2015 жылғы 12 тамыз, Астана, Үкімет Үйі
«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын өткізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 5 наурыздағы №181 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы
Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын өткізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 5 наурыздағы № 181 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2014 ж., № 15, 126-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын өткізу қағидаларында:
6-тармақта:
бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«6. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, сондай-ақ Астана, Алматы қалалары және облыстар әкімдерінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиялардың қолдауымен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі конкурстың ұйымдастырушылары болып табылады.»; мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Конкурс Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың жәрдемдесуімен өткізіледі.»; 14,15-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«14. Аудандық (қалалық) комиссия конкурсқа қатысу үшін өтінімдерді қабылдау аяқталған кезден бастап бір айдан аспайтын мерзімде аудандық конкурстың жеңімпаздарын айқындау жөнінде алынған ақпаратты жан-жақты тексеруді жүзеге асырады, содан кейін екі жұмыс күні ішінде аудандар (қалалар) әкімдерімен келісілген төрт қатысушының (отбасының) конкурстық материалдарын өңірлік комиссияларға жібереді.
15. Өңірлік комиссиялар аудандық (қалалық) комиссиялардан материалдарды алған кезден бастап бір айдан аспайтын мерзімде екі үздік отбасын іріктеуді жүргізеді, қажет болған жағдайда ұсынылған материалдарға қосымша тексеруді жүзеге асырады және облыстық конкурстың жеңімпаздары айқындалғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде Астана, Алматы қалаларының және облыстардың әкімдерімен келісілген өз шешімдерін осы Қағидалардың 10-тармағында көзделген құжаттар топтамасымен бірге, «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының лауреаты атағын беру жөніндегі комиссияға (бұдан әрі – комиссия) жібереді.»;
16-тармақтың 6) тармақшасы алып тасталсын;
17,18-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«17. Комиссия өңірлік комиссиялардың ұсыныстарын алқалы түрде қарағаннан кейін 10 күн ішінде бағдарламалар циклын әзірлеу үшін мемлекеттік телеарнаға іріктеу туралы, сондай-ақ лауреат атағын тағайындау жөніндегі үміткер отбасылар туралы материалдарды жолдайды.
18. Жеңімпаздарды іріктеуге смс-хабарламалар және интернет-ресурс арқылы интерактивті дауыс беру жолымен елдің барлық тұрғындары белсенді түрде қатысады.
Интерактивті дауыс беру мерзімдерін конкурс ұйымдастырушылары айқындайды.».
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.МӘСІМОВ.