18 Тамыз, 2015

Қазақстанның атом энергетикасы: Қазба ураннан АЭС-ке дейінгі толық цикл

3097 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Атом энергетикасы-1Қазақстан Республикасының Президенті 2014 жылғы 11 қарашадағы «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына  Жолдауында «Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк тарапынан 2014 және одан кейінгі екі жылда әлемдік экономиканың дамуында болжам төмендеу жағына қарай қайта қаралғаны белгілі. Сондықтан кейбір позицияларды жедел түрде қайта қарап, сондай-ақ, алдағы кезеңдердің жоспарларына түзетулер енгізу қажет» екендігін атап өткен. Елбасының тапсырмасы бойынша Үкімет «Нұрлы Жол» Жаңа Экономика­лық Саясатын – дамудың ауқым­ды бағдарламасын әзірлеп, іске асыруда. Бұл экономикалық сая­сат контрциклдық сипатқа ие және отандық экономикадағы құрылымдық реформаларды жалғастыруға бағытталады. Әлемдік атом энергетикасы­ның дамуы өз бастауын КСРО-да 1954 жылы Обнинск қаласында ­қуа­ты небәрі 5 МВт болатын әлем­дегі алғашқы атом электр стансасын пайдалануға қосудан алады. ХХ ғасырдың екінші жартысында Еуропа мен Американың дамыған елдерінде, сондай-ақ, Жапонияда АЭС құрылысы қарқынды дами бастады. Соңғы екі ғасырдың аралығында әлемдегі жұмыс істеп тұрған атом блоктарының саны бірнеше жүзге жетті, бұл ретте кейбір елдерде атом энергиясының электр энергиясын өндірудің жалпы теңгеріміндегі үлесі едәуірге өсті, мысалы, Францияда – 75%-ға жуық. 2013 жылы әлемнің бар­лық АЭС-терінде 2359 тераватт-сағат (ТВт/сағ) электр энергиясы өндірілді, бұл әлемдік электргенерация көлемінің 11%-ға жуығын құрайды. Жаксалиев Б.М.Қазіргі уақытта әлемде жиын­тық қуаты 378 ГВт-қа (эл.) жуық 437 атом реакторы жұмыс істейді. Сонымен қатар, негізінен Азия өңірінде – Қытай, Үндістан, Оң­түс­тік Корея, Түркия, БАӘ және т.б. елдерде 67 блок салынуда. Атом энергиясы жөніндегі халық­аралық агенттіктің (МАГАТЭ) болжамы бойынша, болашақта 2030 жылға қарай әлемде атом қуатының көлемі 2 есе артпақ және 700 ГВт-дан асып түспек. Атом стансаларын кезең-кезең­мен жабуды жүзеге асырып, олар­­­ды алмас­тыруды іздестіріп жат­­қан ел­дер­дің өзінде ядролық энергетика ұлттық энергетикалық стратегияның құрамдас бөлігі болып қала береді. Атом энергия­сы көмірқышқыл газының шы­ға­рындыларын азайту жөнін­дегі ірі ауқымды шараларды іске асы­ру бойынша аздаған мүмкін­діктердің бірін береді. Бүгінгі таңда Қазақстандағы электр энергиясы өндірісінің басым бөлігі органикалық отын жағатын электр стансаларында шоғыр­ландырылған, бұл – белгіленген қуаттың 87%-ға жуы­ғы. Бұл ретте Қазақстанда электр энергетикасының қазіргі негізін көмірмен жұмыс істейтін ЖЭС құрайды, олар 74 %-ға жуық электр энергиясын өндіреді. Сонымен бірге, көмірмен жұ­мыс істейтін ЖЭС-терде күкірт­ті газ, азот оксиді, көмір­тегі, көмір­сутегі және күл тоза­ңы­нан тұра­тын зиянды зат­тар­­дың жылдық жиынтық шыға­рындылары 1000 МВт болып