің де беделін түсіреді. Талай адамдардың мінез-құлқын, тыныс-тіршілігін, өмірге, төңірегіне, ортасына, өзіне көзқарасын көріп жүрміз. Манағы жалған «профессорлар», өмірде қандай да лауазымға білім, қабілет, еңбек күшімен емес, оңай жолмен, жемқорлықпен, сыбайластықпен, ақшаның күшімен, қиянат жолымен тікелей сатып алғандар, не істесе де, қандай қызметке де тек сол жолмен жүруге болатынына сенімді, әрі өзі де тек солай істейтіндер. Енді осындай адамдар жүрген жерде сыбайластық, жемқорлық жайламағанда қандай тәртіп, қандай қарым-қатынас қалыптасуы мүмкін? Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы, әсіресе, соңғы жылдары өзінің стратегиялық бағдарламаларында, жыл сайынғы халыққа Жолдауларында, «Нұр Отан» партиясының съездерінде халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің жаңа сапасы мен талаптарына айрықша назар аударып, тұрақты түрде мемлекеттік қызметкерлердің жеке басының кәсібилігі, міндеті, мәдениеті, халықпен сөйлесе білу қабілетінің дәрежесін көтеру туралы үзбей айтумен келеді. Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында осы маңызды саланың құқықтық кеңістігін қалыптастыруда да аз жұмыс жасалып жатқан жоқ. Парламент, Үкімет тарапынан қажетті шаралар жүзеге асырылуда. «Нұр Отан» партиясының Партиялық бақылау комитеті де партия мүшелерінің жауап­кершілігі туралы мәселелерді жоспарлы түрде жүйелі қарауға екпін беріп келеді. Алайда, адам өмірінің барлық жағын билік, партия тарапынан бақылауға алып, оның іс-әрекеттерін шектеу жолымен ғана жүріп, бізді біреу тежеу керек деп отырсақ, тәуелсіздігімізден бұрынғы әкімшілік, мәжбүрлілік қалпымызға қайта келеміз. Елбасының бағыты олай емес. «Қазақстан-2050» Стратегиясының басты мақсаты – еркін, ерікті азаматтық қоғам, кәсіби білікті билік, озық технологияға негізделген мықты экономика, бірлігі, татулығы жарасқан біртұтас ел, дүниежүзілік бәсекелестікке қабілеттігі гүлденген мемлекет. Осын­дай биік талапқа қампиып, ісінген кеудемсоқтық пен іріп-шіріген атақ­құмарлық, мансапқорлықпен жете алмайтынымыз кімге болса да бесенеден белгілі болса керек. Бірақ жаны, санасы мансапқор, атаққұмар адам онымен санаспайды. Ондайлар өзімшіл. «Ел» деген сөздері жалған. Бер жағы. Шынтуайтына келсек – Төкең айтып отырған үрген қаптай желбуаз «академиктерді» өзінен басқа кім танып, кім біліп, кім үлгі етіп жүр? Олар ғылымнан мүлде аулақ. Бірақ жаман үлгі. Мәдениетсіздіктің үлгісі. Атаққұмарлықтың тағы бір кө­рі­- нісі – қазір «шенді, шекпенділердің» ішінде «белгілі қайраткер» емесі жоқ. Әйтеуір, бір қандай да қызметке іліксе-ақ «белгілі қайраткер» болып шыға келеді. Ол қайраткерді ел, қоғам тани ма, біле ме? Алдымен ол адам қандай жолдармен, қандай лауазымды қызметтерде, қандай игілікті істер атқара алды? Қай деңгейде қоғамға, елге, адамдарға қандай еңбек сіңірді? Оны бағамдап жатқан ешкім жоқ. Солай айтады. Солай жазады. Оған өзі сенеді. Даңғазалық. Көп аудан, облыс, тіпті республика көлемінде лауазымды қызмет атқарып жүрген азаматтар сол лауазымды