Фото: Үкімет, телеграм
Өткен күзгі-қысқы кезеңде Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесінде тұтыну максимумы 2025 жылғы 18 желтоқсанда тіркеліп, 17 724 МВт-ты құрады. Бұл алдыңғы 2024-2025 жылдардағы кезеңмен салыстырғанда 3%-ға немесе 521 МВт-қа жоғары.
Жалпы, 2025 жылдың қорытындысы бойынша электр энергиясын тұтыну көлемі де айтарлықтай артқан. Атап айтқанда, 2024 жылмен салыстырғанда 4,6 млрд кВтсағатқа немесе 3,8%-ға өсіп, 124,6 млрд кВтсағатқа жетті.
Электр энергиясын өндіру көрсеткіші де оң динамика көрсеткен. 2025 жылы өндіріс көлемі 5,2 млрд кВтсағатқа немесе 4,4%-ға артып, 123,1 млрд кВтсағатты құрады. Бұл елдегі энергияға деген сұраныстың артып отырғанын және генерация мүмкіндіктерінің кезең-кезеңімен күшейіп келе жатқанын аңғартады.
Ірі энергетикалық нысандардан тарайтын зиянды шығарындылар 35 пайызға азаяды
Алдағы кезеңге болжам да нақтыланды. Мамандардың бағалауынша, 2026-2027 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңде максималды тұтыну көлемі 18,2 ГВт деңгейіне жетеді. Осы жүктемені еңсеру үшін ірі электр стансалары нақты режимде жұмыс істеуге тиіс. Атап айтқанда:
– Екібастұз ГРЭС-1 – 8 блок;
– Екібастұз ГРЭС-2 – 2 блок;
– «ЕЭК» АҚ – 7 блок;
– Жамбыл ГРЭС-і – 4 блок, оның ішінде бір резервтік блок тұрақты дайындықта болуы қажет.
Сонымен бірге, тұрақты энергиямен қамту үшін бірқатар маңызды міндет айқындалды. Жоспарланған жаңа қуаттарды іске қосу, соның ішінде Түркістан және Қызылорда бу-газ қондырғылары, Алматы ЖЭО-2 мен ЖЭО-3 жаңғырту жобалары уақытылы аяқталуға тиіс.
Бұдан бөлек, негізгі генерациялайтын және электр желілік жабдықтарды жөндеу жұмыстары жүйелік оператормен келісілген мерзімде толық орындалуы қажет. Жылу электр стансаларында көмірдің нормативтік қоры қамтамасыз етіліп, газ электр стансалары үшін көгілдір отынның үздіксіз жеткізілуі де басты назарда болады.
Сондай-ақ, Жамбыл ГРЭС-ін жеткілікті көлемде отынмен және салқындатқыш сумен қамту мәселелері алдын ала шешілуі тиіс. Бұл алдағы маусымда тәуекелдерді азайтып, энергетикалық жүйенің тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.