бел­гіленген қуат­қа 165 мың тоннаға дейін құрай­тындығын айта кету қажет. Мұн­дай шығарындылар АЭС-те мүл­де жоқ. Бұдан бас­қа, көмірде әр­дайым табиғи радио­­ак­тивті заттар болады және кө­мір жанған кезде олар тұтас­­тай сыртқы ортаға түсе­ді. Осы­лайша, қоршаған ортаны ластау деңгейімен байланыс­ты ЖЭС-тен ке­летін нақты қа­уіп АЭС-тен келетін ықтимал қауіп­тен анағұрлым жоғары, яғни қа­лып­ты жұмыс істеген жағдайда атом стан­сасы ең таза базалық энер­гия көз­дерінің бірі болып табылады. Дамыған бірқатар елдердің энергетика саласын дамыту бағ­дарламаларына жасалған талдау Қазақстан Республикасының әртүрлі энергия көздерін үйлесімді пайдалануға бағытталған, жалпы және экологиялық қауіпсіздікке кепілдік беретін, экономикалық тиімділік қағидаларын бірік­ті­ретін энергетика саласын дамыту стратегиясына түзету енгізудің маңызды екенін көрсетеді. Бүгінде Қазақстан ядролық энергетика бағдарламасын іске асыру туралы шешім қабылдаған және белсенді түрде қажетті ин­фра­құрылым құрып жатқан елдер­дің санатына жатады. Атом электр стансаларын салу қажет­тігі жайлы Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Н.Ә.Назар­баев өзінің сөйлеген сөзде­рінде бірнеше рет атап көрсетті. Қазіргі уақытта Қазақстан таби­ғи уран өндірісі бойынша әлемде көш бастап келеді. 2009 жылы еліміз уран өндірісі бо­йынша әлемде бірінші орынға шығып, табиғи уранның әлемдік нарығында өзінің озық позициясын сақтап тұр. Қазақстан әлемдік уранның 40%-ға жуы­- ғын шығарады. Барланған уран қорының көлемі бойынша Қазақ­стан әлемде 2-ші орында: барлық барланған уранның әлемдік қорының 12%-ы немесе шамамен 875 мың тоннасы Қазақстанның жер қойнауында шоғырланған. Қорлардың басым бөлігі уран мөлшері 0,1 %-дан аз кемітілген рудаларға жатады. Дегенмен, кен орындарын жерасты ұңғымалық сілтісіздендіру әдісімен өңдеудің бірегей тәсілі Қазақстанның кен орындарына өндірудің өзіндік құны бойынша кен орындарына бай Канада және Австралиямен бәсекелес болуына мүмкіндік береді. Бұдан басқа, дәстүрлі тау әдісімен салыстырғанда кен орындарын жерасты ұңғымалық сілтісіздендіру әдісімен өңдеу қоршаған ортаға келтірілетін зиянды айтарлықтай азайтады, қан­дай да бір шаң бөлу көзде­рін толығымен болдырмайды және радио­активті заттардың атмос­фераға таралуын ондаған есе азай­тады. Қазақстан Республикасында уран өндірісін белсенді түрде арттыру кезеңінен кейін атом саласындағы басым бағыт жеке ресурстық базаны пайдала­натын аяқталған ядролық отын циклін құру болып табылады. Атом өнеркәсібінде циклді тұйықтау мен жоғары технологиялық қай­та бөлуді іске асыру үшін Қазақ­станда қазірдің өзінде ма­ңыз­ды артықшылықтар – ресурс­тық база мен технологиялар бар. Қазіргі кезде «Қазатом­өнер­кәсіп» ҰАК» АҚ тігінен инте­грацияланған ядролық отын циклі кешенін құру жұмыстарын жүргізуде. Уран өндіру және отын таблеткаларын шығару сияқты қолда бар цикл буындарын пайдалана отырып, қазіргі уақытта әлемдік