қызметінен кеткеннен кейін-ақ күмпигенінен «іш босатып», кәдімгі ел қатарлы адам болғандарын да көріп жүрміз. Бұл тағы да мемлекеттік қызметтегі адамдардың мәдениетінің шамалылығы. Мемлекеттік қызмет  мемлекеттік дәрежеде білім, мінез, құлық, мәдениетті талап етеді. Міне, осы талаптарға әлі толыққанды қол жеткізе алмай жүрміз. Дәл осы саланы жақсарту шараларын көздейтін, сапасын көтеретін қабылданған заңдарымыз да жеткілікті. Өкінішке орай, сол заңдардың толық, бұлжымай орындалуы тәртіпке, дәстүрге айнала алмай келеді. Соның нәтижесінде мемлекеттік қызметтегі лауазымды қызметкерлер арасындағы қарым-қатынас мәдениеті қалыптаспай тұр. Көп жағдайда барлық мәселе тек билік тұрғысынан, әкімшілік бағыныштылық, әкімшілік тәуелділік тұрғысынан қаралуы қатқан қасаң қалып болып тұрақталып қалған. Ежелгі қазақта «Аузы қисық болса да бай баласы сөйлесін» дегенде оның кәдімгі аузының қисықтығы айтылмайды, аузынан шыққан сөзінің «қисықтығы», яғни мағынасыздығы айтылады. Ақылға сыймайтын сөз айтылса да соныкі дұрыс. Бұл – сана, психология инерциялығы. «Не айтса да бастықтікі дұрыс». Бұл – билікті мойындамау, билікке бағынбау дегенім емес. Биліктің білікті, заңды, мәдениетті дәрежесінің жоғары болуы­на ұмтылу қажеттігін айтып отырмын. Биліктің беделі биліктегі нақты лауазымды қызметкердің іскерлігімен, елмен үндестігімен, өзіне арқа сүйеген елге биліктің қай жағынан болса да үлгілілігімен беделі артпақ. Бүгінгі Мәңгілік Елге бет түзеген Жаңа Қазақстанның жас өскін ұрпағы мемлекеттік қызметтің заңға сай орындалуына жаңа келбет, жаңа кескін, жаңа жүріс, жаңа қатынас әкелуі керек. Нұрсұлтан Әбішұлы «Нұр Отанның»  ХVІ съезінде осы маңызды мәселеге айрықша екпін берді. Елбасының ол талабы мемлекеттік қызмет жүйесін түбегейлі өзгертуді қажет етеді. Біріншіден, мемлекеттік қызмет­керлерді оқыту, дайындау және оларды өндірістік, саяси мектептен өткізу жүйесін өзгерту, реформалау қажеттігі айрықша айтылды. Екіншіден, олардың дүниетанымын, мемлекеттік жауапкершілік сапасын, мемлекеттік мәдениетін қалыптастыру шараларын белгілеу тапсырылды. Үшіншіден, мемлекеттік қыз­мет­керлердің еңбегі мен тұрмысы құқықтық жағынан толық қамтамасыз етілуі айтылды. Яғни лауазымды мемлекеттік қызметтегі адамдар ешкімнің, соның ішінде өзіне қызметтік қатынас бойынша бағынышты адамдардың құқын шектеуге жол бермеуі сияқты, мемлекеттік қызметкерлердің де құ­қық­тары ешқандай шектеулікке ұрынбай, заң аясында қызмет ету ауанын қалыптастыру маңыздылығына мән берілді. Қоғамда адам құқығының шектелуі, адамның адамға қиянат жасауына жол берілмеуі керек. Адамдар мейлінше еркіндікті сезініп, олардың өз қалауымен өмір сүруге мүмкіндігі кеңіген сайын, соны дұрыс пайдаланып, өсіп, өніп, өркендеп, өркениетті тіршілік жасаудың орнына кейбіреулер өтірік айтып, алдап, арбап, ұрлап, біреуді орға жығып, біреуге қиянат жасаудың жолына бейім тұрады. Осыдан арылып, қоғам тазалығына ұмтылуымыз міндетті. Мәселен, 2007-2009 жылдардағы дағдарыс кезінде әуел бастан жап-жақсы қаз тұрып