жетекші компаниялармен серіктестікте уранды конверсия­лау және байыту, жылу бөлгіш жинақтарды шығару саласындағы бірлескен жобалар бойынша жос­парлар іске асырылуда. Қазақстанда Үлбі металлургия зауыты орналасқан, онда атом энергетикасының, электрон­ды, аэроғарыш, металлургия өнер­кәсібінің және басқа да қыз­мет сала­ларының қажеттері үшін жо­ғары технологиялық уран, бериллий, тантал өнімі шығарылады. Зауыттың АЭС-терге арналған ядролық отын құрауыштарын жасап шығару технологиялары бойынша 50 жылдан астам тәжірибесі бар. Бүгінде зауыт уран диоксиді ұнтақтары мен отын таблеткаларының сертификаты бар өндірушісі болып табылады және құрамында ураны бар өнімді АҚШ, Еуропа, Қытай және Жапонияның әлемге танымал жетекші компанияларына жеткізеді. Болашақта зауытта азия­лық аймақтың АЭС-тері үшін жеткізілетін ядролық отын шығаратын өндіріс құру жоспарлануда. Бұл зауытты құру кезінде барынша техникалық дамыған елдердің қатарына кіретін елдерде ғана бар қазіргі заманғы ядролық технологиялар пайдаланылады. Атом саласының ғылыми-тех­никалық аясы «Ұлттық ядро­лық ор­талық» РМК, «Ядролық фи­зи­ка инс­титуты» РМК, «Қаз­атом­өнеркәсіп» ҰАК» АҚ (Жоға­ры тех­нологиялар институты), «Ядролық технологиялардың қауіп­сіздігі» ғылыми-техника­лық ор­талығы сияқты маман­дан­ды­рылған ғылыми және тех­ни­калық ұйымдарда шоғыр­лан­ған. Бұл ұйымдар энергетикада, өнер­кәсіпте, медицинада, ауыл шар­уа­шылығында қазіргі заман­ғы ядролық-физикалық технологияларды тиімді дамыту мен енгізуге негіз болып табылады және атом энергетикасын дамыту мен оның қауіпсіздігі сала­сындағы зерттеулерді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, Қазақстанның ядро­­лық-энергетикалық қондыр­ғыларды пайдаланудағы тәжі­ри­бесі мол екенін айта кеткен жөн. 1972-1999 жылдары Кеңес Одағындағы алғашқы шапшаң нейтрондардағы тәжірибелік-өнеркәсіптік реактор – БН-350 реакторы пайдаланылды. Қазіргі уақытта оны пайдаланудан шы­ғару жүзеге асырылуда. Қазақстанда атом саласын бас­­қарудың дамыған мемле­кет­­тік құрылымы бар. Бүгінде жуық­та құрылған Энергетика минис­­трлігі атынан Қазақстан Респуб­­ликасының Үкіметі атом энер­гиясын пайдалану сала­сын­дағы мемлекеттік саясат­ты іске асыру үшін жауап­кер­­ші­лікті міндет атқарады. Қазір­гі уақытта қолданыстағы құры­лым­ға қосымша атом электр стан­­са­сын салуға арналған маман­дандырылған басқарушы компания құрылуда. Қазақстанда атом электр стансасын салу мәселесі соңғы 20 жыл ішінде қаралып келе жатқанын айта кеткен жөн. 1997 жылы елдің құзырлы органдары Балқаш көлі жанындағы Үлкен кентінің ауданында қуаты 640 МВт болатын АЭС салу мәселесін зерделеген болатын. Техникалық-экономикалық негіздеме әзірленді (ВВЭР-640 реактор қондырғысы негізінде), алайда оны салу туралы шешім қабылданған жоқ. 2006 жылы Ақтау қаласында АЭС құрылысының жобасын іске асыру үшін «Атом стансалары» Қазақстан-Ресей компаниясы» АҚ құрылды. Кәсіпорын «Маңғыстау облысында ВБЭР-300 реактор қондырғысы бар атом стансасын салу» ТЭН-ін әзірледі. ТЭН мемлекеттік экологиялық сараптаманы қоса алғанда, заңнамамен белгіленген келісулер мен қоры­тындылардан өтті. Кейіннен жоба жө­ніндегі жұмыстар Ресей Федерациясымен ВБЭР-300 реактор қондырғысындағы АЭС-ті бірлесіп жобалау және салу жөнінде үкіметаралық келісім қабылдау қажеттігіне байланысты тоқтатылды. 2006 2009 ж.ж. Ұлттық ядро­лық орталық Қазақстан Респуб­ликасында АЭС салуды негіздеуде техникалық-экономикалық зерт­теулер орындады. Бұған де­йін орындалған зерттеулердің нәти­же­лері Қазақстандағы АЭС-тің орна­ла­сатын жері мен конфигура­циясын таңдауға негіз болды. Он­ың үстіне Қазақстан энерго­жүйе­сінің конфигурация­сы мен оның дамуын, сонымен қатар, ядролық реакторлар жобаларының қазіргі заманғы дамуын назарға ала оты­рып, болашақ АЭС-тердің құра­мында бірлік қуаты 600 1000 МВт жеңілсулы реакторларды пайдаланудың мақсатқа лайықтылығы анықталды. 2013 жылы Президенттің тап­сырмасымен Үкімет комис­сиясы мен үкіметаралық жұ­мыс тобының АЭС орналасатын жерді таңдау жөніндегі жұмы­сы ұйымдастырылды, жұмыс нәтижесі бойынша стансаның орналасатын аудандары мен реак­тор­дың типі жөнінде кеңес­тер берілді. Жұмыс тобының негізгі шешімі Балқаш көлінің жағалауының оңтүстік-баты­сын­дағы Үлкен кенті АЭС орналастыру үшін барынша қолайлы орын деген тұжырым жасады. Сол сияқты, атом стансасын салуға еліміздің солтүстік-шығысында орналасқан Курчатов қаласының да ауданы жарамды болып табылады. 2014 жылы мамырда Қа­зақ­стан Республикасында атом электр стансасын салу бойынша бірінші кезекті іс-шаралар жоспары бекітілді. Жоспарға сәйкес екі аудан үшін (Курчатов қ. мен Үлкен к.) АЭС салудың техникалық-экономикалық негіз­демелері әзірленеді, олардың нәтижелері бойынша жергілікті биліктің өкілетті органдарының көзқарасын ескере отырып, Қазақ­стан Үкіметінің АЭС салу туралы түпкілікті шешімі қабылданады. Атом энергетикасын құру кез келген мемлекет үшін ауқымды, қымбат әрі өте күрделі міндет екендігі сөзсіз. Бұл ретте, қазіргі заманғы АЭС техникалық дең­гейі, белгіленген қуатының пай­даланылу коэффициенті, қауіп­сіздік және басқару жүйесі жа­ғы­нан өте қатаң талаптар шең­­­берінде және де бүтіндей алған­да, МАГАТЭ мақұлдаған ең жо­­ға­рғы ха­лық­аралық өл­шем­дер­дің деңгейінде бола­тын­ды­ғын атап айтқан жөн. Бү­гін­гі таң­да Қазақстан ядролық тех­нология­лардың негізгі әзірлеушісі және жеткізу­шісі болып табылатын елдер­мен ынтымақтастықты кеңі­нен қалыптастыруға мүм­кіндік беретін бірқатар халық­аралық келісімдер бекітті. Сөз соңында Қазақстанда АЭС пайдалану елдің энергетикалық қауіпсіздігін ұзақ мерзімді перс­пективада қамтамасыз етуге, сонымен қатар, зиянды заттардың қоршаған ортаға шығуын азай­туға, қорыта келгенде, Қазақ­станның әлемнің бәсекеге қабі­летті 30 елінің қатарына кіруіне ықпал ететінін атап өткен жөн. Бақытжан ЖАҚСАЛИЕВ, Энергетика вице-министрі.