келе жатқан үлес­керлердің қаржысына оларға үй салып жүрген жеке меншіктік қаншама құрылыс компаниялары қанша адамды қиянаттылықпен алдап, қаржысын алып, жер соқтырып, зар қақсатып, қоғамды, еліміздегі құқықтық кеңістікті бүлдіріп кетті. Сол жолда 70 мыңға жуық үлескерлер алаяқтарға алданып, жем болып, ақыры мемлекет өз азаматтарына жанашырлық қолұшын берді. Мемлекет, тікелей Елбасының тапсырмасымен оларға көмек көрсетіп, құтқару ісіне күш салды. Алаяқтарға жем болғандар әлі де бар. Бұл сәтсіздікте үкіметтің, мемлекеттің ешқандай кінәсі жоқ еді. Алайда, азаматтар тағдырынан мемлекет шет қалған жоқ. Мүмкіндігінше олардың дағдарыстан шығуына жәрдем етті. Айналып келгенде барлық жағ­дайлар біздің еліміздегі адамдардың өздеріне байланысты. Бізде негізгі заңдық кеңістік, талап, тәртіп бағыты, бәрі де дұрыс. Бірақ сол заң аясында өмір сүріп, еңбек ететін адамдардың заңды орындауы дұрыс емес немесе заңды мүлдем орындамайтынын, тіпті заңды білмейтінін айтуымыз керек. Қоғам әлі толық заңмен өмір сүру ауанына қалыптаспай келеді. Яғни, заңсыздықты еңсеруіміз керек. Сонда құқықтық мәдениет қалыптастыруға да мүмкіндігіміз кеңи түсетіні хақ. Бұл да, ең алдымен, сана, дүниетаным, рухани мәдениет деңгейімен тікелей байланысты. Төрегелді Шарманұлы той өткізу мәселесіне де орынды тоқталған. Әрине, той деген ұлтымыздың ізгі ниет, жақсы өмір салтанатының айнасы. Халықта «тойдан айырмасын», «тойда кездесейік» дейтін ақ тілек бар. Тойдың арнауы мен ерекше себептері де жеткілікті, жақсылықтың дәстүрі. Алайда, оны да жөнімен, ұлағатты мәдениетімен, әдемілікпен, әдептілікпен өткізген дұрыс болар еді. «Той халықтың қазынасы» демекші, тойға билік тарапынан араласудың қажеті жоқ. Меніңше, той өткізудің екі жолы бар. Бірі – ресми, мемлекеттік, қоғамдық маңызы бар тарихи оқиғалар, кезеңдер, мемлекетке айрықша еңбек сіңіре алған тұлғаларға қатысты. Екіншісі – әр адамның, өз отбасына байланысты жақсылықтарын атап өту салты. Бірінші жағдайда, әрине, ресми орындардың ресми шешімдеріне сай шаралар өткізілсе, екінші жағдайда әркім өзінің шама-шарқына қарай өздері үшін жақсылықты елеулі оқиғаларын атап өтулері. Жалпы, той атаулыға ешкімнің де ешқандай қарсылығы жоқ. Әңгіме сол тойды дарақылықсыз, асыра ысырапшылдықсыз, орнымен, дәмімен, ғибратты, өнегелі, мәдениетті дәрежеде ұйымдастырып, өткізе білуде. Ең бас­тысы – той бәсекелестік мақсатында, біреуге байлығын, мүмкіндігін көрсету немесе әлдекімнен, әлденеден асып түсу мақсатында болмауы керек. Той өткізген адамда «мен біреуден кеммін бе?» деген ұғым мүлдем болмауы керек. Той деген той өткізер адамның өз ұйғарымына сай қарызданбай, қауғаланбай, тыраштанбай, жайдары, жайбарақат өткізілгені абзал. Әрине, тойдың мазмұны туралы әңгіме басқа. Әсіресе, тойдың шақырылған уақыттан кемі бір-екі сағат кешігіп басталуы, одан ұзын-сонар бірін-бірі қайталай беретін бір сарынды тілек – тостар, құлақты шыңылдатып, жаныңда отырған адамның сөзін естіртпейтін азан-қазан даңғырлаған шулы музыкалық аспаптардың ­дауысын шексіз зорайту қазақ тойының мәдениеті, көркі деп айта алмаймын. Қазір әлемде, үлкен алаңдарда, стадиондарда жиналған мыңдаған жастарды рок, поп музыканың ырғаққа толы дыбыс үстемдігі билеп-төстейді. Біздің тойхана, мейрамханаларымыз да солай. Тойдан екі шекең солқылдап, құлағың бітеліп, сөйлеуге шамаң келмей шығасың. Той иелерінде де, музыканттарда да дыбысты сезіну жоқ. Тыңдаушыларын қатты дыбыс­пен таңғалдырғысы келеді. Осындай, адамды есеңгірететін даңғазалықтың көрігін елірген той басқарушы асабалар одан ары «жындандыратынын» да тапқырлық деп қарау әбестік болар еді. Керісінше, тағы да мәдениеттің жетіспеушілігі. Бұл – көңілді болмасын деген емес, көрікті болсын деген ниет. Жалпы, қазақ қоғамында уақытты бағалау, уақытпен жүріп, тұру, уақытты дұрыс, тиімді пайдалану салты да тым солбыр. Уақыттың зырқырап, біздің жанымыздан өтіп жатқанын мүлдем ескермейміз. Дүниежүзінде уақытын босқа өткізетін аз ұлттардың бірі біз шығармыз. Жиын, тойларда сөз алған адам басқа жұрт тыңдап отыр ма, тыңдамай, жалығып отыр ма, онда жұмысы жоқ – алдыңғы сөзді тың сөздей етіп, созбалақтай береді. Абзалы – тойдың да белгіленген уақытында басталып, қонақтардың уақытында келіп, діңкесі құрығанша отырмай, уақытында рахметін айтып кетіп отырса, тойдың да етек-жеңі жинақы болар еді. Сөйте-сөйте, біздің тойларымыз да ұйымдастырылуы жағынан да, мазмұны жағынан да мәдениеттеніп, халықтың да рухани дәрежесі, санасы көтеріле түсер еді. Той өткізуді ешқандай регламент немесе рұқсат ауанына енгізудің қажеті жоқ. Ол әр азаматтың өзіне, өзінің ықыласы, шешіміне байланысты, бірақ бабалардан мұра болып келе жатқан тектілік, әдептілік қасиеттерін ұмытпасақ, бәрі де өз жөнімен ел тұрмысының жаңа мазмұнын жақсартуға үлес қосары да сөзсіз. Салт, сана, дәстүр – қоғамның тікелей ықпалымен, адамдардың бастамашылдығымен қалыптасатын ұғымдар көптеген адамдарға олардың дүниетанымына ықпалды болған жағдайда, әрине, ол қоғамның құндылықтары дәрежесіне көтеріледі. Шынайы, ұлттың мәртебесін ұлықтап, өмірінің сапасын рухтандыратын құндылықтардың құлдырауы Төрегелді Шарманұлы сияқты ел ағаларын толғандыруы, ашық пікірін айтқызуы – ол да бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанымыздың демократия жолындағы жақсы жетістігі. Келелі ойдың ортаға түсіп, келісті сөзді шашаусыз тыңдай білгеннен де ұтарымыз көп болмақ. Абзал ағаның мақаласына газет сайтында үн қосқандардың көп болғаны да (ол пікірлер «Егемен Қазақстанның» 2015 жылғы 19 наурыз күнгі нөмірінде жарияланған – Ред.) сондықтан деп білемін. Төкең ашынып айтқан қолайсыз көрініс­тер ұлтымыздың тектілік, әдептілік, жауап­кершілік тәрізді асыл қасиеттерінен адасып жүргендігімізден, білімсіздігімізден, көп нәрседе артта қалушылығымыздан болып отырғанын түсіне алсақ қоғамның, болашақтың сапасын жақсарта аларымыз да хақ. Ол өзіміз үшін, өз ұлтымыздың, жас ұрпақтың болашағы үшін керек. Қуаныш СҰЛТАНОВ, Парламент  Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы Саяси Кеңесінің Бюро мүшесі.